Әлем • 10 Ақпан, 2020

Сенат Трампты ақтап шықты

193 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

АҚШ Сенаты президент Дональд Трампты ақтап шықты. Импичмент жариялауға қатысты дауыс берген жоғарғы палата депутаттарының 52-сі Ақ үй басшысына тағылған айыппен келіскен жоқ. Сенаттың осындай шешім шығаратыны күні бұрын белгілі еді. Әйтсе де, халықаралық қоғамдастықты ақталып шыққан Трамптың алдағы әрекеті қызықтырып отыр.

Сенат Трампты ақтап шықты

Ақ үй басшысына сенімсіздік білдіру мәселесі былтыр көте­рілген-ді. Өкілдер палатасы Д.Трамп өкілеттігін асыра пайда­ла­нып, биылғы президенттік сай­лаудағы қарсыласы Джо Бай­денге қарсы астыртын дерек жинауға тырысқан. Ол Украи­на президенті Володимир Зелен­­скиймен әңгіме барысында Д.Бай­деннің осы елдегі газ компания­сында лауа­зымды қызмет атқарған ұлына қа­тысты тың деректер тауып бе­руді сұраған-мыс. Алғашқыда бұл мәліметті құпия дереккөз ха­бар­лаған екен. Кейінірек екі­жақты әңгіменің стенограммасы америкалық медиаға тарап кетті.

АҚШ заңы мұндай қателік жасағанның басынан сипамайтыны белгілі. Президенттің шалыс басқан қадамы бірден қоғам сынына ұшырады. Әсіресе елдегі демократтар Д.Трампты айыптап, Өкілдер палатасы тексерісті бастап кеткен. Бірақ бұған қар­сылық танытуға тырысқан президент әкімшілігі «артық қылам деп, тыртық қылып алды». Олар тергеушілердің іздеген құжат­тарын тауып беруге кедергі кел­тірген. АҚШ-та баспасөз бос­тандығы мен сөз еркіндігі бар. Со­ған сәйкес тіпті Ақ үйдің өзі­­­нен мәлімет сұратуға кез келген журналист те, тергеуші де құқылы. Президент әкімшілігінің әрекеті осы заңға қарсы келген­дік­тен, Өкілдер палатасы Д.Трамп Конгресс жұмысына ке­дер­­гі келтірді деп тағы бір ай­ып тақты.

Президентке импичмент жариялау мәселесі Өкілдер пала­тасында ұзақ қаралды. Куә­герлерді тыңдап, деректер мен дәлелдерді саралаған төменгі палата көп ұзамай Д.Трампқа сенімсіздік білдірген. Мұның се­­бебі түсінікті. Қазіргі АҚШ пре­зиденті республикашылар тара­пынан сайланған. Ал Өкілдер палатасының негізін демократтар құрайды. Яғни екі тарап саяси сахнада бір-біріне қарсылас саналады.

Алайда Өкілдер палатасының аппараты аталған құжатты Се­натқа өткізуге асыққан жоқ. Тө­­менгі палата спикері Нэнси Пе­­лоси оған таяуда ғана қол қойып, ресми түрде Сенатқа та­быс­тады. Осылайша, жоғарғы палата Трамптың тағдырына қа­тысты құжатты 21 қаңтардан бас­тап егжей-тегжейлі зерттеуге кіріскен. Әйтсе де Сенаттың импичмент жарияламайтыны әу бастан белгілі-тұғын. Өйткені жоғарғы палата депутаттарының 53-і – республикашылар. Яғни Д.Трамп­тың жақтастары соңғы шешім қабылдауда басымдыққа ие. Ал Сенаттағы демократтардың саны 45 болса, екі сенатор еш партияға кірмейді.

АҚШ заңы бойынша  Д.Трамп­­­ты өз құзыретін асыра пай­­­даланды деп тану үшін палата депутаттарының үштен екісі импичмент құжатын қолдап дауы­с беруі керек. Көптің болжамы қателеспеді. Сенат Д.Трампты ақ­тап шықты. Жоғарыда келтірген бірінші айыптауға 52 республикашы қарсылық білдірген. Екінші мәселеге қатысты да көпшілік Ақ үй басшысын жақтап шықты. Осылайша, республикашылар өз өкілін далаға тастаған жоқ.

Ақ үйдің баспасөз хатшы­сы Стефани Гришам осы оқи­ғаға қатысты пікір білдіріп, Д.Трамптың әрдайым халықтың мүддесін жоғары қойғанын мәлімдеді.

«Осы жемқорлық процесі кезінде президент Трамп АҚШ мүддесін әрдайым сәтті қорғап, америкалықтарды мазалайтын мәселелерге назар аударды. Ол ел халқына қажетті жеңістерге қол жеткізсе, демократтар өздерінің жымысқы әрекетінен тағы да пайда көрген жоқ», деді С.Гришам.

Д.Трамп мұндай жеңіске ерекше қуанды десек қате­лес­пейміз. Сенаттағы дауыс беру аяқталғаннан кейін ол бұ­қаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, жиынға «Трамп ақталды» деп үлкен әріптермен жазылған Washington Post газетінің нөмірін қолтығына қыстыра келіпті. Сон­дай-ақ «өмірде қателестім. Оны мойындаймын... Бірақ нәтижесі мынау» деп газетті көп­шілікке көрсетті.

