Технология • 11 Ақпан, 2020

«Қалтадағы ХҚО» қағидасының игілігін пайдаланып отырмыз ба?

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уақыт әкелген игіліктің бірі – ақпараттық технологиялар. Оны күнделікті тіршілігімізде сауаттылықпен кәдеге жарату – қолдағы түрлі гаджеттерді толығымен ақтаған болар еді. Әлі де болса көпшіліктің әрі-бері сандалмай, шаруасын үйде отырып-ақ тындыруды толығымен үдеріске айналдыру көкейкестілігін жойған жоқ. Олай болса, «Цифрлы Қазақстан» бастамасына қатысты мегаполисте қандай ілкімді істер бар?

«Қалтадағы ХҚО» қағидасының игілігін пайдаланып отырмыз ба?

Осы тұрғыдан алғанда, 2019 жыл­ «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекет­тік корпорациясының Алматы­дағы филиалы үшін жемісті болды. Кор­порацияның Алматы филиалы былтыр 3 992 218 қызмет көрсетсе, оның 1 281 597-і электронды форматта ұсынылды. «Connectionpoint» өзіне-өзі қызмет көр­сету секторы арқылы 2 999 808 қызмет алынып, 2 851 437 кеңес берілді. Бұр­нағы жылмен салыстырғанда өз бетінше қыз­мет алатындар саны 88,9%-ға артқан.

 Жақсылық Үшкемпіров сыйға тартқан

Автокөлік иелеріне жасалған жақсы бір қолайлылық – «Электронды үкімет» порталында көліктерді тіркеу және жүр­гізуші куәлігін алмастыру қызмет­тері­нің іске қосылуы болса керек.

Дегенмен, әлде де халық үйреніп қалған әдетіне басып, мамандандырылған ХҚО-ға барғанды жөн санайды. Алма­тыда алғашқы мамандандырылған ХҚО ашыл­ғалы бері автокөлік иелеріне көрсе­тілетін қызмет көлемі бес есе артты. Қала аумағының ұлғаюына байланысты Алматының халқы саны бір жарым есе өсті. Сондай-ақ мем­лекеттік тіркеу нөмірін беруде экстерриториалды қағидасы енгізілгеннен кейін көлік саны арта түскен. Сондықтан Алматыда қосымша Мамандандырылған ХҚО-лар ашу қажеттігі туындады. Бүгінде қалада 6 МХҚО жұмыс істейді.

Нәтижесінде, былтыр Алматыда тағы да екі мамандандырылған ХҚО іске қосылса, Жетісу ауданында орналасқан №6 МХҚО-ны автокөлік иелеріне меценат, даңқты спортшы Жақсылық Үш­кемпіров сыйға тартты. Ғимаратты «Жақ­сылық» спорт клубы ЖШС бар­лық шығындарын көтере отырып, ақы­сыз ұсынып отыр. 2019 жылғы 10 қыр­күйекте іске қосылған орталық жыл соңына дейін 8349 өтінім қабылдап, 7084 көлікті тіркеп, 663 жүргізуші куәлігін берді. Электронды үкімет порталы арқылы 344 өтінім ресімделген.

Даңқты спортшының осындай игі ісі көпке үлгі. Жомарт жүректі тұлға ен­ді аудан­да автодром салып жатқан жайы бар.

 Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергі жоқ

«Азаматтарға арналған Үкімет» мем­лекеттік корпорациясы арқылы мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға да көп көңіл бөліне бастағаны қуантады. Мұндай жандарға мемлекеттік қызметтерді алуға ыңғайлы болу үшін филиалдың барлық кіреберісінде «мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін қызметкерді шақыру түймесі» және пандустар бар. Брайль мәтіні бар ақпараттық белгілер, көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді жолдар орнатылған.

Алматы қаласының ХҚКО-да мүм­кіндігі шектеулі 52 қызметкер жұмыс істейді. Жұмысқа қабылдауда да жеңіл­діктер қарастырылған. Есту, сөйлеу қабілеті шектеулі жандарға онлайн сур­доаударма қызметі көрсетіледі. Ымдау тілінің білікті маманы нақты уақыт режімінде арнайы қосарлы монитормен ымдау тіліне аудару арқылы түсіндіруді қамта­масыз етеді. I-II топтағы мүм­кін­дігі шектеулі азаматтардың үйі­не барып қызмет көрсетіледі. Ол үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып өті­нім қалдырады. Тұрақты негізде үйде мүм­кіндігі шектеулі адамдарға қыз­мет көрсету бойынша мониторинг жүр­гізіледі.

