Президент • 06 Ақпан, 2020

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа сапалы кезеңге шықты

8604 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ақордада Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағ­дарламасын іске асыру жөнін­дегі Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, атқарылған жұмыстың есебі тыңдалды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа сапалы кезеңге шықты

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Кө­шер­баевтың төрағалығымен өткен жиын­да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың нәтижелері мен алда ат­қарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары қаралды.

«Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқанына биыл үш жыл толды. Осы уақыт аралығында елеулі жұмыс атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылған бағыттар да осы бағдарламамен табиғи сабақтастық тауып, оны қоғам қолдап отыр», деді Қ.Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы «Рухани жаң­ғыру» нақты жобаларды іске асыруға ба­­ғыт­­талған кешенді бағдарлама екенін атап көр­сетіп, оның тиімді тұстарына тоқталды.

«Бағдарлама заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми-зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттардың дамуына едәуір серпіліс берді. Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе де, кейбірі діттеген межеге жете алған жоқ. «Туған жер» жобасы аясында меце­нат­тардың қолдауымен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Бұ­дан бөлек, 889 нысан жаңадан салынып, 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ай­та кетерлігі, қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарына тиесілі. Бұл Қазақстандағы бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі артқанын аңғартады», деді Қ.Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жоба жүзеге асып, 53 елді мекенде 452 инфрақұрылым салынды. Қалған жобалар еліміздің руханияты мен тарихын, әде­биеті мен мәдениетін, білімі мен ғы­лы­мын тереңдету, таныту, зерттеу бағыт­тары бойынша жалғасады.

Сондай-ақ Қ.Көшербаев бағдар­ла­маны іске асырудың кей бағытына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аудар­ды. Соның ішінде, тұлғалық даму, праг­ма­тизм, ұлттық бірегейлікті сақтау ма­ңыз­­ға ие. Мемлекет пен қоғамның дамуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасы аясында жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау барысында олқылық жібермеуді ескертіп, науқаншылдыққа жол бермеуге шақырды.

«Өкінішке қарай, кейбір өңірде бағ­дарламаға мазмұндық жағынан сай келмейтін шараларды «Рухани жаң­­ғырудың» есебіне енгізіп жіберу кез­деседі. Мұндай науқаншылдық әре­кет­тер бағ­дарлама мен биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Әсіресе бағдарламаның құнын түсіретінін түсінуіміз керек. Сондықтан барлық атқарушы орган бағдарламаны жүзеге асыру кезінде білім және ғылымға құштарлық, еңбексүйгіштік, ұлттық және өркениеттік құндылықтарды насихаттау шараларына басымдық беруі керек», деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ жиын барысында Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Бер­ді­бек Сапар­баев «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сы­ның орындалуына қатысты пікір білдірді.

«Елбасы осыдан үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдаған кездегі негізгі мақсат сана-сезімімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды одан әрі дамыту болатын. Осының бәрі билік пен қоғам бірге жұмыс істесе, жүзеге асатыны сөзсіз. Сон­дықтан зиялы қауыммен бірге осы іске жұмылу керек», деді Б.Сапарбаев.

Оның айтуынша, берілген тапсырма орындал­маған жағдайда, кез келген лауазымды тұлға жауап беруі тиіс. Бұдан бөлек, вице-премьер ауылдық жерді дамытудың маңызына ерекше екпін беріп, Алаш арыстарын ардақтау, әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын атап өтуге байланысты атқарылатын жұ­мыстарға тоқталды.

Бұдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды.

«Өңірлерде жобаларды сапасыз жос­парлау проблемасы бар. Нәтижесінде бастапқы мақсат күткен нәтижеге сай келмей қалуы кездесті. 2020 жылға арналған жаңа жоспар аталған мәселелерде ес­кері­ліп жасалды. Мемлекеттік хатшы бекіт­кен құжат 122 бөлімнен тұрады», деген Дәурен Абаев жаңа жоспарда көптеген шараның қысқартылғанын жеткізіп, оның негізгі бағыттарын айтып берді.

«Бөлімдердің санын екі есе қысқарт­тық. Сапа көтеріледі деп сенеміз. Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асырылмақ. Біріншісі – жеке даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Биыл құжат бойынша шаралар легі екі есе қысқарды. Осы шар­а­лар­дың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдардан, сайыстар мен конференциялардан тұрады», деді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бренд-бугын дайындау бойынша жұмыс­тардың басталып кеткенін мәлім етті.

