Қоғам • 05 Ақпан, 2020

Елорда жастары Волонтер жылына дайын

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордалық волонтер­лер Жастар сарайында бас қосты. Волонтерлердің алғаш­қы тимбилдингіне – ұжымдасқан іс-шараға мектеп оқушы­ларынан бас­тап, колледж, универ­ситет студенттері қатысты. Жас­тар спорттық жарыс­тарда бақ сына­сып, түрлі ойындар ойнады.

Елорда жастары Волонтер жылына дайын

«Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Дәулет Кәрібек волонтерлер басқосуы жақсы команданың, өнімді жұмыстың негізі екенін айтты. «2020 жыл Волонтер жылы деп белгіленгеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласында Волонтерлер штабы құрылды. Ізгі іске ниетті кез келген жас штабқа келіп өтініш бере алады. Ұжымдық іс-шара аптасына екі рет өтеді. Волонтерлік қызметке қызыққандарды алдымен осында шақырып, бір-бірімен таныстырып команда жасаймыз. Әрқай­сысының икеміне қарай 7 топқа бөлеміз. Бел­сенді 500 волонтер бар, ал жалпы 2000-ға жуық волонтер тіркелген. Олар­ды дайындайтын арнайы тренерлер де бар», деді Д.Кәрібек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тимбилдинг 7 кезеңнен тұрады. Әр кезең­нің ерекше тапсырмасы бар. Бұл тапсыр­малар да қатысушының бейімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №61 орта мектептің 11-сынып оқушысы Қанат Садық волонтерлікпен 15 жасынан бас­тап айналысатынын айта келе, бүгінгі шараға достарын қолдауға келгенін айтты. «Өзім 9-сыныптан бастап волонтерлікпен айналысамын. Эльмира Есмұханова есімді ұстазым үлкен жобаларға шақырып, өзімен бірге ертіп жүрді. Басында ата-анам түсінбеді, мұны уақытша қызығушылық деп қарады. Алайда жетістіктерімді, адамдарға жақсылық жасауға құлшынысымды көріп, ойын өзгертті. Мектеп түлегі ретін­де маңызды сындардың күтіп тұрға­нын түсінемін. Алайда волонтерлік уа­қытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Үлкен ата-әжелерге көмектесеміз. Олар бізге шай беріп, алғысын айтады. Түрлі сенбіліктерге, халықаралық шараларға қатысып, қолдан келгенше көмек көрсетеміз», дейді Қанат.

Ал «Астана жастары» МҚМ волонтері Арайлым Сапарәлі еріктілер қатарына студент кезде қосылғанын айтады. «Волонтерлікпен айналысқаныма бір­неше жыл өтті. Студент кезімде басталған қызығушылық бүгінде өмірімнің бір бөлігіне, сүйікті жұмысыма айналды», дейді.

Жарыс жеңімпаздары марапатталып, мерекелік дастарқан басында таныстығын жалғастырды.