Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Жер үлесін аукцион арқылы сату тоқтатылды

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Айыртау ауданындағы «Жарқын СК» ЖШС қатысушылары болып табылатын 883 шартты жер үлесін ұстаушылар (үлескерлер) құқықтарының бұзылу фактісі анықталғанын хабарлады.

Жер үлесін аукцион арқылы сату тоқтатылды

 

Бұған дейін «Жарқын СК» ЖШС мемлекеттік қаржы инс­ти­тут­тарының бірінен үлес­кер­­­лердің жер үлесін кепілге қо­йып, 500 млн теңгеден астам сома­ға алған несиесін қай­та­ра алма­ғандықтан 42 мың гек­тар­дай жер үлесін аукцион арқылы сатуға қойғаны тура­лы хабар елімізге тараған. Бұл сол аудандағы бір-бірімен көр­ші орналасқан бес қазақ ауы­лы тұрғындарының жер үле­сі екен. Біздің елімізде жер сатыл­майтындығын ескерсек қар­жы институтының осын­ша кө­­лем­дегі жер үлесін аук­цион­­мен сат­пақ болғандығы бес ау­ыл­­дың тұр­ғындарын ғана емес барша қазақстандықты шошындырған. Ауыл тұр­­­ғындары болса жиналып, на­разы­лықтарын білдіріп аудан әкімдігіне барғаны туралы ақпаратты БАҚ елге жаппай таратқан.

Жер үлестерінің иелері «Жарқын СК» ЖШС-нің қара­ма­­ғына өз үлестерін басқаруға бергенде оны кепілге қойып, несие алуға келісім бермеген. Айтуларына қарағанда, мұндай келісім жасалмаған. Заң бо­йынша мұндайда 883 үлескердің әрқайсысы жеке-жеке өтініш беріп, үлестерін кепілге қою­ға келісім берулері керек екен. Алайда ондай келісім жасал­ма­ған. Тек үлескерлердің жалпы жиналысында «келісім бері­леді» деген хаттама ғана жа­зыл­ған екен. Осы құжаттың негі­зін­де «Жарқын СК» бұл жерді кепілге қоюға да құқы жоқ кө­рі­неді. Сонымен қатар қаржы инсти­туты да осындай келісімді кезінде неге талап етпегені түсі­ніксіз. Сондықтан бәрі де сол баяғы «бармақ басты, көз қыстыға» саятын сияқты.

Осындай жағдайға жол бе­ріл­­гендіктен Айыртау ауда­ны­­­ның прокуратурасы жер үле­сін аукцион арқылы сату процесін тоқтатқан. Сонымен қатар ауылдықтардың берген арызының негізінде басқаруға бер­ген жер үлестерін келісім жа­самай, кепілге қойғаны үшін «Жарқын СК» ЖШС үс­ті­нен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Екін­ші­ден, Айыртау ауданының про­куратурасы үлескерлердің мүд­десін қорғап, жер үлестерін ке­пілге қою келісімшарты мен жалпы жиналыс хаттамасын сот арқылы бұздыру үшін берілетін талап-арыздың материалдарын жинауда.

Бұл – ауыл тұрғындарының жер үлестерін жинап, бір­лес­кен серіктестік құр­ған ауыл шар­уашылығы кәсіп­орын­да­ры­ның талайының басында жүрген белгілі жайт. Мұндағы мәселенің оғаштығы тек бес ауылдың жер үлестерін аукционнан сатуға жасалған қадам. Заңымызда жер сатылмайды делінсе де алған несиесін қайтармаса кепілге қойылған жер үлесін сатуға болады екен. Демек негізгі заңымыздың өзін­де шалағайлық бар сияқ­ты. Бұл жерде айыртаулық үлес­кер­лер­­дің жерлерін тек ЖШС-мен екі­жақ­ты жасалмаған келісім ғана құтқаруы мүмкін. Оны енді әді­лет­ті сот қана анықтайды.

Сонымен бірге «Жарқын СК» ЖШС өзінің 78 қыз­мет­ке­рі­не 33,6 млн теңге еңбекақы берешек екендігі де белгілі болып отыр. Бұл бойынша Айыртау ауданының ІІБ еңбекақыны ке­шіктіргені үшін Еңбек заң­на­ма­сы бұзылған деген баппен іс қозға­ған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы