Қоғам • 11 Ақпан, 2020

Алматылық Еріктілер тұрғындарға өрт қауіпсіздігін түсіндірді

142 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жер аяғы жібіп, күн жылына бастағанда өрт қаупі де күшейе түсетіні белгілі. Қалада қызыл жалыннан бөлек газдан улану деректері де аз емес. Арнайы жүргізілген сараптама  шаһардағы жеке сектор тұрғындарының көпшілігі қарапайым сақтану шараларын білмейтінін көрсеткен.

Алматылық Еріктілер тұрғындарға өрт қауіпсіздігін түсіндірді

Осы орайда 50-ге тарта алматылық волонтер мамандармен біріге отырып, Наурызбай мен Түрксіб аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  

Шарада төтеншеліктер аудандағы көмір пайдаланатын үйлерге, ішімдікке бейім жандарға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға кіріп, өрттен сақтану шараларын түсіндірді. Мамандардың сөзінше, көбіне ішімдік ішіп, пешті жағып ұйықтап қалатындар ысқа уланып қалады екен. Сондықтан мұндай шараны жиі ұйымдастырған абзал. Еріктілердің де осындай жұмысқа ерікті түрде жұмылғаны дұрыс дейді.  

– Волонтерлар шараға белсенді түрде қатысады. Наурызбай ауданында 23 710 жеке тұрғын үй орналасқан. Оның ішінді 1600-і қатты отын жағатын тұрғын үйлер. Сол себептен аталған ауданда  газдан улану себептері көп анықталуда. Сол үйлерге барып, түсіндірме жұмыстарын, өрт қауіпсіздігін сақтау туралы үгіт насихат, түсіндіру парақшалары таратылды, – дейді Наурызбай аудандық ТЖ бөлімінің инженері Әлішер Дубеков.