Парламент • 07 Ақпан, 2020

Көшпелі отырыста көшелі мәселе көтерілді

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Республикасы аграрлық ғылымды дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбындағы Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Көшпелі отырыста көшелі мәселе көтерілді

Аталған жиынға Парламент Сена­тының депутаты Д.Әділбеков, Парламент Сенаты комитетінің мүшелері, Білім және ғылым министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «ҰАҒБО» КеАҚ басқарма төрағасы Т.Рақымбеков, «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ» КеАҚ басқарма төрағасы А.Күрішбаев, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС бас директоры А.В.Агеенко, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС бас директоры А.Сұлтанов және өзге де ғалымдар мен мамандар қатысты.

Шара барысында тақырыптың өзек­ті­лігін ескере отырып, агроөнеркәсіптік ке­шенді дамыту туралы заңнаманы жетілдірумен қатар экономиканың стра­тегиялық маңызды салаларында іргелі, қолданбалы зерттеулерді жүргізу жұмыстарын жандандыру керектігі сөз болды. Осыған байланыс­ты еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандар даярлайтын білім ордаларының заман талабына сай болуы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл үшін салада жетістікке жеткен елдердегідей білім ошақтарын ғылыми зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін жеделдету керектігі айтылды.

Қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында елде арнайы салаға байланысты ақпарат құралдарының аздығы да өз кезегінде АШС алға жылжуына кедергі келтіретіні айтылды. Сондай-ақ депутаттар университеттің инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен танысып, геоақпараттық жүйелер бойынша Қазақ-Корей орталығы, Big Data орталығы, Жасанды интеллект орталығында болды. Сонымен қоса университетте шығарылған өнімдер депутаттар назарына ұсынылды.

Ректор А.Күрішбаев өз сөзінде бүгінгі таңда ҚазАТУ еліміздегі ірі аграрлық зерттеу университеті болуға дайын екенін мәлімдеді. Одан бөлек ғылыми және кадрлық мүмкіндіктерге сай мамандар даярлап, ауыл шаруашылығында сенімді серіктес болуға жол ашылмақ. Осыған сәйкес аграрлық сектордың экономикасына арналған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға бағытталған халықаралық жоба жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта ҚазАТУ Франциядағы AgroParisTech университетімен бірге қос дипломдық білім беру жүйесіне көшу мен оқу бағдарламаларын жаңғырту бо­йынша жол картасын жетілдірмек.