Руханият • 11 Ақпан, 2020

Бұл – адалдық пен әділдік үшін күрес

777 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сай­лау­ал­ды бағдарламасындағы негізгі басым­дықтардың бірі ретінде мем­лекет пен қоғамның дамуына зор кедергі келтіріп отырған жем­қор­лы­ққа қарсы жүйелі де ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін атап көрсеткені жайдан-жай емес. Президент мемлекет пен қо­ғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұдырықтай жұмыла біл­­уі керектігін 2019 жылғы 2 қыр­күйек күнгі «Сындарлы қо­ғам­­дық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сы­бай­лас жемқорлықпен жан-жақ­ты күресу мәселесі күн тәрті­бі­нен түскен жоқ» деп тағы да пысықтап, нақтылап, атап көр­сет­кен болатын. Сондықтан да бұл мәселе, яғни сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес тек мем­лекеттік органдардың ғана емес, еліміздің әр азаматының ел ал­дын­дағы, тәуелсіздік алдын­да­ғы парызы деп білгеніміз жөн.

Бұл – адалдық пен әділдік үшін күрес

Өткен жылдың желтоқсан айында өңірлік партия басшыларымен кездесу барысында Елбасы, Nur Otan партиясының Тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаев пар­тия мүшелеріне, партияның құ­рылымдық органдары алдына бір­қатар маңызды міндет қоя отырып, жемқорлыққы қарсы күрес барлық қазақстандықтың мін­де­ті екендігін көлденең тартты. Тұңғыш Президенттің сол жолы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуді тапсырғаны да мәлім. Соған сай, Nur Otan партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобалық таныстырылымында партия Төра­ға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жыл сайын сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуы туралы партиялық баяндама жариял­айтындығын мәлімдеген еді. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының бұл тұжы­рым­да­масы қазақс­тан­дық­тар­дың бо­йын­да сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздік қалыптастыруға зор ықпал етері сөзсіз ғой деп ой­лай­­мыз.

Бүгінде сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес іс-қи­мыл­дарын тәрбие жұ­мыс­та­ры­мен ұш­тастыра жүргізуге тиіс­ті­міз. Жем­қорлыққа қарсы күрес – ол тек қана күдікті немесе айыпты болғанның қолына кісен салып, түрмеге тоғыта беру емес, ол ең әуелі адалдық пен әділдік үшін күрес екенін зерделегеніміз жөн. Бізде жемқорлықтары үшін кімдер ұсталмады, кімдер темір тордың ар жағында отырмады? Жағдай оңалды ма? Өкінішке қарай, ілігіп жатқандар қатары сирер емес. Міне, сондықтан жемқор мен парақордың қолына салынар темір кісеннің күшіне ғана емес, ендігі арада кісіліктің, адамның ой-санасына ақыл-парасат, ынсап пен қанағаттың сәулесін түсіретін тәрбие мен үгіт-насихат жұмыстарына жаңа мазмұн беруге тиістіміз. Абай хакім айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз», деген қағиданы ұрпақ санасына сіңіре алсақ, бүгінгі тоғышарлықтан, пайдакүнемдіктен арылып, сол Абай айтқан «пайда ойламай, ар ойлайтын» ұрпақ өсіру абзал міндетіміз болса керек деп толғанамыз да!

Осы орайда Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен сала жанынан үш бірдей жаңа департаменттің құ­рылуы және де олардың «Сы­­байлас жемқорлықтың алдын алу», «Парасаттылық», «Се­рік­тес­тік» деп аталулары ха­лық­­­тың жемқорлық сияқты жат әрекетке қарсы күрестегі бел­сенділіктері мен азаматтық ұста­нымдарын арттырар қадам екендігін де айтар едім. Соны­мен бірге Агенттік жанынан Рес­публикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының құрылуы, оның мүшелігіне еліміздің абыройлы да беделді ел ағалары мен қайраткерлерінің тартылуы Қа­зақ­­стан бойынша жемқорлыққа қарсы үгіт, түсінік және насихат жұмыстарының жандана тү­суі­не ықпал етері де сөзсіз. Осы штабтың бір мүшесі ретінде мұ­ның тиімді құрал екендігіне толық сенімдімін.

