Себеп пен салдар
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жылдың қазан айындағы баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова елімізде жүргізілген оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижесі бойынша ауыл балаларының қаладағы қара домалақтарымыздан 8 ұпайға артта келе жатқанын жеткізді. Ал білім сапасын анықтайтын PISA халықаралық зерттеу қорытындысы 19-26 ұпайға артта қалып қойғанын көрсетіп отыр. Негізі қала мен ауыл оқушыларының оқу жетістіктері арасындағы айырмашылық ҰБТ қорытындысынан да байқалатыны белгілі.
Бұл проблеманың салдарымен емес, себебімен күресу үшін түпкі төркінін сараптап көрелік. Вице-министр білім сапасындағы айтарлықтай алшақтықтың басты себебі мұғалімдердің кәсібилігі мен біліктілігіне байланысты екенін айтты. Ал ауылдағы білім ошақтарын, анығында шағын жинақты мектептердің (ШЖМ) жағдайын жан-жақты зерттеумен айналысып жүрген сарапшы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Аймақтану кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы болып жұмыс істейтін Жасұлан Нұрбаев негізгі себеп мектеп жүйесін басқару мен қаржыландыруда деп түсіндіреді. «Педагог мамандар жоғары оқу орындарында бір мемлекеттік бағдарламамен, барлығына ортақ стандартқа сай даярланады. Негізі мәселе мамандардың жұмысын жүйеге келтіру мен қаржыландыруды дұрыс жолға қоюда болып тұр. Былайғы адам біле бермеуі мүмкін, шындығында педагогтердің біліктілігін арттыру немесе кәсіби қызметкердің жұмыс істеуіне лайықты жағдай жасау мектептегі менеджментке және қаржыландыруға тікелей байланысты. Қалай дерсіз? Мәселен, біліктілігін арттыру курсына жіберу үшін де қаржы керек. Бәріне бірдей ақша бөлінбейтіндіктен мұғалімдер амалсыз өз қалтасынан төлейді. Қарапайым химия пәнінің мұғалімі оқушыларды қызықтырып түрлі тәжірибелер жасағысы келеді, бірақ жабдықтар жоқ яки жетіспейді», дейді Ж.Нұрбаев. Сарапшының сөзінде салмақ бар. Бұл жайтты тиісті ведомство да білетін болар. Жақында министрлік 2020 жылдан бастап еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің жан басына қаржыландыру жүйесіне өтетінін жариялады. Алайда аймақтану маманы бұл жүйе қала мектептерінде ғана жақсы нәтиже беретінін, ШЖМ-ге мұның пайдасынан зияны көп болатынын айтады. «Демек оқушы саны аз мектептерге там-тұмдап қана қаржы бөлінеді деген сөз. Онда ШЖМ жабылып тынады. Ақша жөнді жетпегендіктен мектепті соңғы технологиялармен жабдықтау мәселесі де шешілмейді. ІТ технологиялар алдыңғы орынға шыққан ХХІ ғасырда біз оқушыларымыз түгілі мұғалімдерді толық компьютермен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қазір курстардың көбі онлайн тәртібімен өтеді. Осыған дейін жүргізген зерттеулерімнен ауыл мектептерінде 10 компьютердің 2-еуі істемейтінін анықтап отырмыз. Онда да екі компьютердің біреуі әкімшілікке, екіншісі директорға тиесілі. Ал қолында құрылғысы жоқ немесе мектебі интернетке қосылмаған маман қайтіп біліктілігін көтереді?», деп түйіні тарқамаған түйткілді ашық көрсетті.
Білім саласындағы проблемаларды жиі көтеріп жүретін Мәжіліс депутаты, өзі де еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған және педагогика саласында көпжылдық еңбек өтілі бар Ирина Смирнова да қала мен ауыл оқу ошақтары арасындағы білім сапасының айырмашылығына мектептердің жабдықталуы тікелей әсер етіп отырғанын жеткізді. «Бірақ мектептердің жалпы жағдайы мен жабдықталуы – күрделенген көп себептің бірі ғана. Бастысы – мұғалімде. Бүгінде ауылға қандай педагог жұмыс істеуге барады? Төмен жағдайға көндіккен маман барады. Ақыр аяғында мектеп басшылығы қаладан келген қызметкерді ұстап қалу үшін сағатын көбейтеді. Қалай? Бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Осыдан кейін қандай нәтиже күтеміз?», дейді мәжілісмен.
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Шашубай ауылындағы ШЖМ директоры Айман Бекболатқызы 20 жыл бұрынғы мәселенің сол күйінде қалғанына алаңдайды. «Еңбек жолымның бәрін осы білім беру саласына арнап келемін. Бірақ 20 жыл бұрынғы ауыл мектептеріндегі мәселелер әлі сол күйінде қалып келеді. Жоғарыда депутаттың дерегі дәл келтірілді. Бір мұғалім бірнеше пәннен береді. Сорақылығы, бір мұғалім сабақ беретін пәндер химия мен биология, тарих пен география, физика мен математика секілді бір-біріне ұқсас болса мейлі ғой. Олай болмай тұр. Оған қоса сарапшы Ж.Нұрбаевтың айтқан жабдықталу мәселесі де әбден күрделеніп кеткен. Сіз 10 компьютердің 2-еуі ғана істейтініне таңдай қағып, бас шұлғып отырған шығарсыз. Ал біздің мектептегі компьютерлердің біреуі де істемейді. Оларды тізімнен шығару дегеніңіз кәдімгідей «трагедия». Тізімнен шығару туралы аудандық білім бөліміне айтсаң, статистиканы, облыс әкімінің имиджін алға тартып кейін қайтарады. Бізге 5 балаға 1 компьютер деп көрсетілген статистика ғана керек», деп жанайқайын жеткізді жырақтағы мектеп директоры. Оның айтуына қарағанда, істен шыққан жабдықтарды тізімнен алып тастау үшін арнайы лицензиясы бар сараптама жасайтын ЖК немесе ЖШС керек. Олардың бәрі қалада орналасқан. Бір компьютерді тізімнен шығаруға 3 500 теңге төлеу керек. Ал шақырған маманды облыс орталығынан алдырып, қайтадан шығарып салу да қалтаны қағады.
