Спорт • 05 Ақпан, 2020

Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында осыған дейін бірнеше мәрте ел біріншіліктері, спартакиадалар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Бүгінде Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастаған қазақ күресінен Ақтауда өтетін чемпионат екі күнге созылып, 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер 10 салмақ дәрежесінде белдесуге түседі. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Қоғамдық коммуникациялар Орталығы хабарлады.

Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды

- Бұл жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және де 14 облыс құрама командаларынан 500-ден астам спортшы бақ сынасуға ниет білдірді. «Маңғыстау-Аренада» өтетін жарысты тамашалаймын деушілер үшін барлық жағдай жасалған, - деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев.

Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясы өзге өңірден келген балуандарға Маңғыстау облысының өлкетану мұражайы және Әбіш Кекілбаев атындағы музейді таныстырып, сондай-ақ теңіз жағалауына серуендеу шараларын ұйымдастырды.

Бүгінде өңірде қазақ күресімен 4014 палуан, оның ішінде 2815 спортшы ауылдық елді мекендерде шұғылданады. Облыс көлемінде 46 жаттықтырушы  білгенін балаға үйретсе, үйірмелер саны 82-ге жеткен.