Экология • 07 Ақпан, 2020

Маңғыстаулық тәуелсіз эколог Қазақстандағы айқындалған экология амбассадорларының бірі болды

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан шаһарында Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың төрағалығымен республикамыздың түпкір-түпкірінен келген қоғам белсенділері, волонтерлер, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйым өкілдерінің бірінші республикалық эко-слеті өткізілді.

Маңғыстаулық тәуелсіз эколог Қазақстандағы айқындалған экология амбассадорларының бірі болды

Басқосуда қоқыстарды сұрыптау, қатты-тұрмыстық қалдықтарды тұтынуды жəне олардың пайда болуын азайту, экологиялық сана мен тәрбиенің маңызы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, экологиялық заңды бұзушылармен бітіспес күрес секілді маңызды мәселелер сөз болды.

Аталған шараға Маңғыстау өңірінен биолог әрі тәуелсіз эколог, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан бойынша ҮЕҰ аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» РҚБ Маңғыстау филиалының жетекшісі, Орталық Азия бастамасының аймақтық үйлестіру комитетінің мүшесі Әділбек Қозыбақов қатысқан болатын.

Оның айтуынша, халықтың экологиялық санасын өзгертудегі қоғамның рөліне көбірек көңіл бөлінбек. Бүгінде адам баласының табиғатпен ара қатынасы, біздің күнделікті тіршілігіміздің қоршаған ортаға әсері ерекше екендігін әрбір азамат сезінуі тиіс.

- Расында, экологиялық сана өзгермей, табиғатты құрдымға жіберіп алу оп-оңай. Бұл проблема тек мемлекеттің мүддесі болуы тиіс, қарапайым тұрғындар бұған бас ауыртуға міндетті емес деген пікірден арылу қажет. Қоршаған ортаны қорлау емес, қорғауды үйренуіміз керек. Бір Маңғыстаудың өзінде экологиялық мәселелер жетіп артылады. Ал экологиялық ахуалды жақсартуға әрбір адам өзінің үлесін қосса, қасиетті Маңғыстау ең таза әрі қауіпсіз өңірге айналары сөзсіз, - дейді ол.

Сонымен қатар белгілі болғандай, алда өтетін эко-белсенділерінің слеті өңірлердегі бірлескен экологиялық жобалардың басталуына серпін бермек. Осы мақсатта еліміздің әрбір өңірінен экологиялық бастамалардың жүзеге асырылуын қадағалап отыратын амбассадорларды белгіленді.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Волонтерлер жылы» министрліктің «Birgemiz: Taza Álem» атты жалпыұлттық жобасын іске асыру жоспарда бар. Оның аясында экология саласындағы волонтерлердің деректер базасы жасалады және  «Taza Alem» атты 3 волонтерлерді әдістемелік қолдау орталығы құрылмақ.

Нұр-Сұлтанда өткен кездесу нəтижесінде жол картасы құрылып, оған белсенділердің барлық бастамалары мен ұсыныстары енгізілмек. Бұл бастамалар жыл ішінде орындалмақ.