Шешім мен сенім
Себептерді сараладық. Енді оны шешудің қандай жолы жақсы нәтиже береді? Жуырда Үкімет отырысында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Қалалық және ауылдық мектептер, өңірлер, оқу орындары арасындағы білім сапасының алшақтықтығын қысқарту бойынша «Мобильді мұғалім», «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасын енгізу, ауылдық мектептерден дарынды балаларды анықтау және қолдау, ауылдық жалпы білім беретін мектептерді оқыту материалдарымен, компьютерлік жабдықтармен және цифрлы техникамен жарақтандыруды көздеп отырмыз», деді.
Бұл жобалар қаншалықты жемісін беретіні белгісіз. Ал осы проблемалардың бел ортасында жүрген жандар «Мәселені ашып көрсеттің бе, оны шешудің жолын да қоса ұсын» деген ұстанымға берік екендіктерін білдірді.
Ж.Нұрбаевтың айтуынша, аталған себептермен нәтижелі күресу үшін педагогтердің тәжірибе алмасуын, біліктілік көтеруін және оқушыларды түрлі оқу сынақтарына, оның ішінде ҰБТ-ға дайындаумен айналысатын ресурстық орталықтар болуы керек. Сонымен қатар ондай орталықтар мемлекеттен қаржыландырылуы қажет. Ал мектептің менеджментін жолға қоятын білікті басшыларды тарту үшін материалдық-техникалық базасы, компьютерлермен қамтамасыз ету, сапалы интернет тарту міндеті жүктелген директорлардың жалақысы жоғары болғаны жөн және жан басына қаржыландыру жүйесін ШЖМ-ге енгізбеген дұрыс. Ал істемейтін құрал-жабдықтарды тізімнен шығару механизмін ретке келтірмесе, сапаға емес, көзбояушылыққа жұмыс істеуді жалғастыра береміз.
Депутат И.Смирнова шетелдік тәжірибені елімізге енгізуді ұсынды. «Елбасы Н.Назарбаев алдымызға дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Бұл – маңызды міндет, себебі барлығымыз дамыған, әлеуеті жоғары елде өмір сүргіміз келеді. Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылу үшін балаларымыз сапалы білім алуы керек. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD – Organіsatіon for Economіc Cooperatіon and Development) мүше елдерде ауылдық мектептер қаладағыға қарағанда жақсы жабдықталған. Себебі олар шалғайдағы балалардың мегаполистерде білім алатын қатарластарынан қалып қоймауын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұдан бөлек, маманның да рөлі жоғары. Қазір ауыл мұғалімдерінің еңбекақысына көп қаржы қосылмайды. Білікті педагогтерді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы секілді қала іргесіндегі немесе аудан орталығындағы кенттерге емес, шалғайдағы елді мекендерге тарту үшін жұмысқа жөнді жағдай жасалып, қаладағы әріптестерінен екі есе жоғары жалақы төленуі тиіс», дейді.
Қос сарапшының сөзінен соң сапа алдыңғы қатарға шығады дегенге сенейік. Дегенмен, жүйелі жұмысты жүргізетін жергілікті атқарушы органдар мен жауапты ведомство бұл тиімді жолды құп көре қояр ма екен? Мәселе – сонда. Оған қоса Білім және ғылым министрлігі жоғарыда айтқан түрлі қанатқақты жобаларды, жол карталары мен мемлекеттік бағдарламаларды алға тартар. Қалай болғанда да Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауы тиіс. Негізі мұндай міндетті осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет. Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын», деген-тін. Бұл мәселенің қордаланып қалғанына қоғам куә. 6 жыл бұрын Білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіпов «Үздік ұстаз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде еліміздегі 7 мыңнан аса мектептің 78 пайызы ауылдағы білім ошақтары екенін және ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы едәуір алшақтыққа алаңдайтынын айтып: «Мемлекеттің міндеті – әлеуметтік мәртебеге немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы орта білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ауылдық балалардың қалалық құрдастарынан таланты еш кем емес. Алайда оларға мектепте тиісті білім берілмесе, бізге осы оқушылардың алдындағы есіктерді жапқанмен тең болады», деген-ді бұрынғы министр. Алайда алшақтық жыл өткен сайын азаймай тұр. Сондайда осы ортаның, білім беру саласының қазанында қайнап жүрген маман А.Бекболатқызының «20 жыл бұрынғы ауыл мектептеріндегі мәселелер әлі сол күйінде қалып келеді» дегені еріксіз ойға оралады. Сарапшылар мен майталман мамандардың жанайқайы жоғарыға жетпей жатқандай сезіледі.