Қоғам • 10 Ақпан, 2020

2020 жылдың қыркүйегінен бастап қай санаттағы мұғалім үстемеақы алады?

6720 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Құжат 21 баптан тұрады және ол мұғалімдердің құқығын қорғау, оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Заңда ұстаздардың еңбекақысын көтеру, педагогтің кәсіби құзіретіне кірмейтін міндеттер жүктегені үшін айыппұл салу, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған. Аталған заң аясындағы жаңашылдықтар жайында толығырақ primeminister.kz-ке берген сұхбатында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова айтып берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

2020 жылдың қыркүйегінен бастап қай санаттағы мұғалім үстемеақы алады?

— Жаңа Заңның нормалары қазақстандық педагогтар үшін қандай өзгерістер әкеледі? Педагог мәртебесі туралы Заңның мұғалімдердің мәртебесін көтеруде маңызы қандай болмақ? 

— Біріншіден, қабылданған Заң педагогтің қоғамдағы биік мәртебесін айқындап берді. Екіншіден, оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгіледі. Заңда «педагог» түсінігі берілді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды. 

— Заңда педагогикалық этика мәселесінде қандай жаңашылдықтар қарастырылған және бұл мұғалімдердің жұмысына қалай әсер етеді?

— Педагогикалық этика – барлық білім саласы қызметкерлері үшін өте қажетті норма. Педагогикалық әдеп нормасы бұған дейін де болды. Ал аталған Заң шеңберінде педагогикалық әдеп кеңесі әрбір білім мекемесінде құрылатын болады. Бұл – ұстаздың құқығын қорғауға бағытталған алқалы орган. Алдағы уақыта осы алқалы кеңестің тәртібін реттейтін заңнан төменгі бұйрық қабылданады.

— Заң баптарының бірі мұғалімдерді материалдық ынталандыруға арналған. 2020 жылдан бастап мұғалімдер қандай төлемдер мен жеңілдіктер ала алады? Әлеуметтік кепілдіктер барлық санаттағы педагогтер үшін қарастырылған ба?

— Өздеріңізге белгілі, биылғы педагог қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіруді тапсырды. Осыған байланысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің еңбекақысы 25%-ға көбейтілді. Сондай-ақ алдағы оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап тәлімгерлік үшін 10 АЕК көлемінде қосымша үстемақы төленетін болады. Бұдан өзге Заң аясында магистр дәрежесі үшін де қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бүгінгі күні білім беру мекемелерінде 7000-нан аса магистр дәрежесі бар маман жұмыс істеуде. Тәлімгерлік және магистр дәрежесіне қосылатын үстемақы ай сайын төленетін әлеуметтік кепілдіктер қатарына жатады. Бұл – педагог мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған шара. 

Айта кететін жайт, әлеуметтік кепілдіктер қатарында педагог дәрежесіне теңестірілген тұлғалардың барлығының да еңбек демалысының кезеңі 56 күнге ұзартылды. Бұл 100 мыңнан аса педагогті қамтиды. Осыған дейінгі уақытта балабақшаларда немесе қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтердің еңбек демалысы 42 күнді құраса, қазір мектеп мұғалімдерінің демалыс күнімен теңестіріліп, 56 күн болып белгіленді. Сонымен қатар еңбек демалысына шықан кезде төленетін бір лауазымдық жалақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы сақталады.

Сонымен қатар ұстаздардың дәптер тексеруі мен сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны екі есе өсіру қарастырылған. Бұл алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап төленетін болады.

— Педагогтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде өзгерістер бола ма? Оларға тұрғын үйді жеңілдікпен алу мүмкіндігі беріле ме?

— Әрине, мүмкіндік бар. Заңнамаларда көрсетілген тәртіпте қызметтік үй алу, жатақханалардан орын беру қарастырылған. 

— Ауылдық елді мекендерде қызмет ететін педагогтерге заң аясында қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған?

— Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыстырғанда 25%-дан кем емес көлемдегі жалақы мен тарифтік мөлшерлеме қарастырылған. Бұл ауылдық білім мекемелерінде қызмет ететін барлық педагог мамандарға қатысты. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да педагогтер қажетті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылының өзінде он мыңнан аса жас маман жұмысқа орналасты. Осы категориядағы мұғалімдер үшін бұл Үкімет тарапынан беріліп отырған қолдау. 

— Жаңа Заң педагогтер үшін мотивациялық сипатқа ие. Мысалы, халықаралық олимпиаданың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагог сыйақы алады. Мұндай жаңашылдық оқушылардың білім деңгейін арттыруға ықпалын тигізе ме?

— Ескере кететін бір жайт, қазіргі уақытта олимпиадаларға, ғылыми жобаларды қорғауға оқушылардың қызығушылығы жоғары, сәйкесінше, қатысушылар да көп. Республикалық, халықаралық олимпиадалар бойынша уәкілетті орган — ҚР Білім және ғылым министрлігінің тізбесі жасалған. Осы тізбеде олимпиада жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге әр мекеменің ішіндегі үнемделген қаражат есебінен 300 АЕК көлемінде үстемақы төлеу қарастырылған. Бұл елімізде дарынды балаларды қолдау, таланттарды танытуға септігін тигізеді деп білеміз. Ескеру керек, олимпиадалық жұмыстарға қатыстыру тек қана білім беру стандарттарына ғана сай емес, стандарттан тыс, одан жоғары тұрған талаптарға сәйкес келетін балаларды дайындау болып саналады. Сондықтан аталған бағытта ұстаздардың еңбегі зор.

— Мұғалімдер педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан қайда және қаншалықты жиі өте алады?

— Педагог бес жылда кемінде бір рет біліктілігін арттыруға құқылы. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқу бір уақытта және үздіксіз, сондай-ақ кезең-кезеңмен, оның ішінде жекелеген бағыттарды, сабақтарды, пәндерді (модульдерді) меңгеру арқылы жүзеге асырыла алады. Мысалы, бірінші ретте педагог өз пәні бойынша курстық даярлаудан өтетін болса, келесі жолы тәрбие жұмысына байланысты, одан кейін жеке тұлға ретінде даму, психологиялық даму курстарынан өтуге мүмкіндігі бар. Бұл мұғалімнің бүгінгі қоғамның талабына сай, жан-жақты дамуына, педагогикалық шеберлігін арттыруға септігін тигізеді деп білеміз.

Ал педагогикалық қайта даярлау педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ осы салада жұмыс істей алатын қызметкерлер үшін қарастырылған. Сондықтан нақты педагогикалық білімі жоқ мамандар болатын болса, олар тиісті деңгейдегі қайта даярлау курстарынан өтіп, тиісті кредит санын алып, одан кейін осы мамандық бойынша қызмет етуіне болады. Ескерерлік жайт, бізде педагогтер тапшылығы бар. Биылғы оқу жылында бес мыңға жуық маман тапшылығы болып, жаңа оқу жылында жоғары және кәсіби техникалық білім мекемелерінен педагог мамандығын алып шыққан жас мамандар жұмысқа тартылды. Бұл – жыл сайын қайталанатын үрдіс. Сондықтан осы мәселені шешуде қайта даярлау курстары маңызды рөл атқарады деп есептейміз.

— Заң аясында педагогтердің біліктілік санатына байланысты қандай жаңашылдық бар?

