Қазақстан • 08 Ақпан, 2020

«Бірлігімізге сызат салмайық» - Парламент Мәжілісінің депутаты

514 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиғаға қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында жарияланды деп хабарлайды egemen.kz тілшісі.  

«Бірлігімізге сызат салмайық» - Парламент Мәжілісінің депутаты

«Жамбыл облысы Қордай ауданында болған кешегі жәйт өзекті өртейді. Сол келеңсіздікте қаза болған жандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Мен барлық қазақстандықтарды сабыр болуға шақырғым келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мәлімдеме жасағанын білесіздер. Бұл оқиғаға қатысты кінәлі тұлғалар анықталып, заңға байланысты өз жазаларын алатын болады. Арнайы комиссия құрылып, бұл жайсыздықты толық бақылауда ұстап, өз шешімдерін шығармақ. Еліміздің басты байлығы – ұлттар бірлігі екенін ұмытпайық, Елбасының бейбітшілік пен татулықты ту еткен саясатының арқасында осындай бейбіт күнді кешіп келеміз емес пе?!» деді депутат.

Ел бірлігінің сақталуына, дәріптелуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып жатқан үлесі бар екенін, осы секілді оқиғаларды тудыратын арандатушыларға жол бермеуіміз керек екенін айтты.

«Еліміздің айрандай ұйыған ауызбіршілігін бұзуға мүмкіндік бермеуіміз қажет. Барлық қазақстандықтарды сабырлы болуға шақырамын. Осы жағдайды ескере отырып, оқиғаның қайта болмауының барлық амалдарын жасауға тиіспіз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, бірлігімізді, бейбітшілігімізді бұзушылардың, ел ішіне іріткі салушылардың арам пиғылын кесекөлденең кесіп отырған абзал. Тәуелсіз Қазақстан шаңырағының астында қазақ, өзбек, орыс секілді жүзден аса ұлт-ұлыстар баянды ғұмыр кешіп келеді.

Ол біздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасы! Сол себепті арандатуға ермей, барынша сабырлы бола білейік!» деді Геннадий Шиповских.