Кәсіпкерлер Президентке еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің ахуалы мен оны әрі қарай дамыту перспективалары жайында айтты. Сонымен қатар олар аталған саладағы өзекті проблемалар жөніндегі ойларымен бөлісіп, оның ішінде қажетті ғимараттар мен өз өнімдерін өткізу орындарының тапшылығы туралы жеткізді.
Жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалап, Қазақстан Президентіне биыл күзде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші республикалық форумын өткізу жөніндегі жоспары туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқаны үшін ризашылық білдіріп, олардың форум өткізу жайындағы идеясын қолдады. Президенттің айтуынша, мемлекет бүкіл республика аумағындағы әлеуметтік бизнеске жан-жақты қолдау көрсете береді.