Руханият • 07 Ақпан, 2020

Энтелехия

1427 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәл қазір сексеннің сеңгіріне болат тұяғын тіреп тоқтаған, ұлт­шыл жазушы Мұхтар Мағауин ертеректегі бір сұхбатында: «Көшеде келе жатып қарсы ұшырасқан қазақ­тардың жүзіне қарап-ақ олар­дың тұла бойындағы ұлттық боя­уы мен ана тілін қаншалықты біле­тінін бірден байқаймын» деген екен. Бұл рухани ой-өрісі кемелдеген тұл­ғаның бәріне тән құбылыс. Мұны қазақша – сұңғылалық десе, ғылым тілінде – энтелехия деп атайды.

Энтелехия

Алғаш рет энтелехия ұғы­мын ғы­лыми өзектендірген оқымысты­лардың бірі – ресейлік шайқы философы Павел Флоренский. Оның пайымдауынша, энтелехия дегеніміз – белгiлi бiр ұлт­тың мыңдаған, миллиондаған жылдар үзбей тiрнектеп жинап, тырнақтап жетілдірген аса қымбат – энергиялық өрісі. Қазақшалап айтқанда, жеке эт­нос­­­­тың өзін өзі сақтаушы қуат қор­ғаны, имани иммунитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы.

Яғни, энтелехиялық қуаты әлсіреген халықтық болашағы бұлыңғыр. Тіпті жер бетінен жойылып кету қаупі бар. Ұлттың энергиялық өрісі тарылып, энте­лехиялық тұтастығының ыдырауына бірінші себеп – тіл бірлігінің бұ­зылуы дейді әлеуметтанушылар. Осы орай­да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы атамыздың «Тілі жойылған ұлттың – өзі де жойылады» деген құн­ды пәтуа­сын ешқашан естен шығар­мауымыз керек.

Өйткені тіл бірлігі бұзылған жерде – бірін-бірі түсінгісі келмейтін этностық-әлеуметтік топтар пайда болды. Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов, қазіргі қазақ қоғамы ұзақ жылғы ресейлік отарлаудың сал­дарынан таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ дейтін әлеуметтік топтарға бө­лініп үлгерді дейді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұлай жіктелу ешқашан жақсылыққа апармайды. Мысалы, өткен ғасырдың басында Испан отарынан азат болған Перу елінде әртүрлі этностық-әлеу­меттік жіктер қалыптасып үлгерді. Бұлардың біріншісі – Перудің титулды халқы, барлық тұрғындардың негізгі пайызын құрап отырған – кечуалар. Екіншісі – отарлаушылар тәрбиесін көрген, соларға еліктеп ержеткен ис­пан­дық креолдар. Барлық билік осы екін­ші топтың қолында болды. Үшінші топ – перулік пен испандық аралас некеден туған – метистер.

Тәуелсіздік алған соң Перудің байырғы халқы дәстүрлі Инк мемлекеті – Тауантинсуйді қайта қалпына келтіріп, Инк империясын жаңғырту идея­сын ұсынды. Нәтижесінде, би­лік басында отырған креолдар мен халықтың денін құ­райтын кечуалар арасында тартыс пайда болды. Осы тартыста аралас некеден туған метистер (бізше жиен­дер) отарлаушылардың сойылын соғушы креолдар жағына шығып кетті. Өйткені метистер де креол­дар испан тілі диалектісімен сөй­лейтін. Ақыры билік осылардың қолына көшіп, арада бір ғасыр өткенде перу халқының ежелгі мәдениеті мен тілі жойылды.

Жоғарыдағыдай жағдай ағылшын отарынан тәуелсіздік алған Үндістанның басында да бар. Ел тәуелсіздік алған тұста ағылшын тәрбиесін көріп, билік пен ақшаға тұяғы іліккен топ «Үндістанда хинди тілі­мен қатар ағылшын тілі де ресми тіл болсын» деген заң қабылдатты. Бұ­ған ұлт көсемі Дж.Неру үзілді-ке­сіл­ді қарсы шықты. Бірақ көпке то­пырақ шаша алмады. 1948 жылы елдің білім жөніндегі комиссиясы бұлай ету бір халықты тіл­дік тұрғыдан екі ұлтқа бөліп жібереді және олардың арасындағы кереғарлық күн өткен сайын алшақтай түседі, бұл ұлт­тың байырғы тілін жояды, деп қатаң ес­­керт­ті. Ақыры олардың айтқаны кел­ді.

Осы орайда, айтпағымыз: бүгінгі қазақ қоғамы жоғарыдағыдай тілдік бөлінушіліктен аман ба? Расын айт­қанда, біздің қоғам тілдік тұрғыдан рухани дағдарыстан әлі құтылған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тіл бірлігі үшін белсене кірі­сіп, атсалысқан ұлт зиялылары Абай атамыз 1-ші қара сөзінде ашынып айт­қанындай: «Баламды бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын?» деп дағдарғаны секілді, екі тілді – екі кеменің қай құйрығын ұстарын білмей теңселіп тұр.