Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік маңызы жоғары істі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі АӘК берудің жай-күйіне талдау жасаудан бастап отыр. Бұл кезде өңірде АӘК алушылар арасындағы еңбекке қабілетті азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олардың қатарын тұрақты жұмысқа орналасқандар мен ақылы қоғамдық қызметке жолданғандар және әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілгендер құрайды. Сонымен бірге осы аралықта облыста жаңа кәсіби мамандықтарға әзірлеу үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмек беруге қатысты биыл қолданысқа енгізілген өзгерістер нөлдік циклдан басталмағаны белгілі. Сондықтан аталған басқарманың сарапшы мамандары алдыңғы жылдарда жинақталған тәжірибенің тиімді тұстарын АӘК-тің жаңа форматы жағдайында одан әрі пайдалана бергенді жөн санайды.
Былтыр өңірде осы оң істерге кереғар жайттар да орын алғанын жасырмаймыз. Бұл – бірқатар АӘК алушылардың өз табыстарын жасыру, формальды түрде жұмыстан шығу және жалған неке бұзу секілді теріс іс-әрекеттерге жол беру деректері. Анықталған тізім Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығына жинақталған. Осы тізімге сәйкес облыста кірісі мен шығысының арасында айырмашылығы бар АӘК алушылармен жеке түсінік жұмыстары жүргізілген әрі осы тұрғыда оңаша кездесулер өткізілген.
Соның нәтижесінде кірістерін жасырған 1505 отбасына төлем төлеу тоқтатылып, 1754 отбасына қайта есептеулер жүргізілді. Ал 229 отбасына тағайындалған төлем нақтылау барысында дәлелденбегендіктен өзгеріссіз қалдырылды. Сөйтіп аталған жұмыстардың нәтижесінде жалпы саны 61 отбасына 51,1 миллион теңге артық әрі негізсіз төленгені анықталып, бюджетке кері қайтарылды. Сонымен қатар облыс бойынша 2018 жылы 1 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін кірісі бар 143 жеке кәсіпкер АӘК алушылар қатарының бел ортасынан орын алыпты.
Арнайы құрылған комиссия олардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларына қайтадан тексеру жүргізіп, табыстарының мөлшерін анықтады. Соның нәтижесінде 18 отбасынан 2 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке кері қайтарылды. АӘК тағайындаудың биыл қолданысқа енгізілген жаңа форматы жағдайында мұндай «әттеген-айлардан» тиісті сабақ ала білу қажет. Бұл мақсатта биыл облыста АӘК беру мәселесіне жариялылық қағидаттарын орнықтыру үшін жаңа аймақтық жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік кірістер және Ішкі істер мен Әділет департаменттері, Прокуратура, Денсаулық сақтау мен Ауыл шаруашылығы басқармалары және ақсақалдар алқасы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енгізілген.
Сонымен бірге облыстың барлық ауданында учаскелік комиссиялардың құрамы қайтадан қаралып жасақталды. Қазір 161 учаскелік комиссия жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді. Сөйтіп теріс іс-әрекеттерге жол бермеудің мүлдем жаңаша тың жолдары белгіленді. Сондай-ақ жұмысы жоқтық масылдыққа әкелмеуі тиіс. Соған сәйкес әлеуметтік келісімшарттар толтырылды әрі оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту үшін ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса АӘК алушылардың кірісіне ассистенттер тарапынан ай сайын мониторингтік зерттеулер жасау тәртібі қолға алынды. Бұған қоса облыста атаулы әлеуметтік көмекке қайта есептеу жұмыстары жүргізілді, дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.
Тағы бір атап өтетін мәселе, биылдан бастап өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау критерийі белгіленді. Сондай-ақ учаскелік комиссиялардың құрамы түгелдей қайта жаңғыртылып, оларға заңнамалық құқықтар бекітілген.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов биылдан бастап учаскелік комиссиялардың қызметіне зор сенім артылып, үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап көрсетті. Олар апта сайын АӘК-ке мұқтаж отбасылардың жай-күйімен толықтай танысып, кірісі мен шығысын сарапқа салуда.
Иә, бұған дейін АӘК беру ісінде адам факторы да, сыбайластық сипатындағы көріністер де, бірқатар түсініспеушілік деректері де кездесті. Енді АӘК тағайындаудың жаңа тәртібі мұндай заңсыздықтардың жолын кеседі деген сенім бар.
АҚТӨБЕ