Медицина • 10 Ақпан, 2020

Коронавирусқа ем табылмай тұр

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Індет басталмай жатып жаңа вирус қаупі барын хабарлаған қытайлық офтальмолог Ли Вэньлян коронавирустен қайтыс болды. Ухань дәрігерлері әріптестерінің өмірі үшін күрескенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Осымен 600-ден астам адамның өмірін қиған вирусқа ем әлі табылмай отыр.

Коронавирусқа ем табылмай тұр

 

Дәрігерге қатысты ақпа­рат­ты  алғаш болып Қытайдың ағылшын тілінде шығатын Global Times газеті хабарлады. Алай­да біраз уақыттан кейін хабар­ламаны өшіріп, оны жоқ­қа шығарды. Одан кейін ауру­хана әлеуметтік желідегі парақ­шасында ақпаратты растады.

34 жастағы дәрігер желтоқ­санның аяғында өзі қызмет ететін Ухань қаласындағы ауру­ханаға бірдей диагнозбен 7 науқастың түскенін байқайды. Науқастардың барлығы – теңіз тағамдарын сататын базар қыз­меткерлері. Бұл жайтқа алаң­даған Ли достарына хабарламалар жіберіп, абай болуын ескертеді. Жаңалық әлеуметтік желілерде тез тарап, көп ұза­май полиция қызметкерлері дә­рігерді тергеуге шақырып, жал­­ған ақпарат таратуға тыйым салады.

12 қаңтарда дәрігердің өзі де ауруханаға түсіп, 1 ақпанда коронавирус жұқтырғаны расталады. Аурухана қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, олар әріп­тестерін аман алып қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеген. Науқастың қанын оттегімен қам­тамасыз ететін арнайы құ­рал­дардан бастап, жүрек соғы­сын реттейтін арнайы маши­налар қолданған. Алайда Ли Вэньлян 6 ақпан күні кешкі 21:30-да жан тапсырды.

Қытай үкіметі 2019-nCov вирусына қарсы қатаң шараларды қолға алды. Үкімет мейрамханаларда үлкен топтармен жиналуға, той, туған күн тойлауға тыйым салды. Ал Ханч­жоу мен Наньчан сияқты ірі қалаларда сыртқа шығатын адам­­дардың санына да шектеу қой­­ған. Хубэй провинциясында лиф­­тілердің жұмысын тоқтатып тастаған.

Науқастар санының кө­беюіне байланысты билік 10 күнде 1000 адамға арналған аурухана салуды тапсырды. Уақтылы орын­далған тапсырма да жағ­дайды түземеді. Ухань ауруханаларында орын жоқ, онымен қоса медициналық құралдардың жетіспеушілігі бар. Дегенмен сақтық шаралары қолға алынған. Әлеу­меттік желілерде медицина қыз­меткерлері үйлерді аралап, тұрғындардың қызуын өлшеп жүр деген хабарлар тарап жатыр. Тіпті қала көшелерінде адам­­дардың жүруіне рұқсат жоқ деген бейнежазбалар да желіні шулатты.

Әлем де алаңдаулы. Өйт­кені шет мемлекеттер де күн сайын азаматтарынан 2019-nCov инфекциясы анықта­лға­нын хабарлауда. Джон Хоп­кинс орталығының арнайы дереккөзінің ақпаратына сүйен­сек, әлем бойынша 37 547 адам ин­фекция жұқтырған. 2701 адам емделіп шығып, 813-і қайтыс болған. Шет мемлекетт­ердің ішінде Сингапур ауру жұқ­тыр­ған азаматы ең көп мемлекет болып отыр. Онда 40 адам тір­келген, ал Таиландта – 32.

Бұл вирус Жапонияны да әуреге салды. Жапония жаға­жайларына келетін лайнерлерде коронавирус жұқтырған азаматтар анықталуда. Мә­селен, Гонконгтен шыққан World Dream лайнерінде бол­ған 3600 жолаушының үшеуі ви­рус жұқтырған болып шық­ты, тағы бір лайнерде 60 адам бақылауға алынған. Ал Йоко­гама жағажайына келе жат­қан The Westerham лай­не­рінде, алдын ала мәлімет бо­йынша, 20 науқастың бары анықталып отыр. Жапония премьер-минис­трі Синдзо Абе жолаушыларға жағаға шығуға мүм­кіндік беріл­мейтінін хабарлады.

Пенсильвания универ­сите­тіне қарасты Жұқпалы аурулар орталығының профессоры Элизабет МакГроу коронавируске қарсы вакцина әзір ойлап табылмайтынын айтады. «Ғажайыпқа сенудің қажеті жоқ, вакцинаны тез арада жасап шығару мүмкін емес. Бұл індет кезінде шықпаса да, дайындап қойған абзал. Ал әзірге SARS вирусына қарсы вакцинаны қол­данған дұрысырақ болады», деді.