Руханият • 07 Ақпан, 2020

Басты құндылықтар қамтылған бағдарлама

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­метінің алаңында өткен баспасөз конференциясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының нәтижесіне арналды.

Басты құндылықтар қамтылған бағдарлама

Шараға Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Ос­пан­құлов, «Рухани жаңғыру» қа­зақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы, Ұлттық комиссия мүшесі Ұлықбек Есдәулет қатысты.

Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор мең­геру­шісі Абзал Мұхимов қазақ­стандықтар үшін «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының мән-маңызын айта келіп, қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша арнайы 13 жоба қолға алынғанын баяндады. «Бағдарлама заманауи қазақстандық білім мен ғылымның, мәдениет пен руха­нияттың дамуына, ауылға қатыс­ты мәселелердің шешілуіне және басқа да бағыттардың дамуына серпін береді. Қазіргі таңда 13 арнайы жоба іске асырылуда. Жобалардың басым көпшілігі өте табысты. Қазақстандық бизнес өкілдерінің бағдарламаға қатысу деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе меценаттардың тұрмысы төмен отбасыларға жәр­демдесуі, туған ауылдарына қарайласуы – қазақстандық бизнес өкілдердің әлеуметтік жауапкершілігі артқанының бір куәсі. Отырыста комиссия төрағасы, Мемлекеттік хат­­шы Қырымбек Көшербаев бағ­дар­ламаны жаңа деңгейге көтеру, оның мазмұны мен сапасын арттыру туралы жаңа міндеттер қойды», деді А.Мұхимов. Ол қазіргі таңда ұлттық прагматизм мәселесінің өте өткір тұрғанын әрі бұл бағыттағы жұмыстарды тереңнен қарастыру керектігін атап көрсетті. Осыған байланысты Ұлттық комиссия отырысына қатысқан зиялы қауым өкілдерінің Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың баса назар аударып отырған прагматизммен қабыспайтын ысырапшылдық, даң­ғазалық, орынсыз сән-­сал­танатқа жариялаған мора­то­рийін есепке алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да прагматизмдік бағыт­тағы кешенді шаралар ұсын­ғанын айтты. «Халық арасын­да құқықтық, қаржылық, эколо­гиялық сауаттылықты арттыру, білімді, мәдениетті насихаттау мен тарату туралы шешімдер қа­былданды. Ұлттық комиссия атынан Үкіметке, атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді. Комиссияда қаралған жұмыс жоспары үш бағыт бо­йынша жіктеліп отыр. Бірінші, тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыт бойынша білімнің салтанат құруы, прагматикалық құн­дылықтарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сияқты құнды­лық­тарды жинақтап, адами капиталды дамыту алға қойылған. Екінші, ұлттық бірегейлікті сақ­тау. Ұлттық құндылықтарды қас­терлеу, сақтау, халықаралық деңгейде көрсету сияқты кешенді шараларды қамтитын болады. Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның даму бағыты. Бұл бағыт еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылық, формалдық шараларға жол бермеуге қатаң тыйым салынды»,  деді А.Мұхимов.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орын­далған жоспарлар туралы айтып берді. «Өткен жылдағы іс-шара­ларды бақылайтын бол­сақ, 12 миллион азаматты қамтыған 30 мыңдай іс-ша­­ра өткізілген. Олар жалпы 209 тармақтан тұрады. Биылғы ерек­­шелік – бұл тармақтар екі есеге қысқарды. Жүйелілікке назар аударылды. Әртүрлі шараларды көпшілік арасында талқылауға мән берілді. Ел арасында түрлі акция өткі­зіледі. Екінші бір ерекшелік – бағ­дарламаның ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде іске асырылуына мән беріліп отыр. Осы арқылы қоғамда қандай сұрақтар бар екені белгілі болады. Біз қандай жағдайды сақтау арқылы ең жоғарғы деңгейге жетеміз? Қоғамымызда қандай дерттер бар? Қандай құндылықтарға мән береміз? Тәуелсіздік жылдарында түрлі реформа жүргізілді. Соның ішінде сананың жаң­ғыруы – бөлек бағыт. Бұл үнемі жүргізіліп отыруы керек. Қоғам дамуы әр салада біркелкі болуы қажет. Осы мәселелер бағ­дарламаның әр тармағына енгізілді», деді вице-министр.

Ал «Рухани жаңғыру» қа­зақ­стандық қоғамдық даму инс­титуты» коммерциялық емес ак­цио­нерлік қоғамының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев инс­титуттың атқарған істері жөнінде айтып берді. Түрлі ба­ғытта жүргізілген зерттеулер мен сараптамалар барысында бағ­дарламадағы кемшін тұстар анық­талған. К.Ойшыбаев осы бойынша институттың Ұлттық комиссияға ұсыныстар айтқанын, бұл ұсыныстардың өз кезегінде 2020 жылға арнап жасалған бағ­дарламада көрініс тапқанын жеткізді. «Бағдарлама бойынша өткізілген барлық іс-шараларға талдау жасай келе, проблемалық нүктелерді анықтадық. Өте көп іс-шара өткізіледі. Бірақ оған халық көп тартыла бермейді. Екінші бір маңызды мәселе – бағдарлама аясында іс-ша­раларды атқарумен Мәдениет және спорт, Ақ­парат және қо­ғамдық да­му, сондай-ақ Білім және ғы­лым министрліктері ғана айна­лыс­қанын атауға болады. Осы­дан қорытынды шығарып, бағдар­ламаға еліміздегі барлық ми­нистр­ліктер мен қоғамдық ұйым­дарды тарту керек деген ұсыныс жасадық.

Сананың жаңғыруы белгілі бір салаларда ғана жүргізілмеуі керек. Ол бүкіл Қазақстанды, қоғам өмірінің бүкіл саласын қамтуы қажет», деді К.Ойшыбаев. Ол өзі басқаратын инс­титут пен Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі бірі­гіп ұйымдастырып жатқан «Аза­маттық алаңы» жобасы туралы да құ­лағдар етті. Білгеніміз – бұл жобаға кез келген ел азаматы өтініш беріп, қатысып, өзін қызықтырған сұрақтарға жауап алады.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы, ақын Ұлықбек Ес­дәулет «Рухани жаңғыру» аясында алты тілде жарық көрген әдеби антология туралы баян­дады. Еліміздің ең таңдамалы туын­дылары біріктірілген алты том­дық антология БҰҰ-ның жетекші алты тіліне аударылған және сапасы да нашар емес. «Біз оны компьютермен немесе басқалай жолдармен емес, ең танымал ақын-жазушыларды, аудар­машыларды қатыстыра отырып аудардық. Бес мемлекетте тұсаукесері өтті. Өзге елдердің қаламгерлері жақсы бағалады», деді Ұ.Есдәулет. Жазушылар ода­ғының төрағасы «100 жаңа оқулықты» аударып жатқан Ұлттық аударма бюросының Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жұмысын бас­тап кеткенін де атап өтті. Сон­дай-ақ «Әдеби өлкетану» жобасы бо­йынша жүзден аса шығар­ма жазылғанын, жуық арада сарап­шылардан өтіп, оқыр­мандардың қолына тиетінін, жоба тағы да жалғасатынын мәлімдеді.