Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Жамбыл облысында басқарма басшысы қамауға алынды

1858 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариев ағымдағы жылы 1 ақпан күні екі ай мерзімге Уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Басқарма басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Жамбыл облысында басқарма басшысы қамауға алынды

Тараз қаласы мамандандырылған тергеу сотының мәліметінше, мекеме басшысына Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» деген айып тағылып отыр. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бұл мәселеге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жеңіс Сариев көрсетілмеген қызмет үшін жеке кәсіпкерлік арқылы жүйелі түрде қаржыны аударып, кейін ол ақшаны қолма-қол ақшаға ауыстыру арқылы, сондай-ақ, іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаға жалақыны заңсыз есептеу және төлеу арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Енді күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайтын болады.

Айта кетейік, соңғы кезде Жамбыл облысы әкімі аппараты инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген Жеңіс Сариев 2019 жылы 24 шілде күні Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған болатын.

 

Жамбыл облысы