Президент • 06 Ақпан, 2020

Президенттің тапсырмасынан кейін жаңа орталық құрылды

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Әкімшілігі жанынан Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы құрылды. Орталыққа Президент Әкімшілігі басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Тимур Сүлейменов басшылық етеді. 




Президенттің тапсырмасынан кейін жаңа орталық құрылды

Орталықтың құрамына экономика және қаржы саласы бойынша белгілі қазақстандық сарапшылар кіреді. Негізгі мақсаты – реформаларды жедел жүзеге асыру үшін нақты ұсыныстар дайындау. 

Жаңа орталық басшысы Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. 2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітіріп, 2002 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Мэриленд университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша білім алған. Әр жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Экономикалық даму және сауда вице-министрі, Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды. 2019 жылдың наурызында Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалып, көп ұзамай Президенттің көмекшісі болды.

Еске сала кетсек, биыл 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығын құру туралы айтқан болатын. 

«Бұл жарияланған реформалардың орындалуын бақылау әлсіз. Үкімет реформаларды әзірлеп, оларды жүзеге асыруда және оның жұмысының сапасын бағалайды. Жағдайды өзгерту қажет. Президент Әкімшілігінің жанынан Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және бақылау орталығын құруды тапсырамын. Орталық ерікті негізде жұмыс істейді, оған Президент Әкімшілігінің қызметкерлерінен бөлек ғылыми және сараптамалық қауымдастық өкілдері кіреді» деген болатын Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл институт дамыған сайын Президент жанындағы реформа агенттігіне айналуы мүмкін. Бұл уақытта орталық ешқандай бюджеттік шығындарсыз құрылады.