Руханият • 10 Ақпан, 2020

Қайраткер

532 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мен елімізде университет кампусын салған заманауи жоғары оқу орындарының іргетасын қалап, жоғары білім беру мен ғылымды ұйымдастырудың негізін салуда зор еңбек сіңірген, аты аңызға айналған екі ректорды білемін.

Қайраткер

Оның біріншісі – әсем қала Ал­матыда қазіргі Әл-Фараби атын­­­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­те­ті­нің ректоры бол­ған, мем­лекет және қоғам қайраткері, ғылым мен бі­лім­нің көрнекті ұйымдастырушысы, Қа­зақ­­стан­дағы роботтар механикасы, механизмдер және машиналар тео­рия­сы мектебінің негізін қа­лаушы, академик Өмірбек Арыс­ланұлы Жолдасбеков. Ол кісі бар ғұмырын ғылым мен білім жо­лында сарп етіп, ҚазҰУ қала­шы­ғын салып іргелі оқу орны­ның мәр­те­бесі мен айбынын асқақ­та­тып кетті.

Ал екіншісі – Ш.Есенов атын­да­­ғы Каспий мемлекеттік техно­ло­­гиялар және инжиниринг уни­в­ер­­­­ситетінің ректоры болған тех­­­ника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық инже­нерлік академияның, Ұлт­тық жаратылыстану ғы­лым­да­ры академиясының және ха­лық­­аралық Жоғары мектеп ака­де­мия­сының академигі Әбдім­ү­тә­ліп Әбжа­ппаров.

Әбдімүтәліп Әбжаппарұлын киелі өлке Маңғыстауда құр­мет тұтпайтын адам сирек болар. Ол тұтас қалашықты қам­ти­тын аумақты қоршатып уни­вер­ситеттің бас корпусын, үлкен спорт кешенін, ұстаздарға арнап баспана, студенттер үшін жатақ­хана тұрғызды. Сөйтіп рек­­тор болған жылдарында елге өзінің дара қолтаңбасын қал­дырды. Бүгінде талай білім қуған жастарға білім нәрін беріп жат­қан оқу ордасы Ақтаудың көр­кі­не көрік қосып тұр деп зор мақ­та­ныш­пен айтамыз.

Қырғызстанның Ош облысы­ның шалғайдағы шағын ауы­лында шаруа отбасында дүниеге келген Әбдімүтәліп бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің ерекше даралығы – көпшілікті қандай мәселеге болсын иландыра білетіндігі, өзекті нәрсені нақты дәлелдеп, көкейге қондырып, кімнің болмасын көзін жеткізіп айта білетіндігі, тектілік қасиеті. Мұндай асыл қасиет, өр мінез, шешендік тіл Әбекеңе қайдан дарыған дейтін болсақ, оның әже әлдиімен бойына жұққанына көз жет­кіземіз. Тұңғыш неме­ре­сіне азан шақырып, Анар әже­сі Әбдімү­тәліп деп ат қо­йып, бауыры­на салып, өз тәр­бие­сі­не алады. Діни сауатты әже­сі Мұ­хаммед Пайғамбардың атасының есімі немеремді қолдап, қолтығынан демей жүрсін, күш-қуат, жігер берсін деп ырымдап қойса керек. Ақ жаулықты асыл әженің ақ тілегі қабыл болып, немересі бала кезден зерек болып өседі. Көрші елде тұрақтап, қоныс тепкен әулет қаны тамған сталиндік заман өткен соң, оның озбырлық саясаты да саябырсып, заманның беталысы түзеле бастаған 1954 жылы Атамекенге ат басын бұрыпты. Осылайша Әбекең балалық шағында ата жұртының қасиетті топырағын басады. Сол жылы Қазақ жерімен қайта қауышқан Асқар атаның отба­сы қонысқа қолайлы жер деп Түркістан жеріне көшіп келеді. Түркістандағы №386 теміржол қазақ орта мектебіне барған бала Мүтәш алғырлығымен өз қатарластарынан озып тұратын еді. Мектепте химия пәнін ерекше сүйіп оқиды. Әдебиетті де кере­мет жақсы көрген екен. Мек­­теп­ті медальмен аяқтаған жас Алматыға келіп сол кездегі В.И.Ленин атындағы Қазақ поли­тех­никалық институтының металлургия факультетін 1972 жылы үздік бітіріп, инженер-метал­лург атанады. Одан кейін ғы­лым­ға бет бұрады. Ғалымның зерттеу жұмыстары негізінен Қазақстандағы төменгі сапалы сазтопырақты шикізатты кешенді өңдеу технологиясы мен физика-химиялық негізде жүйелі зерттеулерге арналды. Бұл зерттеулер өз жемісін беріп, нәтижелері технологиялық үдерістердің тиімді режимдік жағдайларын ғы­лыми талдауға жол ашты. Ғы­лы­ми зерттеулерінің негізінде гидрохимиялық өңдеу кезінде қайталама шығынды төмендетуге арналған технологиялық тәр­тіп ұсынды. Әбдімүтәліп Әбжап­парұлының ғылыми зерт­теу­ле­рі соны сипатымен, тың тұжы­рым­­да­рымен ғылыми ортаны елең еткізіп, тек Қазақстан ға­лым­дарының ғана емес, шетел­дік әріптестерінің де назарын аудара білді. 1988-1989 жылдары Германия Федеративтік Республикасының екі бірдей жоғары оқу орнында – Клаусталь тех­никалық университеті мен Ахен қаласындағы Рейн-Вест­фаль техникалық жоғары мек­те­бінде машықтанудан өтіп, сондағы әріптестерімен ғылыми тә­жірибе алмасты. 1994-1995 жыл­дары Целли қаласындағы Төменгі Саксон Басқару академиясында білімін жетілдірді, бас­қару саласынан «Білім беру сала­сында персоналмен жұмыс жасау» тақырыбында диплом жұмысын неміс тілінде қорғап шықты. Шетелдің жетекші уни­верситеттерінде білімін толық­ты­рып келген Әбекең енді бар қажыр-қайратын тәуелсіз елдің дамуына арнады.

Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы Әбжаппаров көрнекті ғалым, қазақ­стандық қазіргі заманғы жоғары білім беру мен ғылымды ұйымдастырудың негізін салу мен дамытудың көрнекті өкілі ретінде танымал. Ол 1997-1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трі Кеңсесінің сараптама-талда­ма­­­лық бөлімінің кеңесшісі, қар­жы-экономикалық сарап­тау бөлі­мінің кеңесшісі, Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы Премьер-Министрі Кең­се­сі­нің эконо­ми­калық бөлімінің кеңес­ші­сі сияқ­ты жауапты қыз­мет­терде болған. 1998 жылы тех­ника ғылым­дарының докто­ры ғылыми дəре­жесін алу үшін диссертация қорғады. 1999-2001 жыл­дары ҚР БҒМ Жоғары жəне орта арнаулы білім беру депар­та­ментінің директоры, 2001-2005 жылдары С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің рек­торы қызметін атқарған. 2005-2013 жылдары – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік уни­верситетінің (кейін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік техно­логиялар жəне инжини­ри­нг университеті) ректоры, 2013-2014 жылдары – Рес­пуб­ликалық техникалық жəне кəсі­би білімді дамыту жəне санат беру ғылыми-əдістемелік орталығы бас директоры, 2014-2018 жылдары – Ш.Уəлиханов атын­да­ғы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры қыз­ме­тін абыроймен атқарды. 2018 жыл­дың қыркүйек айынан бері Қа­­зақ­­с­тандағы инженерлік білім ас­социациясының президенті қыз­­метін атқаруда.

Ол қай жерде жүрсе де, қандай қызметтің тізгінін ұстаса да білімі мен біліктілігінің арқа­сын­да қолға алған шаруасын дөңгелетіп алып кететін бі­лік­ті де іскер, мінезді жан екен­ді­гін ұзақ жылдар Ш.Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік тех­нологиялар және инжиниринг университетінің ректоры қыз­ме­тін­де болғанда дәлелдеген еді. Сол кезде игілігімізге жараған оқу орнының бас ғимараты да, жаңа заман талабына сай салынған бес жүз орындық жатақхана мен спорт кешені де, құрылысы енді басталған қызметкерлерге арналған тұрғын үй де, әрине бұған ешкімнің таласы жоқ, Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының дара қолтаңбасы еді.

Әбжаппаров 2005 жылы Ақтау қаласындағы мемлекеттік универ­ситетке ректор болып келгеннен бастап, оқу орнында кең көлемдегі қайта құрулар жүзеге асы­рыла бастағаны белгілі. Уни­вер­ситет дамуының жаңа заманауи талаптарға сай түбегейлі өзге­рістер кезеңі басталды. Білім ордасын оқу үдерісінің ұйым­дастырылуы мен ғылыми-зерт­теу жұмыстарының тиімділігі жағынан да, сыртқы келбеті мен материалдық-техникалық жарақ­тандырылуымен де әлемдік жетек­ші университеттер дең­гей­­іне сәйкестендіруге арналған түбегейлі өзгерістер жасаудың стра­тегиялық міндеттері айқын­да­лып, ауқымды шаралар қолға алынды.

Ұзақ жылдар бойы Маңғыс­таудағы осынау іргелі оқу орнының жеке ғимараттары бол­мағандықтан Ақтау қала­сы­ның әр жеріндегі әкімшілік, мектеп, балабақша, жатақ­ха­на ғимараттары сияқты түрлі нысандарды пайдаланып келгені белгілі. «Ақтауда шетелдік үлгі­де­гі университет қалашығы салынса» деген тілек-өтінішін талай мінбеден айтқан Әбекең ақырында арманына жетті. Бұл мәселе Әбекеңе дейін де талай келелі жиындарда сан рет айтылды да. Бірақ құр сөз күйінде қала берген еді. Ә.Әбжаппаров өзі­нің табандылығымен талай табалдырықты тоздырып, Ақтау­дың жаңа шағын ауданынан елу төрт гектар жер алуға қол жет­кіз­ді.

