Аймақтар • 07 Ақпан, 2020

Маңғыстауда өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшыларының есебі қорытындыланды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрбек Қарасаевтың бизнес алдындағы есептік кездесуі қорытындыланды. Облыстың аудандары және Жаңаөзен қаласы іскерлерімен жүздесіп шыққан басшы Ақтау қаласында кездесудің нүктесін қойды. Бұл туралы өңірлік палатаның баспасөз қызметі хабарлады

Маңғыстауда өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшыларының есебі қорытындыланды

Облыс орталығында өткен шараға 600 кәсіпкер жиналды.

-Қазір Маңғыстау облысында 54 мыңға жуық бизнес субъектісі бар. Жыл сайын 4 мың жаңа кәсіп ашылуда. Облыстағы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобалар құны - 57 млрд тг жетіп, республикада 1-орында тұр. «Бастау бизнес» бойынша 1705 жұмыссыз адам оқытылса, «Жас кәсіпкер» арқылы 700 адам бизнес білім алды. Олардан 626-сы жеке кәсібін ашты. Іске асқан жобалар құны- 826 млн тг құрайды, - деді 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтқан МО кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қарасайұлы.

Өткен жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына 134 кәсіпкер араша сұрап, арызданды. Олардан 76-сы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің құқығы қорғалуы нәтижесінде 1,8 млрд тг бизнеске өндірілді. Күрделі мәселелер негізінен жер қатынастары, сатып алулар, сервистік қызмет, мемлекеттік органға шағымдану болып келеді.  

Елімізде цифрландыру жүйесіне қосылу мақсатында жүзеге асқан «Atameken services» электронды қызметі көмегімен 5 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. 6 мыңға жуық іскерге электронды қызмет көрсетілді.

Маңғыстауда «Қарапайым заттар экономикасымен» 71 жоба қарастырылды. Соның 38-і нақтыланып, құны 57 млрд тг болатын мал өсіру, көкөніс егу, қойма қызметі, пластик шығару, медициналық қызметтер тағы басқа кәсіптер ашылды. 

МО кәсіпкерлер палатасының күшімен өңірлік скрининг өтті. Оған облыстағы үй шаруасында отырып, кәсіппен айналысқан 95 мыңнан астам адам қатысты. Оның қорытындысы кәсіпкерлердің әлеуметтік салаларын анықтау, елді мекендердің экономикалық базасын анықтау, аудандардың мамандандыру карталарын қалыптастыру, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бизнес-жобаларды жасақтауға көмегін тигізбек.

Бизнеске есеп берген 5 аудан екі қалада өткен кездесулерде кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер жинақталып орталық аппаратқа және жергілікті билікке жолданады. Осылайша бизнестегі кедергілер мен түйткілді сұрақтар бірлесіп шешімін табуға сеп болады.