Әлем • 04 Ақпан, 2020

Коронавирус дертінен көз жұмғандар саны көбейді

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайда коронавирусқа шалдыққандардың саны 20 438-ге жетті. Бір тәуліктің өзінде 3235 адам ауру жұқтырған деп тіркелген. Бұл туралы Қытай билігі хабарлады.

Коронавирус дертінен көз жұмғандар саны көбейді

Вирус қазірдің өзінде 425 адамның өмірін қиды. Бір күн бұрын 17205 жағдай тіркеліп және оның 361-і қайтыс болғаны туралы хабарланған. Өткен тәулік ішінде тағы 57 адам қайтыс болды - бұл эпидемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда олардың саны 64-ке жетіпті.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа коронавирус індетінің шынайы ауқымы әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.

Lancet медициналық журналында жарияланған зерттеу материалында келтірілгендей, індет бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тез таралуы мүмкін.

Бүкіл әлемнің назарын аударған бұл вирустың шығуы және оның қазірдің өзінде келтірген шығындары есептеліп жатыр.

Ресейде вирустың өршуі нарықтағы тұрақсыздыққа, рубльдің әлсіреуіне және Қытайдан өнімді жеткізуге байланысты мәселелерге алып келді. Бірақ мұның бәрі алғашқы мәселелер ғана және ел экономикасы үшін зардаптардың нақты ауқымы эпидемияның қанша уақытқа созылатындығына байланысты болады.

Қазақстан экономикасы үшін соның ішінде Ұлттық банктің алдағы кездегі жұмысының қалай өрбитіні жайлы бүгінгі Алматыда өткен баспасөз жиынында Ерболат Досаев айтты.

«Бүкіл әлем локализацияны қалайды. Бұл мәселе тек қытайлық проблема емес екенін бәріміз түсінеміз. Әлемдік қауымдастық, Қытай экономикасының даму тұрақтылығына өте мүдделі. Бүгінгі таңда біз үшін қажетті шешімдер қабылдау үшін мәселелерге мұқият бақылау жүргізу қажет. Коронавирус мәселесі жаһандық құлдырауды бастайтын маңызды триггер емес. Мұндай жағдайда   дүрбелеңге ұшырамай, күтуіміз керек деп санаймын, содан кейін жағдайды бағалағаннан кейін әрекет етеміз. Біз жағдайды мұқият қадағалайтын боламыз. Қытай біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі болғандықтан, бұл экспорт кірісінің азаюына әсер етуі мүмкін. Бұл фактордың әсері қысқа мерзімді болады деп санаймыз» деп түйіндеді ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы әлем екіге бөлінгенін атап өтті: Бұл барыннан бар құбылыстың саяси бояуы қалыңдап кетті. Әзірге  коронавирустық індет жаһандық экономикалық құлдыраудың қозғаушысы болады деген пікір басым. Бірақ Ұлттық банк төрағасының пікірінше, Қытай үкіметі қысқа мерзімде жеңе алады, жағдайдың асқынып кетуінің алдын алады.

 

Әйгерім ШАЯХМЕТ