«Биылғы 20 қаңтарда министрлік Пре­зидент Әкімшілігінің мемлекеттік инс­пек­торларымен бағдарламаны жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелерін тал­қылады. Мемлекеттік инспекторларға бағ­­дарламаның жергілікті деңгейде жүзе­ге асырылуын қадағалау мақсатында әр өңір бойынша әдістемелік материал ұсы­нылды», деді Д.Абаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, мұн­дай қадам аймақтарда жоспардың орын­далғанына жедел мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

«Алдағы жылда мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, от­ба­­сы­лық құндылықты дәріптейтін дәс­түр­лі музыканы, кәсіпкерлік сала мен ұлт­­­тық өнер түрлерін насихаттайтын ж­о­ба­­лар, әлемдегі жаңа технологиялар тұр­­­ғы­­с­ын­да жасалған, сонымен бірге бала­­­ларға ар­налған анимациялық жобалар бар. Дәс­түрлі музыка мен күйдің, Абай Құ­нан­­байұлының шығармалары мен қазақ­­стан­дық авторлардың 100 жаңа оқу­­лығ­ын алға жылжыту бойынша аудио­под­кас­ттар әзірленеді», деді ведомство басшысы.

Д.Абаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан туралы видеороликтер топтамасы әзірленгенін айтты. 7 ролик өңірлердің табиғи сұлулығына арналған. Видеороликтердің тағы бір парасы елдің туристік, инвестициялық және экологиялық тартымдылығы жөнінде. 2019 жылы түсірілім жұмыстары респуб­ликалық маңыздағы үш қала, сонымен қатар Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген.

Министрдің баяндамасын мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшер­баев қазақтың жерін сақтап қалған, сол үшін күрескен Ж.Тәшеновті, танымал ғалым А.Бараевты өскелең ұрпаққа таны­ту­­дың маңызын атап өтті.

Бұдан кейін баяндама жасаған Прези­дент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің мең­­­­герушісі Нұрлан Сауранбаев «Туған жер» жо­басына жүргізілген талдау жұ­мыс­­­­тары­ның қорытындысын таныстырды.

Баяндамашының айтуынша, «Туған жер» жобасы аясында 2019 жылы 14 мың­нан астам іс-шара өткізілді. 4 миллион­нан астам адам қамтылды. 2019 жылы ме­це­наттар есебінен 1 мыңнан аса әлеу­мет­тік маңызы бар нысан салынды, 700-ден астам нысан күрделі жөндеуден өт­кізі­ліп, ауылдар мен қалаларды дамы­туға ба­ғыт­талған жобалар іске асырылды. Қар­жы­ландыру көлемі 60 млрд теңгеден асты.

Алайда, Н.Сауранбаев «Туған жер» бағдарламасының осындай оң әсеріне қарамастан, түйіні тарқамаған түйткіл­дердің әлі де бар екенін жеткізді. Мәселен, аймақтарда бұл бағыттағы жұмыс әрқилы жүргізілген.

«Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағытта 510 мың адам жұмылдырылған 1155 шара өткені жөнінде есеп берді. Ал аймақта халықтың саны 549 мың адам ғана», деді Н.Сауранбаев.

Отырыста сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзеге асыру­да жас­тарға тәрбие беруге басымдық беру­дің маңызын түсіндіріп берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда науқаншылық болып жатқаны жасырын емес. Оны айтуымыз керек. Әрине рухани салада өңірлерде көп шаруа атқарылады. Бірақ соның бәрін бағдарлама аясында жасай беру де шарт емес шығар. Сондықтан бұл тұрғыда сан­нан сапаға көшу керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің шараны қыс­қарту, оның сапасын арттыру жөнін­дегі бастамасын толықтай қолдай­мыз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Ұлттық комиссия отырысы барысында Алматы облысының әкі­мі Амандық Баталов, жазушы Төлен Әб­дік және тағы басқалар сөз сөйлеп, «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында ат­қа­рыл­ған жұмыстардың маңызына тоқ­тал­ды.

Жиын соңында баяндамалар мен айтылған пікірлерді мұқият тыңдаған Мем­лекеттік хатшы Қ.Көшербаев «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асы­ру аясында аймақ басшыларының мін­детін түсіндіріп берді.

Сондай-ақ министрлер мен әкімдер осы жұмыстың алдында жүруі керек еке­нін тағы бір мәрте еске салып, қоғам­дық сананы жаңғыртуда ұлттық дәстүрге иек артуды міндеттеді.

«Бүгінгі таңда той ұлттық салт-дәстүр салтанат құратын, ұрпақ ұлағат алатын, өнер, мәдениет көрініс табатын шараға айналса деген тілегіміз бар. Қазір Наурыз мерекесінің қарсаңында тұрмыз. Батыста «көрісу» деген жақсы дәстүр бар. Қыс­тыгүні ешкім ешқайда қатынай алмайды. Қар еріп, жер қарайғанда жастар жи­налып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты 14 наурызда Амал мерекесін кеңінен атап, 22-24 нау­рызда Наурыз мерекесін тойлауға қатыс­ты ұсыны­сы­мызды береміз. Ұлттық дәстүр­лерімізді елдің басын біріктіруге дұрыс пайдалануымыз керек», деді Мемлекеттік хатшы.

Іс-шара соңында Қ.Көшербаев «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма беріп, оның басым бағыттарына қатысты бүкіл өңірде жұмысты жандандырудың маңы­зына ерекше тоқталды.

«Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы шең­бе­рін­де Үкіметтен бастап, жергілікті ат­қа­ру­­шы органдарға берілетін тапсырма­лар бар. Алдағы жұмыс жоспарын жина­қы, мақ­сат­ты әрі нысаналы түрде жүргізу қажет.

«Жұмыс жоспарын үш бағытқа жіктеп отырмыз. Бірінші бағыт – тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыттың ішіне білім­нің салтанат құруы, прагматикалық құнды­лық­тарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сынды құндылықтарды жинақтап, адам капиталын арттыруға бағыттаймыз. Әсіресе жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық бірегейлікті халықаралық деңгейде көрсету сынды кешенді шараларды қамтиды. Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның дамуы. Бұл бағыт елімізде революциялық даму емес, эволюциялық даму, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асады. Бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылыққа жол бер­меуіміз керек», деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ аталған міндеттерді сапалы түрде орындау үшін комиссия атынан нақты бірқатар тапсырма берілетінін жеткізді.

«Біріншіден, мемлекеттік комиссия­ның хаттамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жос­пары бекітілсін. Екіншіден, Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жос­­парында көзделген шаралардың қаржы­ландырылуын және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі керек. Үшіншіден, Білім және ғылым министрлігі білім беру­ді дамытудың мемлекеттік бағдар­лама­сына патриоттық білімділік, бәсе­кеге қабілеттілік, функционалдық, ұлттық код сияқты тәрбиелік элементтерді қам­ти отырып, күшейтілген тәрбие ком­по­нентін енгізу жөнінде шұғыл шаралар қабыл­дасын. Сонымен қатар біртұтас Қазақстан мемлекеттік идеологиясының пәрменін жүргізу мақсатында жалпы Қазақстанда балалар мен жастар қозғалысын құру жөнінде Мемлекет басшысының атына ұсыныс дайындалсын. Жас ұрпақты пат­риотизмге баулу және олардың бәсе­кеге қабілеттігін арттыру мақсатында халық саны 30 мыңнан жоғары аудан ор­талықтарында ауыл балаларына арнал­ған бейімдік дарынды балалар мек­теп-интернаттарын ашу, сондай-ақ әске­ри кадеттер мектептерін ашу, онда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың да оқуына қажетті мүмкіндік жасау жөнінде Президент Әкімшілігіне 1 наурызға дейін тиісті ұсыныс енгізілсін», деді Қ.Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы сонымен қатар танымдық бағдарламалар шығаруға бар­лық БАҚ-ты жұмылдыруды жүктеді. Айта кетерлігі, бағдарламаның орындалуы Президент Әкімшілігінің бақы­лауын­да болады.

 

Тұрақты дамудың тұғыры

Төлен ӘБДІК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы:     

– Рухани жаңғыру – тұрақ­ты даму деген сөз. Рухани жаң­ғырусыз даму мүмкін емес. Заман өзгереді, уақыт өзге­реді, жаңа талаптар, жаңа құн­дылықтар пайда болады. Халық та, қоғам да даму керек. Даму үшін алдымен өзін тану керек. Тану деген сөз – дұрыс тарих жасау деген сөз. Әспеттеген, әдемілеген тарих емес, шын мәнінде өзінің халық ішіндегі қайшылығымен, кемшілігімен соның бәрін көрсететін анық, әділ тарихымыз болуы керек. Егер біз өзімізге ғана ұнайтын, өзіміз ғана білетін, өзіміз ғана іштей мақтанып отыратын томаға-тұйық тарих жасасақ одан пайда шамалы. Сондықтан кейде мен әсірелеуге қарсы шығамын.

