Парламент • 06 Ақпан, 2020

Н. Нығматулин Грек елшісімен кездесті

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Грек Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Адам Георгиос Адамидисті қабылдады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Н. Нығматулин Грек елшісімен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Грек елі Қазақстанның еуропадағы маңызды әріптесі екені атап өтті. Осы жылы дипломатиялық қатынастың орнағанына 28 жыл толды. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған мемлекетпен ынтымақтастықты нығайтуға зор көңіл бөлгенін айта келіп, Н. Нығматулин қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің саяси бағытын одан әрі жалғастырып келе жатқанына тоқталды.

Н. Нығматулиннің пікірінше, бүгінгі күні мемлекеттеріміз арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар белсенді дамып келеді. Алдағы уақытта әсіресе, туризм саласында әріптестік маңызды рөл атқарады. Мәжіліс Төрағасы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша көңіл бөлді. Заң шығару органдары арасында табысты ықпалдастық жалпы алғанда, екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге ықпал етпек.

Өз кезегінде елші мырза Грекияда Қазақстанды әлемдегі бейбітшіл және тұрақты мемлекет ретінде жоғары бағалайтынын, сонымен қатар. біздің еліміздің даму бағдарына қызығушылықпен қарайтынын атап өтті. Одан әрі Адам-Георгиос Адамидис экономиканы әртараптандыру бағытында Грекия күн энергетикасы мен баламалы энергетика саласында өз тәжірибелерін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Тараптар екі ел арасында парламентаралық іс-қимылдың әлеуеті мықты екенін сөз ете келіп, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы өзара байланысты тереңдетудің маңыздылығына назар аударды.