Осы жұмыстың басы-қасында жүрген лауазымды азаматтар бұл жобаға Елбасы ұдайы назар аударып, қолдау көрсетіп отырғанын айтады, оған студенттер мен оқытушылар ұжымы, облыс тұрғындары дән риза. Елбасының қамқорлығы туралы айтқанда, әсіресе естен кетпес екі оқиғаны ескермей кету мүмкін емес. Оның бірі – университет кампусының жобасын Елбасына көрсетіп, оның ақ батасын алу да, екіншісі – жаңа бас ғимаратқа Тұңғыш Президентіміздің келіп, қол жеткен жетістіктер мен жүріп жатқан жұмыс барысына риза­шы­лығын білдіруі болатын.

Сол жылдары жыл сайын өткі­зі­­летін халықаралық, респуб­­ли­калық пәндік олимпиадалар­да университет студенттері жо­ға­ры нәтиже көрсетіп жүрді. Оқу орны­ның халықаралық дең­гей­де­гі шетелдік университеттер­мен байланыс өрісі кеңейе түсті. Әлемнің маңдайалды уни­верситеттері – Ресейдің Ломо­но­сов атындағы ММУ (МГУ), Бауман атындағы ММЖТУ (МГВТУ), т.б., Поль­ша­­ның Вроцлав, Познань уни­вер­ситеттері, Германияның Вил­­даудағы техникалық уни­вер­­ситеті, АҚШ-тың Луизиана шта­тындағы университеттер жүйе­сі, Түркия, Қытай, Иран, Әзербайжан, Дағыстан, Қалмақ, Корей университеттерімен ха­лық­аралық қатынастар жөнін­де­гі келісім шарттар жасалынды және олармен тығыз байланыс­тар орнатылды. Шәкірттер білім алмасу бағдарламасы бойынша Германия, Польша, Қытай және Түркия, Ресей мен АҚШ, Үнді мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында, теңіз мамандығының студенттері Нидерландиядағы «Willem Baren­tsz» теңіз институтында оқып білім алды. Шетелдерден келген белгілі ғалымдар келісім­шарттар негізінде білім алу­шы­лар­ға дәрістер оқыды.

Ш.Уәлиханов атындағы Көк­ше­тау мемлекеттік уни­вер­си­­тетіне 2014-2018 жыл­дары ректор болған Ә.Әбжаппаровтың білік­­ті басшы, іскер азамат, тә­жі­ри­­бесі мол, өз ісінің маманы екен­дігі іс барысында тайға таңба бас­қандай көрінді. Университет тарихына көз жү­­гіртер болсақ, оның ірге кө­тер­­геніне елу жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында сан мың­даған студенттерді тәр­бие­леп, еліміздің еңбек нары­ғын­да жоғары сұранысқа ие мамандарды оқытып шығарды. Уни­верситет 50-ден астам халық­ара­лық ынтымақтастық туралы келісімшарттарды іске асырған, ЛОГО кеңесі, Erasmus Mundus, Tempus бағдарламалары аясында университеттер консорциумы құрамына енген. 2015 жылы Эразмус бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыру үшін Еуропалық Кеңес грантын ұтып алыпты. Бірнеше жоғары марапаттарға қол жет­кізу – уни­верситет ректоры болған тәжіри­белі де білікті бас­шының ерен еңбегінің арқа­сы. Әбекең осында рек­тор­­лық лауазымдық қызметке та­ғайын­далған күннен бастап-ақ жоғары оқу орны бүгінгі заман талабының көшіне ілесе бас­тады. Оның басшылығының мұрындық болуымен уни­­вер­си­­теттің жаңа заманауи оқу-зерт­ха­на­лық базасын құруды қарас­тыратын университетті да­мыту бағдарламасы жасалды. Оқу үдерісін халықаралық дең­гей­де ұйымдастыру үшін 40-тан астам оқу және ғылыми зертханалар құрылды. Жайлы заманауи жатақхана, арнайы шақы­рыл­ған дәріскерлерге арналған тұр­ғын-жай – Ғалымдар үйі салынды.

Парасаттылығының арқа­сын­­да қай мәселені қолға алса да, ол асқан ыждағаттылықпен атқарып, биіктен көрініп келеді. Нағыз кемеліне келген текті азаматтың рухани дүниесінің, жарқын болашақ, ұлт мүддесі үшін адал қызметінің, өзінен кейінгілерге ағалық ізгілік шуа­ғы­ның әлі де сарқыл-май­ты­ны­на сенеміз.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі