Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Нормативтік құқықтық акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіледі

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Маңғыстау облыстық филиалында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу бойынша семинар өтті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нормативтік құқықтық акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіледі

Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – өңіріміздегі орталық жəне жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру.

Семинарға Департамент басшысының бірінші орынбасары С. Қаныбеков, арнайы мониторинг тобының мүшелері, Маңғыстау облысының адвокаттар алқасының заңгерлері, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен жоғары курс студенттері, қоғам өкілдері, заңгерлер қатысты.

Семинар барысында Қазақстандағы парламентаризмді дамыту Қорының президенті, Республикалық Арнайы мониторингтік тобының мүшесі Зəуреш Батталова нормативтік құқықтық акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің маңыздылығына кеңінен тоқталып, ашық диалогтық сұхбат құрды.

Тыңдаушыларға сараптама жасаудың негізгі қағидалары мен жүйесін, техникасы мен мақсатын, сараптама өткізудің мерзімдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындысының құрылымын, мазмұны мен ақпараттың ашықтығына және қолжетімділігіне қатысты құнды ақпараттар берілді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының еркін Заңнама институтының ғылыми жетекшісі, республикалық Арнайы мониторингтік топ мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Мереке Ғабдуалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу процесіне кеңінен тоқталып өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

Шара соңында қатысушыларға тақырыпты кеңінен түсіндіру мақсатында практикалық жаттығулар ұйымдастырылып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.