 55 түрлі мемлекеттік қызмет біріктірілді

Жаңа бағыттардың бірі – қызметтер клиенттерді өздері табатын проактивті қағидатының енгізілуі. Мысалы, жа­ңа туған нәрестенің ата-аналарына бала­ның туу туралы куәлігін, әлеуметтік жәр­­демақылардың екі түрін ресімдеу үшін SMS-хабарламаға жауап беру жет­кілікті. Сондай-ақ SMS арқылы зейнетке шығуға, мүгедектікті ресімдеуге және «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа­ларымен марапатталған көп балалы аналарға жәрдемақы тағайындауға байланысты қызметтерді алуға болады.

Жақын арада белсенді қызметтер саны 17-ге дейін артады. Олар бұған дейін дәстүрлі түрде көрсетіліп келген 27 мемлекеттік қызметті біріктіреді. Ең бастысы, «бір терезе» іспетті, «бір өтініш» ұстанымы жұмысты жеңілдете түспек. Мысалы, қазір зейнетке «бір өтінішпен» шығуға болады. Бұрын ол үшін ХҚО-ға үш рет барып, төрт түрлі өтініш жазуға тура келетін. Енді 55 түрлі мемлекеттік қызмет 21 композиттік қыз­метке біріктіріледі.

Мұндай қызметтердің арасында Жерге акт алу сұранысқа ие болады. Қа­зір жерге актіге төрт түрлі өтініш беруге тура келеді, енді барлық төрт акт бір қыз­метке біріктіріледі – сәйкестендіру құжаттарын дайындау және беру, бұл egov.kz порталында да қолжетімді.

Тағы бір жаңалық, енді азаматтық хал актілерін кез келген аймақта тіркеуге болады. Жаңашылдық баланың тууына, не­кені тіркеу мен ажырасуға, аты-жөні мен тегін өзгертуге, қайтыс болу құжат­тарын тіркеу сияқты қызметтерді қамтиды. Мәселен, бұрын азаматтар атал­ған мем­лекеттік қызметтерді алу үшін тұр­ғылықты тіркеу орны немесе тіркеу жазбасының орналасқан жері бойынша мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне немесе АХАТ бөліміне хабар­ласатын. Енді азаматтық хал акті­леріне қатысты 5 түрлі қызметті кез келген ХҚО-дан немесе АХАТ-тан алу­ға болады. Бұл керекті құжаттарды аз уақыт ішінде алуға және сыбайлас жем­қор­лық деректерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұрын құжаттарды ресімдеу үшін өтініш беруші тіркеу орны бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе тіркеуші органға хабарласып, 5-30 күнге дейін жауап күтетін еді. Мәселен, егер азамат бір аймақта тегін өзгерту туралы өтініш білдірсе, мем­лекет­тік орган өзге аймақтан – оның туған жерінен қосымша мәліметтерді сұра­татын.

Жалпы, заңға ұсынылған түзетулердің 70%-ы мемлекеттік қызметтерді оң­тай­ландыру мен автоматтандыруға мүм­кіндік береді. Электронды форматқа көшу құжаттарды қабылдау уақыты мен оның санын қысқартады, әкімшілік кедергілерді жояды және қызметтерді алу процесін жеңілдетеді.

Сондай-ақ ХҚО мамандары қызмет алушылардың телефондарына telegram және Mgov қосымшаларын орнатуға көмектеседі, түрлі анықтамалар мен қызметтерді алу тәртібін түсіндіреді. Қа­зір­­гі уақытта телеграм-бот (@EgovKzBot) арқылы мемлекеттік қыз­мет­тің 25 түрі, mGov.kz мобильді қосым­шасы арқылы білім беру, отбасы, жылжымайтын мү­лік, денсаулық сақтау сынды басқа да салалардағы 90-ға жуық мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бүгінде тізілімде бар 723 мемлекеттік қызметтің 580-і электронды форматта қолжетімді.

Қысқасы, Азаматтарға арналған үкімет «Қалтадағы ХҚО» қағидаты бойынша әрекет етеді.

 

АЛМАТЫ