Руханият • 09 Ақпан, 2020

Адамзаттың алыбына арналған айтыс

976 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған алғашқы аламан айтыс мәреге жетті. Nur Otan партиясының қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» деген атпен өткен жыр жекпе-жегінде елімізге танымал 16 ақын бақ сынады. 

Адамзаттың алыбына арналған айтыс

Айтыстың шымылдығын ашқан Халықаралық жыршы-термешілер және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман бірқатар жаңа ережелерді атап өтті. Атап айтқанда, бұл жолғы жыр додасында ақындардың жұбы алдын ала анықталмаған. Оларды көрермен сол сәтте жеребе суыру арқылы жұптастырып отырды. Сондықтан да айтыскерлердің тапқырлығы мен суырып салмалығы бұрынғыдан бірнеше есе сынға түскені анық. Бұған қоса қазылар алқасы қатысушылардың өнерін дәстүрлі балдық жүйемен емес, көк түсті түймешікті басу арқылы бағалап, әр жұптың бірін ғана келесі кезеңге өткізіп отырды.

Жиналған жұрттың таңдауымен, ең алдымен, ақтөбелік Марат Ахметов пен шығысқазақстандық Әсем Ережеқызы ұлы ойшылдың рухани мұрасын жырға қосса, елордалық Еркебұлан Қайназаров пен ақтөбелік Ершат Қайболдин сөз сайысын жалғастырды. Үшінші жұп болып сахнаға шыққан алматылық Болатбек Оразбаев пен Қызылорданың шайыры Мейірбек Сұлтанхан өлеңсүйер қауымның делебесін одан сайын қоздырса, бірін бірі қалжыңмен қағытқан атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Шым қаладан келген Нұрлан Есенқұлов көрерменді күлкіге қарық қылды.

а

Қыз бен жігіт айтысын жасаған «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, ақын Рауан Қайдаров пен Сыр елінен келген Нұрзат Қару да әдебиеттің алыбын жырларына арқау етті. Айтыстың алтыншы жұбы қарағандылық Айтбай Жұмағұлов пен қызылордалық Мұхтар Ниязов та аянып қалған жоқ. Екі дүркін Алтын домбыраның иесі атанған Мұхтар Ниязов аварияға түскеніне қарамастан Абайдың тойына аман-есен жеткеніне шүкіршілік ете отырып, өзі жырлағандай «арыстан жал ақындардың» айбатын көрсетті. Жетінші жеребеде жұптасқан павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен қарағандылық Тілеген Әділов Абай ғақлияларын жаңа ғасырмен ұштастыра жырласа, Шығыстың қос ақыны Рүстем Қайыртай мен Серік Қуанғанұлы айтыстың алғашқы айналымын қорытындылады.

Қазылар алқасының шешімімен екінші айналымға өткен 8 ақынның ішінен алғашқы айналымда үздік өнер көрсеткен төртеуі таңдалып алынып, бірден финалда өнер көрсетті. Нақтырақ айтқанда, шешуші кезеңде Мұхтар Ниязов пен Серік Қуанғанұлы айтысса, Еркебұлан Қайназаров пен Мейірбек Сұлтанхан тартысқа толы жыр сайысын өткізді.

а

Сөйтіп, жыр жекпе-жегінде жер апшысын қуырған кіл жүйріктердің өнерін көрермен жұрт 8 сағат бойы тырп етпестен тамсана тамашалады. Бәрі де әдебиет алыбы Абайдың жауһар жырын термелеп, терең толғамдарына бойлай білді, ұлы ойшылдың ұлағатты ойын бүгінгі қоғаммен байланыстырып, елдік мүдде мен бекем бірліктің баянды болуын тіледі.

Қазылар алқасының төрағасы, ақын Несіпбек Айтұлы айтыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, айтыскерлерге алғысын жеткізді.

«Ұлы Абайдың рухына арналған бұл айтыс бүкіл халықтың жүрегінен шықты. Абайдың қасиеті, қадірі, оның әлемдегі, әдебиеттегі, тарихтағы орны ақындарының аузынан жақсы айтылды. Айтыстың алға қойған негізгі мақсаты орындалды. Ақындар қашанда елдің, елдіктің, мемлекеттің мүддесін айтып отыруы керек. Халықтың кеудесіндегі қыжылды жеткізуі тиіс. Бүгін ақындар таразының екі басын ұстап, үлкен сабырмен, ақылмен, керемет өрнекті тілменен тамаша жеткізді» деді ол.

л

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені (3 млн теңге) тап бермеде тартымды өнер көрсеткен Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Бірінші орынды (2 млн теңге) Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орынды (1 млн теңге) Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанғанұлы еншіледі. Үшінші орын (500 мың теңге) Рауан Қайдаров, Тілеген Әділов және Әсем Ережеқызына бұйырды. Айтыстың арнайы жүлдесін (300 мың теңге) Нұрлан Есенқұлов алса, Е.Қайболдин, Ш.Ізбасаров, М.Ахметов, Н.Қару, Б.Оразбаев, А.Жұмағұлов, А.Шұғатаев, Р.Қайыртай қатарлы 8 ақынға шабыттандыру сыйлығы берілді. Сондай-ақ дүбірлі бәйгеге алғаш рет қатысса да, ешкімнен қаймықпай сөз саптаған Нұрзат Қаруға «Әдемі-ай» компаниясының арнайы сыйлығы табысталды.

а

Айтысты жүргізген ақын Жүрсін Ерман бұл дода адамзаттың алыбы – хакім Абайға арналған биылғы алғашқы айтыс екенін атап өтті. Айтысқа арналған баспасөз мәслихатында да осыны айтқан Nur Otan партиясы Саяси жұмыс департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев: «2020 жылы елімізде әртүрлі деңгейдегі 80-ге жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Оның үшеуі халықаралық, 21-і республикалық деңгейде болмақ. Сондай-ақ 21-і Абайдың 175 жылдық мерейтойына, үшеуі әл-Фарабидің 1150 жылдығына, ал бесеуі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналады» деген болатын.  

а

 Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «Egemen Qazaqstan»