Үкімет • 06 Ақпан, 2020

Талғат Жанжүменов Defense Expo-2020 көрмесіне қатысып жатыр

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов бастаған қазақстандық қорғаныс кәсіпорындарының делегациясы Үндістанның Лакнау қаласында өтіп жатқан Defense Expo-2020 көрмесіне қатысып жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талғат Жанжүменов Defense Expo-2020 көрмесіне қатысып жатыр

Сапар аясында Үндістан Мемлекеттік Қорғаныс министрімен, Үндістан Қарулы Күштері Бас штабы бастығымен және онға жуық ірі қорғаныс кәсіпорнымен кездесулер өткізілді.

Тараптар әскери-теңіз саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Үндістан Қарулы Күштерінің теңіз қару-жарағын жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын жүргізіп жатқан Қазақстанның С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты қызметтерінің экспортын арттыру туралы сөз болды.

Тараптар сонымен қатар сауытты танк техникасы мен зымырандық-артиллериялық қару-жарақты жөндеу және қызмет көрсету, сондай-ақ, қорғаныс құралдарын бірлесіп өндіру мүмкіндіктерін талқылады.

Келіссөздер барысында Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіне Үндістан инвестицияларын тартуға баса назар аударылды.

1

Бұдан басқа, Үндістанның Мемлекеттік Қорғаныс министріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың 2020 жылғы 28-31 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін КАДЕКС-2020 көрмесіне қатысуы туралы шақыру хаты табыс етілді.