Абай • 07 Ақпан, 2020

Ұлт тұлғасы – ұрпақ бағдары

509 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында елдігіміздің мәртебесін көтеруге тікелей қатысы бар ұлы кемеңгер Абайдың ұлттың ұстазы ретіндегі 4 тұлғалық болмысы айшықталып көрсетілген. Алдымен ұлттық концепцияны негіздесе, (XXI ғасырдағы қазақ ұлты қандай болу керек? Интеллектуалды ұлт, ұстаздың орны), одан кейін мемлекетшілдікті дәріптеген (өз елін сүю, бірлік, әділетті қоғам). Үшіншіден, қоғамды жаңғыртуға бейімділік, жаңашылдықтың үлгісін көрсетсе, (өз ұлтыңды құрметтей отырып, өзге де мәдениетті білуге, тануға талпыну, жаңа кәсіп үйрену, масылдықтан аулақ болу, т.б.), соңында адамзатқа ортақ құндылықтар негізделіп көрсетіледі (толық адам концепциясы немесе кәміл мұсылмандық үлгісі).

Ұлт тұлғасы – ұрпақ бағдары

Абайдың ұлттық концепциясы ең алдымен ұлттың тілі мен ділі туралы ойларынан өрбиді. Қазақ тіл білімінің білгірі профессор Қ.Жұ­банов Абайдың қайтыс болға­нына отыз жыл өтуіне байланысты жазған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген мақаласында ұлы ұстаздың қазақ мәдениетіне енгізген басты жаңалығы ретінде оның қазақ әдеби тілін қалыптастыруға жаңаша бағыт берген тілдік ұстанымына алғаш рет ғылыми талдау жасады, сол арқылы Абайды «байшыл, діншіл» деп күстаналауға дайын тұрған ортаның аузына құм құйды, Абайдың әдеби, тілдік мұрасына кеңестік ғылымның назарын аударды.

Қ.Жұбанов: «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушы­лар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шы­ғарып тастаушылар, менің бай­қауым­ша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол – өз тұсында, жалғыз қазақ емес, басқа көршілес елдерден де Абай­дың әдебиеттегі үзіктігі», – дей келіп, XIX ғасырдың екінші жар­ты­сындағы бүтін Орталық Азияда өз ұлты­ның мәдениетін, әдебиетін, тілін жаңа белеске шығаруда Абаймен тұс­тас келетін, Абаймен иықтас бірде-бір тұлғаның болмағанын дәлелдейді.

Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі­нің негізін қалаған, қазақ әде­биетінде өлең құрылысына өзіндік жаңа­лық­тар енгізген, қазақтың тілі мен әдебиеті­нің тазалығын, халық­тық болмы­сын сақтай отырып, оны Еуропаның үздік мәдениетіне жетелеген Абайдай тұлғаның үлгілі сөз­дері екі ғасырға жуық уақыт өт­се де мәнін жойған жоқ. 1901 жылы П.Мелиоранскийдің Абай өлең­деріне жасаған талдауынан бас­тасақ, Абайдың шығармашы­лық, кісі­лік тұлғасы ғасырдан астам уақыт бойы түрлі бағыттағы (әдеби, тіл­дік, философиялық, теология­­лық, құқықтық, т.б.) зерттеулердің өзегі болып келе жатыр. Бірақ әр кезеңнің өзекті мәселесімен қабысып, жаңа қыры­нан жаңғырып отыратын Абай болмысы адамзатты әлі де қайран қалдыра берері сөзсіз. 

Абайдың ұлттың ділін қалып­тас­тырудағы ойларын оның «толық адам» концепциясының бір құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға болады. Мемлекет басшысы мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжы­ры­мын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерт­теулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап кел­генде, өміріміздің кез келген сала­сының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», дей­ді. Бұл – XXI ғасырда рухани жаң­­ғырған қазақ қоғамын қалыптас­тыруда Абай ұсынған «толық адам» концепциясының маңыздылығын ұлт басшысының қаншалықты баға­лай­тынын танытады. Зерттеуші, абай­танушы М.Мырзахметов «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» (Алматы, 2012) деген еңбегінде Абай­дың 38-қара сөзінде қолданылған жәуан­мәртлік (парсы тілінен аудар­ғанда «жомарт жігіт») ұғымына талдау жасай келіп, Абайдың толық адам немесе «ал-инсан ал-кәмил» танымының төрт негізі ақыл, әділет, қайрат, қанағат ақынның бүкіл шы­ғар­машылығының түп қазығы екен­дігін айтады. Зерттеушінің пайым­дауын­ша, Абай өзіне дейінгі түркі ғұламаларының – әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнидың, Ясауидің, Руми­­дің кемел адам жайлы ой-тұжы­­рым­дарынан хабардар болып, сол жолда ізденген, «толық адам» ілімінің негізін жасап, оны жеке адам­ды түзеуге, сол арқылы қоғамды, адам­­затты дұрыс жолға салуға пайда­ланған.