Бұдан бөлек, АҚШ президенті бірқатар мәселенің басын шалса да, қатты қапаланғанын байқау қиын емес. Әсіресе ол президентке лайық емес сөздер қолданғаны мұхиттың арғы бетінде қызу талқыланып жатыр. Сонымен қатар Д.Трамп өзіне қарсы келгендерді аямайтын сыңайлы. Politico сайтының мәліметіне сүйенсек, Ақ үй басшысы жоғарғы палата депутаты Митт Румнейге шүйліккен көрінеді. Мұның себебі мынада. Юталық сенатор республикашылар қатарында болғанына қарамастан, импичмент мәселесі көтерілгелі бері Д.Трампты жиі айыптады. Дауыс беру кезінде де М.Румней Ақ үй басшысына сенімсіздік білдірген. Бизнестің жілігін шағып, майын ішкен Д.Трамп мұны арқадан пышақ ұру деп түсінетіні белгілі. Сондықтан жоғарыда айтылған мәлімет шындыққа саяды.

Оның үстіне, демократтар ақталған Дональд Трамптың бұрынғыдан да батылырақ қи­мылдайтынын айтып, алаң­дап отыр. Президенттің өткен төрт жылда жолын кесуге тал­пынғандардан есе қайтаруды да көздейтіні түсінікті. Ақ үй басшысы күні кеше халыққа жасаған жолдауында да мұның шет жа­ғасын айтып қалды. Мұның да өз себебі бар. Ақ үй кеңесшісі подполковник Александр Виндман Сенаттағы тыңдалым кезінде куәгер ретінде сөйлеген. Д.Трамп мұны кешіре алмайтыны айтпаса да түсінікті. BBC арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, подполковник Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінен босатылмақ.

Жалпы, Д.Трамптың ақталып шығуы бірнеше мәселенің басын ашып берді. Біріншіден, партияластарының басым бөлігі оны қолдайды. Сенаттағы дауыс беруге дейін кей сарапшыларда күмән болған. Алайда енді Ақ үйдің қазіргі басшысының танымалдылығына талас жоқ екені айдан анық. Мәселен, өткен аптада жүргізілген сауалдама республикашылардың 94 пайызы Трамп әкімшілігін қолдайтынын көрсетті. Яғни жылдан-жылға оның партия ішіндегі жақтастары артып келеді. Былтыр бұл көр­сеткіш 89 пайызды құраған-ды. Ал төрт жыл бұрын партия ішін­дегі жақтастары мүлдем аз еді.

Екіншіден, ендігі жерде Д.Трамп еркін қимылдайды. Би­ыл АҚШ-та президент сайлауы өтпек. Импичмент мәселесін оң­тайлы шешіп алғаннан кейін Ақ үйдің қазіргі басшысы алдағы саяси науқанға қызу дайындықпен кіріседі. Мәселен, Д.Трамптың сайлауға дайындығын жүргізу үшін 46 миллион доллар жиналыпты. Бұл қомақты сома сайлау­алды науқанды жүргізуге молынан жетуі тиіс.

АҚШ президентіне жария­ланған импичментті Сенаттың қабылдамауын сарапшылар сан-саққа жүгіртіп жатыр. Джордж Вашингтон университетінің профессоры Джонатан Терлей адамдар қалағанын ғана тыңдады деп есептейді.

«Сенаттағы көпшілік респуб­ликашылар Ұлттық қауіп­сіздік кеңесшісі Джон Болтонды тың­дағысы келген жоқ. Ол пре­зиденттің Украина жөніндегі әңгімесі мен Байденге қатысты астыртын мәлімет жинауына қатысты куәлік беретін еді. Ақыр соңында куәгердің не ай­та­тынының маңызы қалмады. Өйткені сенаторлар президентке қарсы пікір айтылғанына маңыз берген жоқ», дейді Д.Терлей.

Айтпақшы, ақталғаннан кейін Д.Трамптың халыққа жолдау жасағанын жоғарыда айттық. Осы шарада мынандай қызық оқиға болды. Ақ үй басшысы жиын өткен залға кіріп, мінбердегі орнына шыққаннан кейін Өкілдер палатасы мен Сенат спикеріне жолдауының мәтінін берді. Бірақ төменгі палата спикері Нэнси Пелосидің ұсынған қолын алған жоқ. Өз кезегінде Н.Пэлоси ханым жолдау аяқталған соң, Д.Трамп ұсынған мәтінді көпшіліктің алдында жыртып тастады.

Айта кетерлігі, АҚШ Сенаты өз тарихында үшінші рет қана импичмент мәселесін қарастырды. Өкілдер палатасы 1868 жылы Эндрю Джонсонға, 1998 жылы Билл Клинтонға қатысты іс қоз­ғаған-ды. Сенат екі президентті де ақтап шықты.

Мұхиттың арғы бетіндегі саяси аренада оқиға енді қалай өрбуі мүмкін? Жоғарыда айтып өтке­німіздей, Д.Трамп алдағы сайлауға дайындыққа белсене кіріседі. Ол өзінің алдағы нау­қанда жеңіске жететініне сенімді. Таяуда Нью-Джерси штатында өткен халықпен кездесуінде Ақ үй басшысы демократтардың бұған әлі келмейтінін айтып, «олар сайлауда мені жеңе алмайтынын білгендіктен, қолынан келгеннің бәрін істеуге тырысып жатыр», деп бір әңгіменің шетін қайырды.

Бұған негіз бар. USA Today газетінің хабарлауынша, де­мократтар алдағы сайлауда жеңілетінін іші сезеді. Сон­дық­тан елдегі басты оқиғаға дейін мәселені біржақты етуді көздейді.