— 2018 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен бірыңғай жүйе жасалды. Осы уақытқа дейін тек қана мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге біліктілік санатына байланысты 30%-дан 50%-ға дейін үстемақы төленетін. Ал жаңа Заң бойынша қазіргі күні мектепке дейінгі білім мекемелерінде, қосымша білім беретін мекемелерде және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтер үшін де санатына байланысты біліктілігін арттыру қарастырылған. Осы бойынша бүгінгі күні тәртіптемені, ережені бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы наурыз айынан бастап барлық санаттағы мұғалімдер аттестаттаудан өтетін болады. Алдымыздағы оқу жылында, яғни 2020 жылдың қыркүйегінен бастап өздеріне тиісті үстемақыны алатын болады. Екіншіден, осы Заң аясында басқару жұмысындағы педагогтерге, яғни білім беру мекемелерінің директорлары мен орынбасарлары үшін үлкен кепілдіктер қарастырылған. Осыған дейін бұл санаттағы педагогтердің жалақысы төмен болып келді. Қазіргі уақытта елімізде 7000-нан аса мектеп, 827 колледж және 10 мыңнан аса мектепке дейінгі білім беретін мекеме мен балабақша жұмыс істейді. Солардың барлығының да басшылары аттестаттаудан өтіп, еңбекақыларын 30%-дан 50%-ға дейін көтеру мүмкіндігі бар. Алдағы оқу жылында аталған санаттағы педагогтердің де еңбекақысы көтерілетін болады. Мектеп басшысының да, орынбасарының да еңбекақысы білім беру ұйымындағы білім сапасының артуы, оқушылардың тәртібі, педагогикалық ұжымның жетістіктері сияқты критерийлерге байланысты болады. 

— Мектеп мұғалімдерінің апталық оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету – бүкіл педагогикалық қоғамдастық үшін аса маңызды. Осы жаңашылдыққа байланысты білім беру жүйесі қалай өзгеруі мүмкін?

— 2018 жылғы Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерді ынталандыру, олардың жүктемесін азайту, тосын тексерулерден қорғауға қатысты тапсырмалар берді. Осы орайда жаңа Заң аясында 2021 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектептердегі педагогтердің оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету қарастырылды. Бұл жалпы білім беру стандартына, типтік оқу жоспарына және оқу бағдарламасына сай норма және мұғалімнің шығармашылықпен айналысуына, оқушылармен жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазіргі күні бұл бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бейінді министрлік нақты ереже қабылдайтын болады.

— Педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол бермеу бойынша қандай шаралар қолданылатын болады?

— Біз мұғалімнің мәртебесі туралы айтып отырған жағдайда оның негізгі мақсаты, функционалдық міндеті оқушыға білім мен тәрбие беру екендігін ұмытпауға тиістіміз. Сондықтан мұғалім өзінің кәсіби функцияларымен тиісті деңгейде айналысу үшін Заң аясында белгілі бір норма қарастырылған. Алдағы уақытта мұғалімді оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқаны үшін айыппұл салынатын болады. Бұл – қоғамда орын алған жайттарға байланысты мұғалімдердің сұрауы бойынша қарастырылған мәселе. Бұл педагогтің жұмысын әрі қарай реттеуге, жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

— 2020 жылы барлық қала мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілуде. Ол орта білім сапасына қалай әсер етеді? Бұл жүйе қандай проблемалық мәселелерді шеше алады?

— Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормасы білім берудің әрбір деңгейінде қарастырылған. Бұл жүйе бүгінгі күнге дейін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ғана болды. Өткен жылдан бастап орта білім беру мекемелерінде де енгізілді. Бұл норма әр мектептің өзіне бөлінген тиісті қаражаты есебінен үнемдеу, қаржыны қажетті жағдайға жұмсау бойынша үлкен кепілдіктер береді. Сондай-ақ ол мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуды, қызметкерлерге қандай да бір жетістіктері үшін қосымша үстемақы белгілеуді көздейді. Бүгінгі күні 400-ден аса мемлекеттік және 80 жекеменшік білім мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілген. 

— Заң аясындағы жаңашылдықтарды жүзеге асыруда бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

— Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Даму бағдарламасына арналған құжат бойынша білім саласына 11,5 трлн теңге қарастырылған.