Бірқатар құжат ратификацияланды
Алқалы жиынның күн тәртібінде алдымен «Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялау» туралы заң жобасы қаралып, ол мақұлданды.
Аталған құжатты депутаттар назарына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ұсынды. Оның айтуынша, бұл конвенция барлық екіжақты салықтық конвенцияларға салық салудан жалтаруға қарсы іс-қимылға бағытталған өзгерістер енгізеді. Біріншіден, заңды тұлғалардың қос резиденттік мәселесін шешу тәртібі анықталған. Екіншіден, кіріспе мәтіні екі мемлекетте де, атап айтқанда кіріс көзі болатын мемлекетте және кіріс алушының резиденттігі болатын мемлекетте кірістерді салық салудан босату мүмкіндігін болдырмау бөлігінде толықтырылды. Үшіншіден, егер мәміленің мақсаты тек осындай жеңілдіктерді алу болған жағдайда жеңілдіктерді қолдануды шектейтін ереже көзделген. Төртіншіден, дивидендтер бойынша кіріс туындағанға дейін бір жыл ішінде жеңілдіктерді алу үшін белгіленген шарттардың сәйкес болу қажеттілігі туралы талап белгіленді.
Қосымша баяндама жасаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев конвенция елдерге ұлттық фискалдық саясатты жүргізуде икемді болу үшін келісілген ең аз стандарттарды белгілі бір ескертпелермен қолдану арқылы қазіргі халықаралық салықтық келісімдерге BEPS бастамасының негізгі ережелерін енгізуді көздейтінін атап өтті.
Жоғарғы палатаның жалпы отырысында сенаторлар Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын да ратификациялады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков аталған конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы 9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойғанын, құжаттың мақсаты ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру екенін атап өтті.
Бұдан кейін сенаторлардың сауалына орай Нұрғали Білісбеков ШЫҰ елдері аумағында іздеу салынған қазақстандықтар туралы мағлұмат берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде экстремизм бойынша ұйымға мүше мемлекеттерде біздің елдің тарапынан ешкім іздестіріліп жатқан жоқ. Бірақ соңғы бес жылда ШЫҰ елдері аумағында Қазақстанның 30 азаматы іздестіріліп, елге қайтарылған, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ соңғы бес жылда 200-ден аса адам Қазақстан аумағында іздестіріліп, ұсталған. Кейіннен олар ШЫҰ елдерінің құзыретті органдарына тапсырылды.
Бұған қоса ШЫҰ аясында лаңкестік немесе экстремистік әрекеттерге қатысты адамдардың бірыңғай тізбесі жүргізілетіні сөз болды. Ондай адамдардың жалпы саны 7 мыңнан асады екен. Оның ішінде 700-ге жуығы – Қазақстан азаматы. Олар – негізінен қақтығыс аймақтарына барғандар, яғни Таяу Шығысқа шыққандар.
Сонымен қатар жиында Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттама да ратификацияланды.
Осы заң жобасын таныстырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құжаттың мақсаты соғыста тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдарды, кез келген сол тектес сұйықтықтарды, заттар мен процестерді, сондай-ақ соғыс кезінде бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салуды бекіту екенін хабарлады.
– Қазақстан 2007 жылы бактериологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде сол жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталған хаттама ХХ ғасырдың басында қабылданса да, бүгінге дейін химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр. Қазіргі кезде 1925 жылғы аталған хаттамаға қатысушы мемлекеттер саны 140-тан асып кетті, – деді Асхат Аймағамбетов.
Шекара инфрақұрылымын жақсарту барыс-келісті арттырады
Сенат отырысының соңына қарай құзыретті органдардың назарына 14 депутаттық сауал жолданды. Депутаттар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелеріне баса назар аударды. Айталық, сенатор Нұржан Нұрсипатов бір топ депутатпен бірігіп, еліміздің мемлекеттік шекарасындағы көптеген өткізу пунктінің инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді.
– Көптеген өткізу пунктінің орнатылып, жабдықталғанына 20 жыл болған. Бүгінде олардың инфрақұрылымы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді және транзиттік ағынның қарқындылығын ескермейді. Жекелеген пункттердің өткізу қабілеті төмен болғандықтан, шекарадан өтетін жолда адамдар мен көлік құралдарының кептелісіне әкеліп соғады. Бұл еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндігінің дамуына, халықаралық және аймақтық сауданың кеңеюіне теріс әсер етеді, сондай-ақ туристік әлеуетті іске асыруға кедергі жасайды. Әртүрлі алаңдарда, президенттердің, шекаралас мемлекеттердің үкіметтер басшыларының сапарлары мен ресми кездесулерінде мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдау туралы бірнеше рет айтылды, – деді депутат.
Сонымен қатар бұл бағытта аздап ілгерілеушілік те бар екен. Бірақ жалпы жағдай көңіл көншітпейді. Мемлекеттік шекара арқылы өтетін 27 темір жол өткізу пунктінің тек төртеуі ғана белгіленген талаптарға сайкес келеді. Ресеймен шекарадағы 20 темір жол өткізу пунктінің инфрақұрылымы әлі де жөндеуді қажет етеді.
Депутаттар аталған мәселе бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнен Бақылау-өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құруды, ұстау және дамыту функцияларын бір мемлекеттік органға жүктеуді, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жататын Мемлекеттік шекара саясатының тұжырымдамасын әзірлеуді сұрады.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын өсіруді қамтамасыз ету тұрғысында аса маңызды екенін атап өтті.
– Көнерген инфрақұрылым: су, коммуникация, электр желілері, жолдар, көпірлер – аса маңызды мәселелердің бірі. Үкіметке инфрақұрылымды жаңғырту проблемаларын қарауды әрі оны жұмыстың басты мәселесі етуді ұсыну қажет. Инфрақұрылым нысандары жағдайының нашарлығына байланысты біз суды, электр қуатын және басқа да ресурстарды жоғалта бастадық. Өңірлер арасындағы байланыс әлсіз дамуда. Өйткені тиісті инфрақұрылым жетіспейді. Депутаттар осы мәселемен тығыз айналысу керек деп ойлаймын, – деді Дариға Назарбаева.