Сарапшылардың пайымдауынша, қоғамның белгілі бір сегментінің қарсылығы тек уақытша ғана құбылыс екен. Қазір елге келіп жатқан көліктердің белгілі бір топтарының жолын шектемесек, отандық көлік индустриясының дамуына жол ашатын мүмкіндіктің де жолын кесіп тастаймыз. Соңғы айдағы тренд тақырып – шетелден жеткізілген автокөліктерге байланысты даудың ауаны қырық құбылып, саяси реңкке ие бола бастағанын көзіміз көрді. Шеттен көлік тасымалдаушылар барлық баждар мен алымдардың алынып тасталуын және әкелген темір тұлпарларының еркін жүргізу мүмкіндігін сақтауды ашық талап ете бастады. Ал Үкімет Қырғызстан, Армениядан келген көліктерді қайта тіркеуге алу керек деген ұстанымда. «18» деген саны бар сары нөмір беріп, бір жылда жағдайды ретке келтіруге мүдделі.
Иә, көлік сән-салтанат қана емес, қажеттілік. Жергілікті жүргізушілердің сұранысын батыс ауып немесе ЕАЭО елдерінен келген ескі көліктер қанағаттандырып тұр. Бұл мәселенің елдік шеңберден халықаралық мәселеге айналғанына да куә болдық. Арменияның вице-премьері Мгер Григорян екі ел арасындағы көліктен туған түйткілдерді бірлесіп талқылауға ниетті екенін айтып қалды. Осы елдің Verelq.am порталында ЕАЭО аясында Арменияға берілген жеңілдік кезеңі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналғанын, алайда оны серіктес елдер коммерциялық мақсатқа пайдаланып жатқанын тілге тиек етіп, ЕАЭО елдеріне автомобиль экспорты шектеулі болуы керек деп жазды. Вице-премьердің түсіндіруінше, жағдайды реттеудің жолдарын іздеген жөн. «Қазақстанға байланысты жағдайды терең талдау керек. Қазір осы елдің делегациясы Арменияда жүр, олар осы процесті жеңілдету мақсатында келді. Менің ойымша, жақын арада шешім табылады», деді ол.
Сарапшылар көлікті тіркеу жөніндегі қазіргі ережелер мен заң нормаларының қолданысқа енгеніне бірнеше жыл болғанын айтады. Оны білмедік деуге ешкімнің батылы бармайды. «Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Эдуард Эдоков апта ортасында Алматыда өткен баспасөз жиынында көлікті тіркемей жүрудің заңсыз екенін тиісті орындар ескертуге міндетті емес, бірақ тіркелмеген көліктер көбейе бастағаны байқалғанда шекарадан өткен әр көлікке құлаққағыс ретінде ескерту қағаз бергенде қазіргідей жағдай орын алмас еді деген пікір айтты.
Иә, шетелден келген көлікті тіркеудің қымбат екені осыған дейін де белгілі болған. «Сондықтан заңда қалай көрсетілсе, мәселені солай шешу керек. Әйтпесе бұл тағы да қайталануы әбден мүмкін», дейді Э.Эдоков.
«Көлеңкелі» импорт көлемі ауқымды
Бірақ мәселенің тек бағаға ғана тіреліп тұрмағаны белгілі болып қалды. Автокөлік сарапшылары Қазақстанның ішкі нарығына көлеңкелі жолмен келетін көліктердің шамадан тыс көбейіп, біздің ел ескі көліктердің полигонына айналғанын айтады. Мемлекетке оларды бақылауда ұстау мүлдем қиындап кеткен. «ҚазАвтоөндіріс» қауымдастығының өкілі Артур Мискарянның айтуынша, көлеңкелі автокөлік импортындағы қаражат жылына 130 млн долларды немесе 50 млрд теңгені құрайды. Егер ресми импортты саны жағынан да, сапа тұрғысынан да бағалай алсақ, бұл жылына 242 млрд теңге болады.
«Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстанға жылына жалпы құны 130 млн долларды құрайтын көліктер заңсыз кіргізіледі. 2019 жылдың 9 айында 29 мың адам Қазақстанда құрастырылған көліктерді таңдаған, бұл – жалпы нарықтың 56 пайызы. 21 мыңнан аса отандасымыз шетелдік көлікті жөн көріпті. Соның ішінде, Ресейден келетін көліктердің үлесі 15-17 пайызды құрайды», дейді А.Мискарян.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы автокөлік өндірісі дағдарысқа дейінгі көрсеткішті еңсеріп, отандық зауыттардың көрсеткіші 50 мыңдық межеден асты. «Қазіргі таңда көлік өндірісі баяу болса да, бұрынғы қалпына оралып келеді. 2020 жылғы өндіріс көлемі елдегі валюта нарығы мен шикізат сату нарығына, сонымен қатар сатып алушылардың белсенділігіне байланысты болмақ. Алдын ала болжам бойынша биыл 60 мыңнан аса автокөлік құралы шығарылады деп отырмыз», деді ол.
Бір айта кетерлігі, Қазақстанға әкелініп жатқан шетелдік көліктердің бәрі сұранысқа ие емес. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, кейбірінің біздің нарықтағы үлесі төмендеп келеді. Тек Reno, Volkswagen, Nissan маркалы көліктерге сұраныс жоғары. Ал қазақстандық автокөлік зауыттарының сатылымы былтыр 44,3 мың бірліктен асып, 2018 жылмен салыстырғанда 48 пайызға жоғарылады.
А.Мискарянның айтуынша, елге жеткізілген көліктердің басым көпшілігі заңдық және техникалық регламенттерді айналып өткен. «Біріншіден, бұл шектеулер ішкі нарықты қорғау, жол қауіпсіздігін жақсарту және техникалық регламенттерді бұзу мүмкіндігін болдырмау мақсатында енгізілді. Айта кету керек, ЕАЭО елдерінен Қазақстанға негізінен мінілген, өте ескі автокөліктер әкелінеді. Біз халық арасында отандық өндірістің жаңа көліктеріне сұраныс артып келе жатқаны туралы айтып отырмыз. Бұл екі түрлі нарық сегменттері және олар бір-бірімен өте тығыз байланысты», дейді ол.
«Біз 2014 жылдан бергі уақытта елге қанша көлік жеткізілгенін білмейміз. ІІМ шетелдік нөмірмен жүргендері 170 мың дейді. Жақында Арменияның мемлекеттік салық комитетінің басшысы 2019 жылы елдеріне 189 мың көліктің жеткізілгенін айтты. Армения жылына 50 мың автокөлікті шекарасынан өткізе алады. Яғни, шекараны да, заңды да айналып өткен 139 мың көлік Ресейдің оңтүстігі арқылы бізге жеткен» дейді А. Мискарян.
Сарапшы ішкі нарықта әртүрлі бағалық сегменттерде Қазақстанда құрастырылған көліктердің артықшылықтары жайлы айтып өтті. Олар тіпті Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автокөлік иелерінің сұранысын қанағаттандыратын деңгейге жетіп қалыпты. Ең арзаны 2 миллион 700 мың теңге, бұл – LADA Granta.
Отандық автоөндірушілер біртіндеп халықтың кең топтары үшін шығарылатын модельдер қатарын ұлғайтпақ. Мысалы, бұрын банктердің несиелендіру бағдарламасы бойынша көлікті иесіне жеткізу мерзімі 4-5 ай болатын. Қазір 15-20 күн. Шешілмеген бір мәселе – қосалқы бөлшектерді елімізде шығару мүмкіндігі жоқ. Мүмкіндігіміз әзірге сырлау мен дәнекерлеуге ғана жетеді, өзгесі импорттан келеді.
