Аймақтар • 08 Ақпан, 2020

Жалпыұлттық экспедиция «Тұңғыш Президент жолымен» жүріп өтеді

445 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойлық шара аясында «Тұңғыш Президент жолымен» атты экспедиция бастау алды. Еліміздің өңірлерін қамтитын жалпыхалықтық акцияның тұсауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерінде кесілді. Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев пен Алматы облысының əкімі Амандық Баталов бастаған ел ағалары қатысты.

Жалпыұлттық экспедиция «Тұңғыш Президент жолымен» жүріп өтеді

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған Алматы облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталов жиналған жұртшылықтың айтулы шараның басталуымен құттықтады.

– Ассамблея мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған бұл экспедицияның мәні зор деп білемін. Бұл шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниеге келген өлкесінен бастап, жүріп өткен жолдарын, тәуелсіздікті қалыптастыру мен дамытудағы қадамдарын, стратегиялық бағдарламаларын, бейбітшілік пен келісім саясатын өнеге етудің ерен үлгісі болғалы отыр. Экспедицияның, әсіресе, жастар үшін берері мол. Себебі Тұңғыш Президенттің қайраткерлік жолы, тағылымды өмірбаяны – Отанға, ел мен жерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді облыс басшысы.

Әкім өз сөзінде 1995 жылы 1 наурызда  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган құрылғанын тілге тиек етіп, өткен жылдар ішінде Ассамблеяның институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толысқанын айтты.

«Тұңғыш Президент жолымен» республикалық экспедициясының мақсаты Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыпастырудағы ерен еңбегін насихаттау екенін атап өту керек. Экспедиция мүшелері Тұңғыш Президенттің туған жерінен бастап, оқыған және қызмет еткен аймақтарын да аралап шығады деп жоспарланған.

Жалпыұлттық жобаның ашылуы спорт шебері Саламат Наурызбаев, «Жас көшбасшы – 2019» байқауының жеңімпазы Владимир Чепель, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дамир Дигай, ҚХА мүшесі, облыстық Шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Адам Бойсаевтың экспедицияның туы мен күнделігін салтанатты түрде ортаға алып шығуымен басталды. Осыдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мінберге көтеріліп, «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасының маңызы жайлы, экспедиция барысы жайлы баяндады. Ол өз сөзінде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық түсіністікті қалыптастырудағы Ассамблеяның атқарған ролі жайлы айтып, конституциялық құрылымның 25 жылдығы еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар, шет елдерде де  тойланатынын тілге тиек етті.

в

Жиында сөз алған Елбасының сыныптасы, Қарасай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, жастық шағынан естелік айтып, көшбасшылық қасиеттері жөнінде ұлағатты әңгіме айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Ассамблея мүшелері Наталья Хоменко мен Роза Абилова Елбасымен кездесу кезінде алған әсерлері мен Ұлт көшбасшысының қарапайымдылық, сезімталдық, көрегендік қасиеттерін тебірене толғады. Сондай-ақ «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысының мүшесі Фаризат Худжиева болса сонау сұрапыл жылдары жер аударылып келген атасы Хазірет және  әкесі Хызыр Жаджиевтың отбасын қамқорлығына алып, қатарға қосылуына тікелей ықпал еткен Елбасының әкесі Әбіш туралы жүрекжарды пікірін жеткізді.

«Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасының басталу салтанаты жүрек тебірентер жалынды сөздермен қатар Жетісу өнерпаздарының ән-жырымен де ерекшеленді. Бұл күні жиналған жұртшылық алдында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Талдықорған әуендері», «Үшқоңыр»  ансамбльдерінің әншілері  әуелете ән шырқап, «Алтынай», «Шағала», «Ачимноуль», «Туған жер», «Солнышко», «Темп» би ұжымдары түрлы ұлттардың билерін жұртшылық назарына ұсынды.

а

Салтанатты жиыннан кейін мәртебелі меймандар «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына арнайы ат басын тіреді. Бұл жерде Жансейіт Түймебаев орталыққа ҚХА атынан естелік сыйлық пен Елбасы туралы жазылған кітаптарды сыйға тартса, «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ақын Мақпал Мыса «Аманат» атты өлеңін оқыды. Қонақтар Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайы мен «Батыр бабалар» мемориалында болып, елінің еркіндігі мен жерінің азаттығы жолында қан төгіп, жан берген аға ұрпақтың рухына тағзым жасады.

Шамалған ауылында бастау алған «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы Елбасы еңбек жолын бастаған, шыңдалу мектебінен өткен Қарағанды өңірінде жалғасын табады. Осыған орай Қарағанды облысынан арнайы келген делегация өкілдері Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қолынан экспедицияның туы мен күнделігін салтанатты түрде қабылдап алды.

р

 

Алматы облысы