Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

Ақ Жайықта ақбөкеннің жауы көп...

1611 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан бойынша ақбөкеннің ең көп сақталған жері – Батыс Қазақстан облысы. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылғы санақта анықталған 334 400 бас киіктің 217 мыңы – Орал популяциясында екен.

Ақ Жайықта ақбөкеннің жауы көп...

Қыруар қаражат бөлініп, мемлекеттік қорғауға алынғанымен, жез киіктің жауы да аз емес. «Охотзоопром» ӨБ республикалық мекемесінің күнделікті тарататын ақпаратына қарасаңыз, майдан даласының мәліметтеріне ұқсайды.

«2020 жылғы 30 қаңтар күні 19.15. сағат шамасында «Охотзоопром» ӨБ РМҚК Батыс аймақтық филиалының инспекторлары мен Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері бірлескен рейдтік іс-шара жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының аумағында атып өлтіріп, мүйізін кесіп алған 50-ге жуық киік ұшасын тапты. Оқиға орнына Жаңақала аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақыртылды».

«2020 жылғы 3 ақпанда сағат 00:05 шамасында БӨФ Орал және Бөкейорда ТП инспекторлары, БҚО Жәнібек ауданының аумағында қорғау іс-шараларын жүргізу кезінде Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округі Құрсай жерінде атқа мінген азаматтар ұсталды. «Nike» жазуы бар спорттық қызыл-қара түсті сөмкесінен киіктің 12 дана кесілген мүйізін тапты. Оқиға орнына Жәнібек АПБ ЖТҚ шақырылды. Бұл факт БҚО Жәнібек АПБ-де ҚР ҚК 339 б. 1 б. 03.02. 2020 ж. тіркелді».

Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық иснпекциясының дерегінше, Орал киік популяциясы киіктерінің мекендеу, көшіп-қону орны Батыс Қазақстан облысының 6 ауданын қамтиды. Бұл дегеніңіз Ақжайық, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда, Жаңақала және Тасқала аудандарының жалпы аумағы 4 миллион гектар жері. Дегенмен, киіктің ең көп бөлігі облыстың Жәнібек, Бөкей Орда және Қазталов аудандарында жүр. Сондықтан браконьерлер де осы төңіректі торлайтыны түсінікті.

- Санақ мәліметтеріне қарағанда соңғы жылдары бізде киік саны жақсы өсіп келеді. Оны қорғау үшін біздің инспекцияның Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі қызметкерлері «Охотзоопром» ӨБ» Батыс аймақтық филиалының инспекторларымен бірге киік жайлаған аймақты қорғап, күзету мақсатында бірлескен 34 рейдтік іс-шараға қатысты. Нәтижесінде киікті заңсыз ату бойынша 6 браконьерлік факті анықталды. 2019 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша киік жануарларын заңсыз ату, дериваттарын тасымалдаумен 26 факті анықталды. Құқық бұзушылардан киік жануарының 22 төшкесі және 733 мүйізі тәркіленді, - дейді Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық иснпекциясы басшысы Қайрат Қадешев.

Қазіргі таңда анықталған 26 қылмыстық істің 7-уі сотта қаралып, 9 адамның бас бостандығы 1-3 жылға дейін шектелген екен. 1 іс бойынша қылмыстық тергеу амалы қысқартылса, 1 іс уақытының өтіп кетуіне байланысты тоқтатылған. 17 іс бойынша әлі тергеу жүріп жатыр. Сот шешімімен 2 дана аңшы қаруы, 1 автокөлік және 1 квадрацикл тәркіленген.

- Киік аулаушыларға қарсы бүкіл халық болып күресуіміз қажет. Біздің бөлім мамандары халық арасында жүйелі үгіт-насихат жүргізіп, тұрғындармен, оқушылармен кездесулер өткізеді. Орал қаласы көшелеріне киік мүйізін сату, сақтау, тасымалдау қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жөніндегі 45 стикер қойылды. БАҚ беттерінде де заңсыз киік аулаушылар туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланып тұрады. Аумағында ақбөкен мекендейтін аудан әкімдіктеріне браконьерлік фактілердің ашылуына көмектескен жергілікті тұрғындарға материалдық көмек көрсету туралы ұсыныс хат жолдадық, - дейді Қайрат Қадешев.

 

Батыс Қазақстан