Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Қоғамдық көліктің қалтарысы көп

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кейінгі кеңейтілген отырысында еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында қоғамдық көліктің жәй-күйін жақсартып, бұл бағыттағы қызметтің сапалық деңгейін одан әрі көтеру қажеттігін атап көрсетті. Бұл жергілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктейді. Осы тұрғыда республикамыздың батыс өңіріндегі ірі де іргелі қала Ақтөбеде аталған істің қазіргі жәй-күйі қандай деген сауал еріксіз туындайды.

Қоғамдық көліктің қалтарысы көп

Өзіміз қойған сауалға өзіміз жауап қайтарсақ мында қол соға қоятындай жетістік пен ілгерілеушілік байқала бермейтінін ашық айтуға тура келеді. Бұған тұрғындар тарапынан облыс орталығындағы жүргіншілер тасымалдау ісімен айналысатын Жолаушылар көлігі кәсіпорны мен «Автопарк» ЖШС атына дүркін-дүркін айтылып жүрген талап- тілектер мен өкпе-реніштер де айқын айғақ. Бейнелеп айтқанда қоғамдық көлік қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру ісі тапсырылған қос құрылым өздеріне монополия жасап алғандай әсер қалдырады. Ақтөбе қаласында осы аталған екеуінен өзге жолаушылар тасымалдаумен шұғылданатын кәсіпорындардың құрылмауы олардың өзімшілдігі мен немқұрайлылығын тереңдете түскен тәрізді. Шынай бәсекелестік  жоқ жерде қашан да осындай теріс көріністер орын алатыны айтпаса да түсінікті емес пе?

Жоғарыда аталған кәсіпорындарға қарасты қоғамдық көліктер мен автобустар қозғалыс кестесі мен жиілілігін  және таңертең белгіленген бағыттарға шығу мен жұмыс уақытының аяқталу мерзімін сақтай бермейді. Қала тұрғындары мен жолаушылары куә болып жүргендей Ақтөбе қаласында жаз кездерінде автобус қозғалысы кешкі сағат 20-00 мен 21-00 арасында, ал қыс айларында 18-00 де сирей бастайды да, бұдан соң көп кешікпей мүлдем тоқтап қалады. Мұндағы қызмет көрсету мәдениетінің төмендігіне арыз-шағым айтушылар аз емес.

Бұлардың бірде бірінде жолаушыларға келесі қай аялдама екенін хабарлайтын электрондық қондырғылар орнатылмаған. Оның есесіне кондукторлардың ащы айқайы жүргіншілердің құлағын тұндырып кете жаздайды. Көп жағдайларда олардың үстінен арнайы қызметтік киім формаларын көре бермейсіз, қалай болса солай, олпы-солпы киіне салған кондукторлар қала қонақтары мен жүргіншілерден тіптен қымсынбайтыны таң қалдырады.

Көп жағдайларда олар автобус салонын аралап қоғамды көлікке кірген жүргіншілерге билет сатып беруге де ыңғай танытпайды. Оның есесіне автобустың алдыңғы жағындағы арнайы орындыққа отырып алады да автобус келесі аялдамаға тоқтаған кезде оның артқы есігін жүргізушіге аштырмай жолаушылардың бәрін алдыңғы ескітен шығарып қойша тоғытуды әдеттеріне айналдырып алған. Жолақы құнын төлеу де дәл осы сәтте жүргізіліп осы қысылтаяң жүргіншілердің орынды өкпе-реніштерін туғызып жүр. Міне, қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындарға қарасты автобустардағы көріністер осындай. Мұнымен жуық арада Ақтөбенің «Ақылды қала» атана қоюы қиын-ақ десек ше?

Қолда бар деректерге қарағанда қазіргі күні облыс орталығында қоғамдық көліктердің 54 бағыты белгіленген. Осыған орай қалаішілік жолдарда 317 автобус жүріп тұрады. Ақтөбе қаласының тұрғындары ішкі көші-қон есебінен жыл сайын өсе түсуде. Өткен жылы олардың саны жарты миллиондық межеден асып түсті. Әрине мұның өзі өте жағымды жәйт. Өз кезегінде жолаушылар мен жүргіншілер тасқынының көбеюі автобус парктерін одан әрі жаңғыртып оны қосымша қоғамдық көліктермен толықтыру қажеттігін көрсетеді. Әйтсе де қазіргі кезде бұл істің жәй-күйі көңіл көншіте бермейді.

Қоғамдық көліктер шеңберінде өз шешімін күтіп тұрған тағы бір маңызды мәселе бар. Бұл бағыттық автобустарға электрондық төлем жүйесін енгізіп соған сәйкес оны төлем терминалдарымен жабдықтау болып отыр. Аймақта бұл жұмыстың басталып кетті делінгеніне де бірақ уақыт өткен екен. Әйтсе де аталған мәселеде нақты істен гөрі құрғақ сөздер мен уәделер басымдық алып жүргені де белгілі. Ия, бұл үдерістің басталып кеткені рас. Әйтсе де оның жүру барысы мен қарқыны тым баяу, мардымсыз десек шындықтан ауытқи қоймаспыз.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллинның мәлімдеуінше аталған жобалар биылғы 2020 жылдың наурыз айына да дейін толықтай шешімін таппақ. Сонымен бірге оның айтуынша осы бағдарламалар аясында қоғамдық көліктерді бейне камералармен және дауыстық хабарлау құрылғыларымен жабдықтау шаралары жүргізілмек. Әрі бұған қоса қалалақы көлік қызметкерлерін бірыңғай киім үлгісіне көшіру жұмыстары атқарылмақ.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында көптеген автобус аялдамаларының атауларын өзгерту және аялдама павильнондарын құру қажеттігі де айқын байқалуда. Бұл бағыттағы атқарылатын іс-шараларға да жүйелілік пен ілкімділік қажет екендігі ешқандай талас туғызбайды. Соңғы уақытта облыс орталығында қоғамдық көліктер қатынайтын жолдарға күрделі жөндеулер жүргізу ісі де күрделі күйінде тұр деуге болады. Осы айтылған мәселелер көрсетілген мерзім ішінде өз шешімін тапса игі.

АҚТӨБЕ