Өзбекстан да бәсекелес
Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Армения, Қырғызстан және Ресейден келген көліктерді бақылауға алып, уақытша тіркеу туралы шешімді қолдайтынын айтады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Кез келген елдің ішкі нарығын қорғауға бағытталған шешімі екінші тараптан қолдау табуы тиіс. «Бұл қазақстандық көлік нарығы өкілдеріне ес жиып алуға мүмкіндік беретін дұрыс шешім. Ендігі мақсат құрастырылған көліктердің қосалқы бөлшектерінің тым болмаса 10 пайызын өзімізде шығаруға қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Бұл үшін АҚШ немесе Жапонияның көлік индустриясы өкілдерінің көмегімен көлік кластерін ашуға қол жеткізу арқылы әлемдік технологиялық тізбекке қосылу. Бұрын бізге Ресей немесе Қырғызстан бәсекелес болса, енді Өзбекстан қосылды. Сарапшылардың «Қазақстанға Өзбекстанның шикізат көзіне айналу қаупі төніп тұр» деген пікіріне Үкімет құлақ асуы тиіс. Бұл көлік индустриясындағы соңғы мүмкіндігіміз. Бүгін қолға алмасақ ертең көлік құрастыратын зауыттар бәсекеге шыдамай жабылады», дейді ол.
Қазақстан автокөлік құрастырып шығарғалы бері ағыл-тегіл пайдаға кенеліп көрмепті. Керісінше, біздің нарықтың майлы жілігі ресейліктер мен украиналықтардың қолында. Енді олардың қатарына өзбектер қосылды. Өйткені бұл елдердің үкіметі тауар өндірушілердің бәсекелестеріне өз нарығында ешқандай шектеу қоймаған. Ал біздің елде көлік құрастырушылар мен Үкімет тандемі бар. Үкімет «өндірісті дамыту үшін» ақшаны бере салды. Мысалы, Өзбекстанға тасымалданған, Қазақстанда жасалған автокөліктің әрбір данасынан өзіндік құнының 7 пайызына тең кедендік баж алынады, ал олардан бізге келетіндеріне ешқандай салық салынбайды. Сондықтан өзбекстандық автокөліктер ТМД, соның ішінде Қазақстанға ешқандай кедергісіз ағылып келіп жатыр. Тек 2014 жылдың 5 қаңтарында Кеден одағының техникалық регламентіне сүйеніп, өзбектің «пластмасса тұлпарларының» біздің елге келу жолын жапқандай болған едік. Бірақ мұнымыздан да түк шыққан жоқ. 2018 жылдан бастап Өзбекстанда шығарылған көліктерді қазақтың кез келген қаласынан көретін болдық. Бұл ең алдымен, Қазақстан Үкіметінің өз тауарын, өзінің тауар өндірушілерін қорғай алмайтынын, қорғау керегін енді ғана мойындай бастағанын байқатып тұр.
Кешегі Кеден одағы, бүгін ЕАЭО жұмыс істей бастағалы Өзбекстан мен Украинадан қанша көлік Қазақстан аумағына кіргізілгенін және оның қандай жолмен келіп жатқанын ешкім білмейді. Салыстыра кету үшін айтсақ, Украина мен Өзбекстанда құрастырылған көліктердің қосалқы бөлшектері Корея мен Польшадан жеткізіледі. Демек, бұл елдерде әрбір бөлшек үшін саудаласуға, сол арқылы бағаны төмендетуге мүмкіндік бар. Ал бізге олар дайын күйінде жеткізіледі. Себебі дайын келген көлікті құрастыруға бас қатырудың қажеті жоқ.
2018 жылдан бастап Өзбекстанда көлік саймандарын жасайтын өндіріс ошақтары көптеп ашыла бастағанын, оның инвесторы мемлекет екенін сарапшылар жиі айтып жүр. 2019 жылы машинаның сыртқы қорабын, дөңгелегін, орындығы немесе құтқару жастықшасын дайындауға кореялықтер мен АҚШ инвесторлары ықылас танытты. Өзбек үкіметінің өз автокөлігін сыртқа тасымалдауда одан кедендік баж алынбауын қадағалауға мүмкіндігі бар. Сол арқылы отандық кәсіпорындардың баға жағынан бәсекелестігі мықты болуына жағдай жасайды. Әрі шеттен келген көліктердің жолын жауып тастап отыр. Оған қоса осы салаға инвестиция саламын деушілерді қолдап, олардың кластерлік желімен жұмыс істеуіне де мүмкіндік беріп отыр.
АЛМАТЫ