Ойланып қалдым. Иә, рас, соның алдында ғана ҰБТ-дан шекті балл алғанымен грантқа іліне алмаған құдамыздың баласына жекеменшік университеттердің біріне оқуға түсуге жәрдемім тиген. Ағам соны біліп айтып тұр ғой. Құда бала сол оқу орнын аттай қалап, басқасына бармаймын деген екен. Алғашында бұл шаруаға жүрексіне кіріскеніммен өзім барып сөйлескен оқу орнының басшылары сөзге келген жоқ. Тіптен оңай шешілді. Енді төрт-бес жыл білім беретін білдей университет студентін осылай оп-оңай қабылдап жатқанда төрт-бес айлық курсқа бір оқушыны түсірудің не қиындығы бар деп ойладым. Содан ағама «Көршіңіздің қызы құжаттарын жіберсін, білім басқармасындағы таныстарыммен сөйлесіп, шешіп беремін» деп қуантып қойдым.
Артынша-ақ аспаздықты армандап жүрген ару қыздың өзі келді. Сөйтсем ағамның көршісі өзбек екен. «Аға, маған аспаз деген куәлік керек. Онсыз да тамақтың түр-түрін істей беремін ғой. Бірақ осы қаладағы бір мейрамханаға жұмысқа тұрайын десем, аспаз деген куәлік сұрайды екен» деді қыз қызарып. Аппақ қыздың арман-мақсатына аң-таң болсам да телефонымды алып, танысымның нөмірін тере бастадым. Бірақ білім басқармасындағы танысымның әңгімесі тіптен, таңғалдырды. Ол кісі «Айып етпе, бұл шаруа қолымнан келмейді, дәл қазір қиын...» деп кесіп айтты. «Қалайша? Аспаздықтың курсына бір адамды кіргізуге болмай ма?» «Жоқ. Ол колледждегі курстарға жастар конкурспен түседі. Конкурс өтіп кеткен. Орын толып қойды. Түсемін деген адам көп. Сондықтан бұл қыз кешігіп қалды. Келесі жолы келсін» деді танысым. «Мәссаған» деп, беторамалыммен маңдайымдағы терімді сүрттім. Шынында солай болғаны ма? Ағама уәде беріп қойған соң, ұят болмасын деп, тағы бір-екі адамға телефон шалдым. Бірақ шаруа шешілмеді. Әлгі курстарға өзге ұлттың балалары таласып-тармасып түсіп алыпты. Қысқасы, өзбек қыз сол күзде курсқа бара алмады.
Айтайын дегенім, біз баланы «жақсы оқымасаң, ауылда қой бағып жүресің» деп кішкентайынан қорқытамыз. Яғни, ұл-қызымыз жоғары оқу орнын бітірмесе, жұмыс таба алмай қалатындай сезінеміз. Тараздағы бір кәсіпкер ағамыз мектеп бітіргелі жатқан баласының жиналысына қатысқан ғой. Сонда ата-аналардың барлығы балаларына мықты мамандықтар таңдағанын жарыса айтыпты. Бұл «Менің балам мал дәрігері болады» десе, сол жерде отырғандар «Болашағы мықты басқа мамандық таңдамадыңыз ба?» деп күлген көрінеді. Сол кезде кәсіпкер «Неге? Ауыл шаруашылығы мамандығымен Асқар Мырзахметов те облыс әкімі дәрежесіне жетті ғой» дегенде бәрі жым болыпты.
Былтыр елімізде 143 089 оқушы мектеп бітірсе, 117 242 түлек ЖОО-ларға түсу үшін ҰБТ тапсырды. Әрине ата-ана үшін баласының жоғары оқу орнына түскені үлкен қуаныш. Алайда әр бала ата-анасын оқуға түсуімен емес, кәсіп игеріп, табыс табуымен қуантуы керек сияқты. Мамандықтың жақсы-жаманы жоқ.
Яғни, министрдiң бәрi бақытты, қойшының бәрi бақытсыз емес. Қазiр қазақтың балалары кәсiптiк мектептерге көп түсе бермейдi. «Дүкенге терезе салу керек болды. Сопиып осы жерде оннан астам қазақтың баласы жүрмiз, бiреуiмiздiң қолымыздан келмейдi екен. Тоғызыншы сыныпта оқитын өзбектiң бiр баласы салып бердi. Компьютерiмiз бұзылып қалды. Осы жерде жүргендердiң көбiсi жоғары оқу орнын бiтiрген. Бiреуi компьютердi жақсы бiлмейдi екен. Бiр кәрiстiң баласы келiп жөндеп бердi» деп күйiнедi әлгі кәсіпкер ағамыз.
Иә, шынында, ойланарлық-ақ жағдай...