Бұл бағдарламаның іске асырылуын толық қолдаймын. Бірақ науқаншылық пен ресмиліктен арылуымыз керек. Жаңа ғана осы бағдарламаны іске асыру бойынша 14000 іс-шара өткізілгені айтылды. 14000 іс-шара деген не сөз? Есеп беруде ресмилік болмаса екен деймін.

Бір ұсынысым бар. Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 толып отыр. Әбу Насыр әл-Фараби – екін­ші Аристотель атанған адамзат тарихындағы ең ұлы адам­дардың бірі. Онымен қалай мақтансақ та артық болмай­ды. Сондықтан менің ұсыны­сым: осы мерейтой қарсаңында әл-Фарабидің ескерткішін осы елордада орнатуға болады. Шет­е­лден келген азаматтар ес­керт­к­ішке қарап, оны бірден танитын еді. 

Қоғамдық санаға қозғау салған отырыс

Талғат ҚАЛИЕВ,

саясаттанушы:

– «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында түрлі пікір айтылып, орынды ұсыныстар жасалды. Ойды ой қозғайды ғой. Сондықтан ко­мис­сия мүшелерінің әр айт­қан пікірі бағалы. Ең бастысы, «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­лама­сының мазмұнын, арқа­лаған жүгі мен қозғау салар күшін зиялы қауым өкілдері де, бұқара халық та түсініп отыр. Бағдарламаны барынша тиімді жүзеге асыруға байланысты тың идеялар мен орамды ойлар ортаға салынды.

Ашығын айту керек, елі­міз­дің түрлі аймақ­тарында бағ­дарламаны іске асырудың жө­ні осы екен деп, қатардағы шаралар да жоба ретінде қабылданып, ұйымдастырылып жатыр. Мұны бұрыс деп емес, түсінбеушілік салдары деп айтқан орынды іспетті. Бүгінгі таңда осы жоба мә­селесіне қатысты да сан қилы өзгерістер енгі­зіліп, түрлі индикаторлар қосылуда.

Бағдарламаның түпкі мақ­саты – қоғамдық сананы жаң­ғырту болған соң әлі де қыруар жұмыс атқарылатыны бел­гілі. Қалыптасқан заманауи қоғам­ға айналу үшін бұл жол­ды да жүріп өту керекпіз. Сон­дық­тан бұл міндетті бір ғана би­ліктің, не болмаса зиялы қауым өкіл­дерінің ғана иығына артыл­ған жүк деп ұғын­бауымыз керек. Қазақстандық әр азамат өз саласы бойынша осы бағытта жұмыс істеп, ой елегінен өткізуі тиіс. «Қайтсем дамимын, бәсе­кеге қабілетті боламын?» деген ұс­таным қажет бізге.

Прагматизм жауапкершілікті күшейтеді

Әли БЕКТАЕВ,

«Ауыл» ХДП төрағасы, Парламент Сенатының депутаты:

– Бірегей бағдарлама рухы­мыз­­­ды көтеріп, бір­лігімізді бекі­­те түсті. «Туған жер» баста­ма­­сы ат­қа­мінер азаматтардың, та­бы­с­­ты кәсіп­керлердің кіндік қаны там­­­ған ауыл-аймағына наза­рын аудар­тып, елді мекен­дер­дің көр­ке­ю­і­не септесті. Жалпы, үш жыл­дың кө­лемінде 61 млрд теңге көле­­мін­де нысандар салынған екен.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының бергені де, берері де көп екені күмән туғызбайды. Бірақ іс-шаралардың көпшілігі мемлекеттік органдардың тарапынан атқарылып жатыр. Алдағы уақытта бағдарламаның бұдан да кең қанатын жаюы үшін жаппай халық болып атсалыссақ, құба-құп болар еді. Сонда ғана біз рухани жаң­ғырудың биігіне шыға аламыз, бағдарламаның пәрменді шараларын атқаруға қол жеткіземіз. Бұл әрбір азаматтың санасының өзгеруіне байланысты. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында атап өткен прагматизмге ерекше мән беру керек деп ойлаймын. Прагматизм ұлт­тық құндылықтарымыз бен бай­лығымызға өте үлкен жауап­кер­шілікпен қарауды білдіреді. Егер азаматтарымыз өзінің отбасына, тіршілігіне, дүниесіне жауапкершілікпен қарай алмаса, онда олар мемлекеттің де бай­лығына жауапкершілікпен қарай алмайды. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау ізгілікті қоғам құруға бастайды. Қазір әрбір адам тапқан табысын, жеткен жетістігін міндет қылмай, өзінің отбасына, балаларының тәрбиесіне, мемлекет пен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын арт­ты­ру­ға қызмет етуі қажет.