Осы жерде айта кететін бір жайт, Nur Otan партиясы Ақ­мо­­ла облыстық филиалының Жем­­қорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі өз жұмысын пар­тия­мыз­дың Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың алға тар­тып отырған мін­дет­теріне сай ұйымдастыру үшін тың ізденістерге баруда. Осы орайда біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы қоғамды, соның ішінде әсіресе жастарды барынша жұмылдыра білуге ай­рықша көңіл бөлудеміз. Өйт­кені жастардың бойында жем­қорлық пен парақорлыққа қарсы наразылық пен төзбестік қа­лып­та­сып қалғандығын аңдауға болады.

Бұл орайда былтырғы жылдың аяғында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент бас­шысы Марат Төлеубаев екеу­міз Шоқан Уәлиханов атын­да­ғы Көкшетау мемлекеттік уни­вер­ситетінің студент жастарымен кездесіп, ашық пікір алысу алаңында салиқалы әңгіме өткіз­ге­німізде жас буынның бойынан ендігі арада қоғамды жемқорлық кеселінен айықтыруға деген зор ынталары мен ерік-жігерлерін таныдық. Сондағы тағы бір қуан­ға­нымыз, жастар жемқорлық әрекеттердің қоғамға тигізер залалын жақсы білетіндіктерін және жемқорлыққа қарсы ұйым­дас­ты­рылатын кез келген іс-ша­раға белсене қатысып жүр­ген­діктерін айтты. Салиқалы ой-пікір айтқан кей жастарды Департамент басшысы қазірден бастап өздерімен әрдайым тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды. Белсенді жастарды біз де партиямыздың қатарына тартып жатырмыз.

Қазіргі уақытта Nur Otan пар­тия­сының Ақмола облыс­тық фи­лиалы қарапайым азамат­тар­дың проблемаларын шешуді ұйым­дас­тыратын, өзекті және өткір мәселелер талқыланып жататын ашық алаң болып қалыптасты деуге толық негіз бар. Жыл басынан бері ғана 5,5 мың адам біздегі қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша дербес «жедел желіні» құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Егер бізге жемқорлық әрекеті жайлы шағымдар түсіп жатса, бізде оған жауап қай­та­ратын немесе жемқорлық әре­кет­тің алдын алатын айқын бағ­да­рымыз болуы керек деп санаймыз.

Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалының тө­ра­ғасы, облыс әкімі Ермек Мар­жық­паевтың басшылығымен әкім­дік жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес комис­сия­ның отырыстарында өңірде қалыптасқан жағдай жан-жақты қаралып тұрады. Бұл орайда Мемлекет басшысының талаптары әрдайым алға тартылады.Жемқорлыққа қарсы күрес қоғам­ның және мемлекеттік қызмет­кер­лердің басты міндеттері екен­діктері атап көрсетіліп, заң бұзу­шылық­қа ең әуелі олардың өздері жол бермеуі керектігі талап етіліп келеді.

Әлқисса, сөз барысында Қа­зақ­станның барлық қала­ла­ры­ның көшелеріне ілініп тасталған билбордтардың мазмұнын терең­дету­ді ұсынар едім. Мысалы, қазір еліміздің бүкіл қаласы мен елді мекеніндегі сол бил­борд­тардағы «Параға емес, биікке ұмтыл!» немесе «Қолыңды таза ұста!» деген сияқты сананы селт еткізбейтін сүлесоқ әрі жалаң сөздердің ешбір әсері жоқтай сезіледі. Ендігі біздің ұран сөздеріміз «Пара беру де, пара алу да – қылмыс! Өз болашағыңа балта шаппа!», «Арыңды таза ұста!», «Жемқорлық – сүйегіңе таңба! Ұрпағыңның келешегін ойла!» «Пара алсаң, түбінде бір тұтыласың!», «Ұрлық түбі – қорлық!» деген сияқты ұғымға жақын да әсерлі бір ұлағатты ойлардан құралса ғой деп отыратынымыз да бар.

Бүгінде заман алдымызға жаңа талаптар мен міндеттер қоюда. Олай болса, біз де, яғни ел болып тәуелсіздікке төндірер қаупі бар кеселмен күреске жаппай жұмылайық!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