Қазақстан • 04 Ақпан, 2020

Қазақстанда былтыр 50 мыңнан аса автокөлік шығарылды

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде бүгінгі таңда автомобиль жасау жалпы машина жасау саласы ішінде ең жоғары өсім көрсетіп отыр. Өткен 2019 жылы республика бойынша 359,5 млрд теңгеге 50 мыңнан астам көлік құралы шығарылды. Өндіріс өсімі 62,5% құрады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда былтыр 50 мыңнан аса автокөлік шығарылды

Нақты өндірушілерге келсек, 2019 жылы «Азия Авто» зауытында 20 мың автокөлік, «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорнында 25802 (жеңіл, жүк автокөліктері, автобустар мен арнаулы техника), «Hyundai Trans Auto» ЖШС-де 496 (автобустар, жүк техникасы), «КАМАЗ-Инжиниринг» ЖШС зауытында 994 дана көлік құралы, «Daewoo Bus Kazakhstan» зауытында 496 (автобустар, ГАЗель «Next») және «СемАЗ» кәсіпорнында 1851 техникалық құрал (жүк көлігі, автобустар, ГАЗель) шығарылды.

Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаты шығарылатынын айта кету керек. Елімізде жалпы 167 модель құрастырылады, оның ішінде 33 жеңіл автокөлік. Nissan, Peugeot, Kia, Skoda, Hyundai, Renault, GM, IVECO, Daewoo, Ravon, JAC, SangYong сияқты әлемге әйгілі брендтермен ынтымақтастық орнатылды.

Отандық автоөндірушілерді қолдау мақсатында өткен жылы коммерциялық техникаға утилизациялық жиын мөлшері арттырылды. Оған қоса, Ұлттық банктің жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша 5 жылдың ішінде 100 млрд теңге (жылына 20 млрд теңгеден) бөлінеді. 2019 жылдың қазан айындаалғашқы транш бөлінді. Нәтижесінде қаражатты револьверлік меңгеру әдісін есептегенде 101,5 млрд теңгеге 19946 дана көлік құралы сатылды. 

Бұл бағдарлама тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие екенін айта кету керек. Республика бойынша орта есеппен алғанда автокөлікке деген қажеттілік 65 мың дананы құрайды.