Қоғам • 04 Ақпан, 2020

Елордада ертең боран мен көктайғақ болуы мүмкін

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының өзгеруіне байланысты елордалықтардан қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Елордада ертең боран мен көктайғақ болуы мүмкін

Суретті түсірген: Ерлан Омар «EQ»

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 5 ақпан күні елордада көктайғақ күтіледі.

Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с. Дауылдың ықтималдығы 85-90 % құрайды. Астаналықтарға көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалардан, ЭЖЖ және сымдардан алыс жүру ұсынылады.

Сондай-ақ үйдегі барлық терезелерді жауып, жұмыс берушілер құрылыс-монтаж жұмыстарына шектеу қойғаны дұрыс.

Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратқа кіріп, жел басылғанға дейін жасырыну қажет. Қауіпсіздік мақсатында биік өкшелі аяқ киімнен бас тартып, мұз қатқан барлық жерлерді айналып өту мүмкіндігін қарастырған жөн.

Егде жастағы адамдарға резеңке ұштығы бар таяқ қолдануға кеңес беріледі. Жаяу жүргінші ауыр сөмкелерден бас тартып, құлау ықтималдығын арттырмас үшін қолды қалтаға салып жүрмеуі қажет.

Денсаулыққа зақым келген жағдайда дәрігер көмегіне жүгінген жөн.

Сондай-ақ төтенше жағдай туындаса, «112» нөміріне қоңырау шалу керек.