Сондай-ақ ауданда елорданы азық-түлікпен қамту бағытында 25 жоба іске асырылған. Тұрғындар саны да көп. Есеп бойынша 70 мыңнан астам тұрғын тіркелсе, шын мәнінде бұдан екі есе артық.
– Целиноград ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 10,4 миллиард теңге қаржы құйған. Бұдан бес жыл бұрын екі есе аз төлемдер түсетін,– дейді аудан әкімі Малғаждар Тәткеев.
Өткен жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумында жасалған меморандумға сәйкес Қабанбай батыр ауылдық округінде құны 30 миллиард теңгені құрайтын күн электростанциясының құрылысы бастау алмақ. Сондай-ақ, ауданда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында 7 жоба іске асқан. Бас қаланың іргесінде орналасқандығы басты себеп болса керек, өңірде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы 214 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 23 елді мекенде ұзындығы 430 шақырымды құрайтын жолдың құрылысы басталмақ. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпті дамыту да қолға алынған.
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 258 адам оқудан өтті. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін 45 адам, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін 77 адам гранттар алды, 71 кәсіпкер шағын несие алды,– дейді Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев.
Ақмола облысы.