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шафқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға, – деп, толға­ған Абай адамшылықтың төрт негізін қара сөздерінде философиялық ойларымен өрнектейді. 38-қара сөзінде: «Ей, жү­ре­гімнің қуаты, перзентлерім! Сіз­дерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қал­­ды­райын» деп, кейінгі ұрпаққа сөз арнайды. Арнау сөзін адамзатқа берілетін ең ұлық қасиет – махаббат сезімін түсіндіру­ден бастайды. Алланы сүю, сол арқылы бүкіл адамзатты, тіршілікті жақсы көру, білмекке құштарлық, ғылымға ден қою, ғылымды мақтан, дүние үшін үйренуден аулақ болу, адамды бұзатын жаман әдеттерден сақтану, шын мұсылман болудың жолдары туралы сыр төгеді. Абайдың толық адам концепциясының басты түсініктері Қ.Тоқаевтың мақаласында қазіргі қоғамның түсінігіне, заман ағы­мына, елдік мұраттарымызға сәйкес­тендіріліп талданады. «Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қаты­­настардан құралады. Онсыз адам қо­ғамнан бөлініп қалмақ. Ал қа­рым-қатынас міндетті түрде өзара жауап­кер­шілікті туғызады. Бұл жауапкер­ші­лік қара басының қамын биік қоя­тын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адам­ға нұрлы ақыл мен ыстық қайрат­тан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарас­тырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы».

Кемел адам философиясының өзі адамзатты сүю, жүректі кірден тазарту, қандай құбылысты да жүрекпен бағалау ұғымына негіздейтін жүрек іліміне барып тіреледі. Қазіргі таң­да қоғамымызда орын алып жүр­ген келеңсіздіктердің баршасы ғылым­­ды, ақыл, қайратты жүрекке бағын­­­дырмаудан, әділетсіздік пен қанағат­­­сыздыққа жол беруден етек алып отырғаны сөзсіз. Сондықтан Мемле­кет басшысының Абайдың «толық адам» концепциясын жете түсініп, оны қайта зерделеуге ұсынған бағыты көп­тің көкейінен шығатын орынды пайымдау дер едік.

Профессор Қ.Жұбанов жоғарыда аталған еңбегінде Ф.Энгельстің «Жаңа өсиетті» аударып, неміс прозасының негізін қалаған М.Лютерді ренессанс дәуірі тудырған титандардың бірі ретінде бағалаған пікірін келтіріп, Абайдың қазақ мәдениетіне бетбұрыс жасаудағы еңбегі одан асып түспесе, кем түспейтінін, бірақ өз елі оның бағасын әлі де түсіне қоймағанын ай­тып, қынжылады.

Бір жарым ғасыр өткенде «біз Абайды толық түсіндік пе?!» деген ой әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», – деген Президентіміздің сөзі де осының айғағы.

Осы мақаланың маған ерекше ұнаған тұсы, онда «біздің Абайымыз – керемет, біз Абаймен мақтанамыз» деген ресми мезірет, құрғақ мақ­тан­нан гөрі Абайдың тұлғалық, өне­ге­лік болмысына көбірек ден қою бар. Мемлекет басшысы ретінде Абай ұсынған «кемел адамның» жүйе­сін қазіргі қоғаммен қалай қабыс­тырамыз, ұлтсызданудың «үсігі ұрып» бара жатырған ұрпаққа қалай сіңіреміз, тәуелсіз мемлекетімізді жаһандық өркениетке жетелеуде Абай жаңашылдығын іс жүзінде қалай қолданамыз, қайтсек ұлы тұлға­ны әлемге танытып, сол ар­қылы ұлты­мыздың мәртебесін көтере аламыз деген алаңдаушылық басымы­рақ көрініс береді. Абайдың 39-қара сөзін­де бұрынғы ата-бабалары­мыз­дың артық екі мінезі туралы мынадай өнегелі ой бар: «...ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен», – дейді.

Аталған мақаланы XXI ғасыр­дағы Абайды жаңаша танудың келелі көшін Мемлекет басшысы өзі бас­тап, жол көрсетуінің ақжолтай үлгісі ретін­де қабылдадық.

 

Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА,

 филология ғылымдарының докторы, профессор