Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Алматы облысы: Мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырған

618 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында жүргізілген сараптама нәтижесінде өңірдегі әрбір алтыншы сыбайлас жемқорлыққа қатысты дерек мемлекеттік сатып алу саласына қатысты екендігі анықталған. 

Алматы облысы: Мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырған

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі облыстық департаментінің мамандары мәлімдеуде. Мониторинг көрсеткендей, мемлекеттік сатып алу саласындағы жең ұшынан жалғасу жыл өткен сайын тамыр жайып, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы ымырласу дәстүрге айналып отыр екен. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары өңірдегі мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істеп отырған 18 000 тапсырыс беруші мен 80 000 қызмет көрсетушінің қызметіне талдау жасаған. Нәтижесінде бұл саладағы әрбір алтыншы жұмыс күдік туғызған.

- Мемлекеттік тапсырыс бойынша орындалған әрбір алтыншы жұмыс күмән тудырып отыр. Бұл жерде тараптардың ымыраласып сөз байласуынан бастап, техникалық мінездеме жасаудағы өрескел қателік, жұмыс атқарылғаны жөніндегі жалған актілер және ұсынылатын бағаны қасақана төмендету, жоғарылату сияқты факторларды ескеру керек. Нәтижесінде, облыстағы мемлекеттік сатып алуға жұмсалған қаржының біраз бөлігі, атап айтқанда 5 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған деген қорытынды жасап отырмыз, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев.

Айтпақшы, Алматы облысындағы мемлекеттік тапсырыс жүйесі бойынша жұмсалған мемлекет қаржысы соңғы 4 жыл көлемінде 1,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін көбейген.