Байқау барысында Абайдың мұрасынан нәр алған жастар ақынның білім, ғылым, өнер, махаббат, адамдық туралы өлеңдерін оқыды. «Желсіз түнде жарық ай», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...» «Көзімнің қарасы» әндерін әуелетіп шырқады. Қатысушылар арасында орыс, татар, украин, өзбек, урдмурт, корей жастары болды.
Байқау қорытындысында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу номинациясы бойынша Людмила Дейна – жүлделі І орынды иеленді. Руслана Хван – ІІ орынға шықса, Мәдина Артаева ІІІ орынды жеңіп алды. Ақын әндерін орындау бойынша Алина Нұрқатова І жүлделіні алса, Наталья Евсюкова мен Анна Латышова - ІІ орынға тұрақтады. Ал Лилиана Батталова мен хор ұжымы ІІІ орынды иеленді. Өзге қатысушылар да алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаталды.
-Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек... Ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі» деген еді. Бүгінгі жастар Абай сөзін оқып қана қоймай, көңілге тоқып, даналық ойларын жүрекпен түсінгенін айқын байқатты. Соған ризамыз, дейді филолог ғалым, қауымдастырылған профессор Рита Сұлтанғалиева.