Әлем • 11 Ақпан, 2020

Ғылым мен инновацияға – инвестиция

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен ғылыми-технологиялық алқап құру жобасын жүзеге асыруға қатысады. Бұл жайында университет ректоры академик Ғалым Мұтановтың Сауд Арабиясы ғылым және инновация министрінің орынбасары Нассер Мұхаммед әл-Акилмен кездесуінде келісім жасалды.

Ғылым мен инновацияға – инвестиция

Сапар барысында Сауд Арабиясының Ғылым және инновация министрінің орынбасары жетекші оқу ордасының ғылыми-білім беру және инновациялық қызметімен таныс­ты. Нассер Мұхаммед әл-Акил университет инфрақұрылымының ауқымдылығы мен дамуын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, уни­верситеттің ғылыми жобалары мен ор­та­л­ықтандырылған зертханалары, әсіресе, жоғары технологиялар сала­сында заманауи талаптарға сай және кәсі­би біліктілікті арт­тыруға барынша оңтайлы.

Сондай-ақ бірегей технопаркі пен супер­компьютерлік базасы жасақталған заманауи халықаралық әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру жобасы шетелдік қонақтың қызығушылығын тудырды. Құрылатын орталық IT-кластер ядросы бар әрі жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту саласында әлем университеттерінің ынтымақтастығының жаңа платформасына айналмақ. Министрдің орын­басары оны жүзеге асыруға Сауд Ара­бия­сының университеттерін, сондай-ақ ғылыми-технологиялық алқап инфра­құры­лымын дамыту мен зерттеу жобаларын қар­жыландыру үшін инвесторлар тартуға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Екіжақты мүдделілікті ескере отырып, тараптар коллаборация бағыттарын тыңғы­лықты талқылау үшін ҚазҰУ және Саудия Корольдігі университетінің мамандары мен ғалым­дарынан жұмыс тобын құрды. Жақын арада ғарыштық технологиялар, IT және биотехнология, химия және физика, нанотехнологиялар және өзге де салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жоспары белгіленді.

Мемлекет басшысының айрықша қол­дауына ие болған әл-Фараби ғылыми-техно­логиялық алқабының жобасы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды экономиканың нақты секторына енгізуге бағытталған ұлттық инновациялық жүйенің бірегей өсу нүктесі болмақ.

 

АЛМАТЫ