Аймақтар • 07 Ақпан, 2020

Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде көмек көрсеткені үшін 13 азамат марапатталды

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оларға жалпы сомасы 2,5 млн теңге болатын сыйақы берілген. Ал 2018 жылы пара алу дерегінің жария болуына атсалысқан алты адам 914 мың теңге көлемінде сыйақы алып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде көмек көрсеткені үшін 13 азамат марапатталды

Департамент басшысының орынбасары Серік Қаныбековтың сөзінше, өткен жылы әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінде 66 сыбайлас жемқорлық дерегі жасалғаны анықталып отыр. 

Бұдан кейінгі орында денсаулық сақтау саласы 8, ішкі істер саласының құрылымдық бөлімдерінде 7, ауылшаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері 4 рет қылмысқа барған.

- Біз Маңғыстау өңірінде іске асып жатқан мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды да бақыладық. Осы салада 19 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп отыр. Атап айтсақ, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша - 9, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша - 7, «Білім және ғылымды дамыту», «Денсаулық сақтауды дамыту» мен «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы жобаларды іске асыру кезінде бір-бір деректен сыбайлас жемқорлыққа бару фактілерін анықтадық, - деді ол. 

Ведомствоның тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Баймырзаның бүгінгі брифингте келтірген мәліметтеріне сүйенсек, осы аталған сыбайлас жемқорлық деректерінен мемлекетке келген залалдың жалпы сомасы 558 млн 600 мың теңгені құраған. Бұл, 2018 жылға қарағанда 187,9 млн теңгеге, яғни үш есеге артық көрсеткіш.

Бір қуантарлығы, жемқорлар қолды еткен 558 миллионнан астам мемлекет қаржысының 554 млн 400 мың теңгесі бүгінде өндіріліп алынды.

- Біз жер қатынастары саласында 54 қылмыстың, денсаулық сақтау бағытында  12, құрылыс саласында 11, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері барған төрт қылмыстың жолын кестік. Мәселен, Түпқараған ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы мен Ақшұқыр ауылының әкімі  263 жеке және заңды тұлғаға заңсыз жер телімдерін берген. Осы ретте мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Сот үкімімен кінәлі тұлғалар сотталды, - деді Бауыржан Серікұлы.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа үшінші билік - сот органдарының өкілдері де баруы да көңіл қынжылтады.

Мысалға айтсақ, Жаңаөзен қалалық соттың судьясы А.С. 500 мың теңге парамен ұсталып, оған 25 млн теңге айыппұл салынды. Ол бұл ақшаны қалалық жер қатынастары бөлімінің талап арызын қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығару үшін екі азаматтан талап еткен.

Жалпы айтсақ, 2019 жылы 137 қылмыс тіркелді. Күдік ретінде 55 адам жауапқа тартылып, 114 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Анықталған және өндірілген материалдық залал сомасы 2,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 641 млн 600 мың теңгеге артық сома.

- Осы тектес қылмыстық істерді тергеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 115 ұсыныс енгізілді, (2018 жылы 69 ұсыныс берілген еді). Осы аталған ұсыныстардың негізінде былтыр 43, екі жыл бұрын 59 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деді брифингтегі сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің штаб басшысы Қайрат Зұлпықаров.

Қайрат Амантайұлының айтуынша, былтырғы жылы алдын ала сөз байласу арқылы пара алужәне бюджет қаражатын тұрақты жымқыру жөнінен бес дерек белгілі болған. Олар бойынша анықталған және өндірілген залал сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды.

- «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының басшылары ұйымдастырған қылмыстың жолы кесілді. Олар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын республикалық маңыздағы жол салушы мердігер компаниядардан бірнеше рет заңсыз сыйақы алған. Осындай күдікпен қылмыстық іс сотқа жолданды. Нәтижесінде, мемлекет пайдасына 552 млн 200 мың теңге өндірілді, - деді ол.