Руханият • 06 Ақпан, 2020

Жауынгерлік Ту ел аймақтарын аралайды

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласында алауын тұтатқан «Біз – Жеңіс­тің мұрагеріміз!» эстафетасы аясында әйгілі панфилов­шылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшір­месі Ұлттық ұлан сарбаздарының қолына тапсырыл­ды. Жалынды жауынгерлердің көзіндей болған симво­ликалық мәні терең жәдігер 11 мың шақырымды артқа тастап, еліміздің барлық қалаларын шарлайтын болады. Айтулы рәсімнің Алматыдан бастау алғаны тегін емес. Өйткені 1941 жылы генерал-майор Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Алматыда жасақталған болатын.

Жауынгерлік Ту ел аймақтарын аралайды

 

Ел басына алапат қасірет әкелген қан майданда ерен ерлік көрсеткен панфиловшылар дивизиясы сарыла күткен Ұлы Жеңіске ауқымды үлес қосты. Еліміздегі тұңғыш гвардия атағы берілген даңқты дивизия сарбаздарының жүріп өткен жолы Жеңіс тарихының айнасына айналғанын жақсы білеміз. Еске алу қозғалысының кестесі бойынша эстафета жолын жалғау үшін Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен Ту ұстаушылар тобы жасақталған. Тұтас ел аумағында салтанат құратын эстафета барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланыпты.

– Қазақта «Өткендерін еске алу өскендіктің белгісі» дейтін сөз бар. Аға ұрпақтың майданда төккен қаны мен ана­ларымыздың тылдағы төгілген терімен келген Жеңіс күнін біз ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз. Жеңіс әрбір әулеттің тарихымен астасып жатыр. Келер ұрпаққа өсиет етіп айтатын ұлы күн. Заман өзгереді, әр дәуірдің өзіндік үні болады. Бірақ өткен тарих ешқашан өзгермейді. Өйткені бұл халықтың басып өткен жолы. Сондықтан біз бұл күнді жыл сайын аталарымызды еске алумен өткіземіз. Панфиловшылардың ардақты, қасиетті Туы Қазақстанның қаншама аймағын аралайды. Бұл жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, жүрегін дір еткізбеуі мүмкін емес, – дейді Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова.

Расында, біз Ұлы Жеңіс деп атайтын қасиетті күннің тасасында талай жан­­ның кермек тағдыры жатыр. Өткен күнге үңілсек, елімізде қан майданға бозда­ғы аттанбаған әулет жоқ. Айту­лы шара ая­сында панфиловшылар дивизия­сының көзі тірі жауынгері Қайырлы Жоң­қабаев­­тың үйінің ауласында салтанатты ше­ру ұйымдастырылды. Ардагерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, ге­нерал-майор Мұхаметқали Сатов баста­ған ұлан­дықтар Жеңіс мерекесімен құттықтады.

Қайырлы Жоңқабаев 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған ол, соғыс басталған жылы панфиловшылар дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері ретінде қабылданған. Ардагер соғысқа бастан- аяқ қатысып, майдан даласында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір сапта шайқасыпты. 1943 жылы ақ­панда Ржевтегі қанды қақтығыста ауыр жараланған жауынгер жеңісті Дрезденде қарсы алыпты.

«Бейбітшілік пен берекенің қадірін біліңдер. Одан асқан бақыт жоқ. Үл­кенге құрмет, кішіге ізет көрсету қаны­мыздан келе жатқан қасиет. Ең бастысы, осы қасиетті жоғалтып алмаңдар. Тәуел­сіздігіміз мәңгілік, ел іргесі берік болсын. Келешек ұрпағымның алдынан енді ешқандай кедергі кездеспесін. Тек қана мамыражай бейбіт заман болып, соғыс өрті тұтанбасын. Адамды адам қылатын, адамгершілік пен адал еңбек қана» – дейді көпті көрген соғыс ардагері Қайырлы Жоңқабаев.

 

АЛМАТЫ