Абай • 05 Ақпан, 2020

Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың қайнары

1255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз қоғамдық дамудың тарихи сабақтастығын сақтай отырып, әлемдік өркениет өрістерімен үндестікте экономикалық, әлеуметтік күш-қуатын саяси тұрақтылық аясында күннен-күнге арттырып, халықтың тұрмыс сапасынның көтерілуін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ рухани жаңғыруымыз бен рухани өркендеуіміз өз жалғасын табуда.

Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың қайнары

Осы ізгі мұраттар бағытында ұлы хакім Абайдың туғанына 175 жыл толу қарсаңында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақ­стан» атты мақаласы жарияланып, қазақстан­дықтардың қызу қолдауы­на ие болды. Бұл орайда мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Абай мұраларының мәні жөніндегі бағдарламалық сөздері өркенді дамуымызда бағдаршамдай бағдар көр­сетеді. «Ақын ел-жұртын түрлі өнер­ді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыт­тың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлт­ына ертерек үн қатты. Тіпті қазір ай­тып жүрген интеллектуалды ұлт қалып­тастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сө­зі­мен ұлттың өресін өсіруді көздеді».

Міне, осы мақсатқа қызмет ете­тін еліміздегі көптеген ғылыми ұйым­дардың бірі – БҒМ ҒК қарасты Ақ­парат­тық және есептеуіш технологиялар институты да «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақала идеяларын басшылыққа алып, ұлы Абайдың 175 жылдығына танымдық-тәлімдік іс-шаралар белгілеп атқаруда.

Қоғамымызды ақпараттандыруды мо­дельдеу, оны басқару салаларында ір­гелі зерттеулер мен қолданбалы әзір­ле­ме­лер жасау мақсатында жұмыс іс­тей­тін ғылыми-зерттеу институты да түп­­­теп келгенде, елімізде интеллек­туал­­­ды ұлт қалыптастыруға септік етеді.

Ұлы Абай да үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне тілеулес болып, өз шығармаларында осы идеяны ба­рынша насихат етті. Ілгерілеудің не­гізі білім мен ғылым екенін айтты. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үй­ренгенін бар жан-тәнімен қала­ды. Ғұ­ламаның бұл ойлары бү­гін де өзекті екенін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «XXI ғасырдағы ғылым­ның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз», деп жазды.

Бұл жолда ғылыми әлеуеттілікпен бірге оның иелері – ғалымдардың да жеке басының ерік-жігері, рухани мықтылығы маңызды.

АЕТИ қызметкерлерінің, әсіресе, жас ғалымдарымыздың, докторант­тар мен магистранттарымыздың қатысуымен «Абайды тану – өзіңді тану, елді тану» айдарында әдебиет зерт­теушілерімен кездесулер, өзара дебаттар, оқырмандар конференция­ларын, дөңгелек үстелдер ұйымдас­тыруды жоспарлап отыр.

Идеялар – қоғамды, сондай-ақ оның мүшелерін де қозғайтын күш. Абай идеяларын да интеллектуал­ды ұлт қа­лыптастыруда алға ұмтыл­дыру­шы күш деп танимыз. Жас ғалым­дарымызды ғылым шыңдарына талпындырып, Абаймен ақылдасуға талаптандырып отырамыз. Бұл ізгі ниеттеріміз Абай жылымен шектелмей, ғылыми өмір салтына айналуына қол жеткізу – асыл мұратымыз деп білеміз. «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» әрбір ғалымның адами-азаматтық сипаты болуына ұмтылып келеміз.

Қорыта айтқанда, Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғы­лым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп, ғылымды адамдықтың басым сипаттарының бірі етіп көрсетеді, оны алдыңғы орынға шығарады. Отыз бірінші қара сөзінде «ақыл мен ғылым­ды тоздыратын» уайымсыздық, сал­ғырт­тық, ойыншыл-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құ­мар­лықтың пайда болуы сияқты ой кесел­дерінен сақтандырады. Ол үшін: «Адам көңілі шын мейірленсе, бі­лім, ғылымның өзі де тезірек қолға тү­седі» деп, ғылымға ынталы, талапты, табанды болуға шақырады. Ал білім мен ғылым – интеллектуалды ұлт қалып­тастырудың басты құрамы екені аян.

 

Мақсат Қалимолдаев,

ҚР БҒМ ҒК Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының бас директоры