Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Білім негізі бастауышта қаланады

570 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамандығым мұғалім болғандықтан ба екен, ара-тұра мектепке соғып тұрғанды ұнатамын. Бірде жолым түсіп, Қостанайдағы №24 «а» қазақ бастауыш мектебіне бардым. Еңселі де сәулетті ғимараттың іші кірсе шыққысыз. Жылы, жинақы, тап-таза. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваға оқушылармен кездесіп, әңгімелескім келетінін айттым. Ол кісі 3 «а» сыныбына бас­тап келді. Балалармен кездесіп, танысып, білістік. Оқулары жайлы сұрағанымда бәрі жапа-тармағай «жақсы оқимыз» деп жауап берді.

Білім негізі бастауышта қаланады

Бір сәт үнсіздіктен кейін өзім ала келген «Ұлан» газетін көр­сетіп, «мұны жаздырып аласың­дар ма?» дегенімше біразы қол­дарын көтеріп те үлгерді. 14 оқу­шы алады екен, риза бо­лып қалдым. Әңгімені газет тө­ңі­регінде өрбітіп, оның оқушыға берері мол екенін, ой-өрісіңді ке­ңейтіп, көптеген жайттан хабардар ететінін әңгімеледім. «Міне қараңдаршы, жер-жерден газет­тің жас достары хат-хабар жолдап, мектептегі жаңалықтар, ауыл-қала өмірінің тыныс-тір­шілігі, танымал тұлғалармен кездесу сәтін жазып жатады. Өлең­дер мен шағын әңгімелер, суреттер мен санжұмбақтар, жұмбақ, жаңылтпаштарын жолдайды».

Өз басым осы газетті үзбей оқып отырамын. Сондағы бір бай­қағаным, біздің өңірден жазатындар некен-саяқ. Оқта-текте Аманкелді, Торғай, Арқалық аудандары жақтан материалдар кезігеді. Науырзым ауданының Қожа ауылынан жазған бір мақаланы көзім шалғаны бар. Мектепте өтіп жататын кештер, өндіріс озаттарымен, соғыс ар­дагерлерімен кездесу, оқу озат­­тары, белді спортшы­лар тура­лы неге жазбасқа? Міне, балаларға осылайша ой ұсын­дым.

Бүгінгі ата-аналардың бәрі бі­лімді, алайда көбі баласының оқуына көңіл бөлмейді, салғырт қарайды. Көптеген ата-ана бала­ларының газет-журналға жазылуына көңіл бөлмейді. Бұл басылымдар ой-өрісіңді кеңейтіп, дүние-танымыңа ықпал етеді. Өкініштісі, кейбір ата-ана осыны ескермейді-ау.

– Қаладағы бұл білім ордасында 600-ден астам бала тәлім-тәрбие алып, білім негізінен сусындауда. Осында басқа ұлттың 9 баласы оқиды. Білімнің берік негізі бастауышта қаланатыны белгілі. Бұл мектепте 40 мұғалім жұмыс істейді, бәрі дерлік жоға­ры білімді, тәжірибелі ұстаздар. Мұғалімдердің қажырлы еңбе­гінің нәтижесі болса керек, шәкірттердің тең жартысы «4» пен «5-»ке оқиды. Информатика, дене шынықтыру, бейнелеу өнері, хореография сабақтарын арнаулы білімі бар мұғалімдер жүргізеді. Орыс және ағылшын тілі сабағында сынып топқа бөл­інеді. Мектепті жақсы бітір­гендер сынақ арқылы қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектеп-интер­на­ты мен С.Мәуленов атын­дағы мектеп-гимназияға қабыл­данады. Енді бір топ оқушы қалаулары бойынша әскери оқу орнына түсуге дайындайтын кадет сыныбында оқуын жалғастыруда. Жасыратыны жоқ, оқушылар арасында оқи алмайтын, ойын толық жеткізе алмайтындар бар. Содан да олардың білім деңгейі төмен. Тіл білмеген балаға оқу қона ма? Көптеген ата-ана баламен жұмыс істеуге енжар, – дей­ді директордың оқу ісі жө­ніндегі орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева. Иә, бұл ащы да болса шындық. Ата-ана мен мұғалім бірлесе жұмыс істесе ғана көпшілік түзетілер болар.

Мектеп қалада өтіп жататын түрлі байқаулар мен кон­курстарға, турнирлерге, сайыс­тарға қатысып, жүлделі орын­дарға ие болғанын айтқан жөн. Мәселен, 2012-2013 оқу жылында қала рейтингінде мектеп 1-орынға шығып, бір миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Мектеп шахматшылары екі жыл қатарынан І, ІІ орынды жеңіп алды. Көркемөнерпаздар байқауында жүлделі ІІ орыннан көрінді. Барлық жетістіктерді санамалап шығу мақсат емес, олар көп-ақ. Оқушылар түгел ыстық тамақпен қамтылған. Тұрмысы төмен 18 отбасының балалары бюджет есебінен тегін тамақтанады. Тағамдар нәрлі, жеміс-жидек, салат үнемі болады, бағасы қымбат емес. Осында дәмхана да жұмыс істейді.

– Бізде ұлағатты ұстаз атанып, ата-аналардың құрметі мен ілтипатына бөленген мұғалімдер көп-ақ. Ботакөз Дөненбаева, Сағила Әлімбаева, Балдырған Ра­баева, Ляззат Кәрімова, Роза Тәттібаева, директордың оқу және тәрбие жұмыс жөніндегі орынбасарлары Г.Сәрсенбаева мен Н.Қасенова және басқалар шәкірттердің жүрегіне жол тауып, олардың оқу-білімге деген құштарлығын арттыра білетін майталман ұстаздарымыз, – дей­ді мектеп директоры Сәуле Елеусізқызы Кәрімова.

Иә, шынында білікті басшы мұғалімдердің шығарма­шы­лықпен жұмыс істеуіне қолайлы ахуал туғыза біледі, бұл олардың жемісті жұмыс істеуіне игі ықпал ететіні хақ.

 

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Қостанай