Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Он жеті жасар ғалым

2175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде қоғамға табысты идеяларды қалыптастыра алатын, креативті ойлайтын жастар керек. Бұл орайда Тараз қаласында тұратын талантты жас ғалым Исаак Мустопуло өзінің қарым-қабілетімен ерекше дараланып көрінеді.

Он жеті жасар ғалым

Жас ғалым ғарышқа ұшу үшін балама энергия көздерін алу жолын зерттеп, өзіндік теория­сын жасап шыққан болатын. Мүм­­кіндігі шектеулі еке­ні­не қа­­ра­мастан он жеті жасар ға­лым ғылым жолында бұдан да басқа ізденістерге барып жүр. Оның Лондон қаласында әлемге әйгілі физик Стивен Хокингпен кездес­кені де талайдың қызы­ғу­шы­лығын тудырды. Жас ғалым осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған STEM инновациялары ұлттық кон­курсының лауреаты атанып үлгерді. Сондай-ақ былтыр қараша айында Корея елінде әлем­­нің 23 елінің өкілдері қатыс­қан ақпараттық технологиялар бай­қауында да үздік деп танылып, жеңіске жетті.

«Бүгінде біздің қоғамда мүм­кіндігі шектеулі адамдарға ба­рынша жағдай жасалуда. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Шын­ды­ғында, әлемдегі барлық сала қарқынды даму үстінде. Мұн­дай үдерістен Тараз қаласы да қалыс қалмай келеді», дейді И.Мустопуло. Исаак жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, ғылым жолындағы жаңалықтарымен бөліскен еді. А.Мырзахметов И.Мустопулоға жа­қында ашылған Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ғы­лым жолында ізденіп жүрген жастар үшін үйірме немесе клуб ұйым­дастыру туралы ұсынысын айтқан болатын. Исаак бұл бас­таманы қуана қолдады. Себебі, ол да өзі оқитын мектептің қа­быр­­ғасында осы іспетті шаруа ұйым­дастыруға әрекеттеніп жүр екен. Мақсаты – ғылымның шы­ңына шығу, қоғам игілігіне жарайтын жаңалықтар ашу. «Егер клубты облыс көлемінде ұйымдастыратын болса, онда жас­тар үшін кең перспективаларға жол ашылатын болады», дейді жас ғалым.

Бүгінгі таңда өңірде 166 бала­бақша мен 331 мектепте инк­лю­зивті білім беруді да­мы­ту­ға барлық мүмкіндік қарас­тырылған. Аталған білім нысан­да­рында пандустар, тұтқалар, кең есіктер, демалыс бұрыштары, так­тильді жолдар және дене мүм­кін­діктері шектеулі адамдар үшін басқа да қолайлы жағдайлар жа­­­салған. Бұдан өзге 46 орта және арнау­лы оқу орындарының 20-сында ерекше білім беру қа­жет­­тіліктері бар студенттердің еш ке­дергісіз білім алуы қамтамасыз етілген. Бұл жерлерде де Исаак Мустопуло сияқты шектеулі мүмкіндігі арман жолына кедергі бола алмайтын білімді жастар өсіп келеді.

 

Жамбыл облысы