Руханият • 11 Ақпан, 2020

«Ит-мінезден» қашан арыламыз?

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаштанушылардың айтуынша, қазақта ең алғаш мерейтой тойлау Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығына арналыпты. Онда да аста-төк дастарқан жайылмаған, ат жарыстырып, балуан күрестірмеген, дифирамб та айтылмаған.

«Ит-мінезден» қашан арыламыз?

Кеңес Одағы орнаған кезде ұлт зиялылары Ахаңның мерейтойын алға тарта отырып, ғылымдағы, мәдениеттегі дүниелерді сараптап алғанды жөн көріпті. Сөйтіп, 1923 жылдың қаңтарында Орынбор қаласындағы Свердлов атындағы клубта алқалы жиын өтеді. Бұл туралы белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы:

– Олар Ахаңды айту арқылы Кенесарыны, Шоқанды, Абайды, Ыбырайды насихаттады. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойының аясында бүкіл империяға қарсы күрескен Кенесары хандай тұлғаны көтерді. Алаш зиялылары «ура-ураның» арасында осындай тұлғаларды сыналап болса да халыққа жақындастыруға әрекеттенді, – дейді. Той тағылымы деп осындайды айтуға болатын шығар.

Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы тәуелсіздік жылдарында тойшылдық дейтін әдетке әбден бой алдырғандай болып көрінеді. Жасы жер ортасынан асқан, дөңгелек датаға иек артқан азаматтар мемлекеттік органдарға адам салып, хат жазып, өзіне-өзі құттықтау хат, марапат сұратып жататыны қазір әркімге де аян. Кейін мерейтойда өзі сұрап алған құттықтаудың оқылғанына, сұрап алған марапаты қолына тигеніне мәз. Бір қарағанда ғылыми атағы, лауазымы, бәрі бар, төрт құбыласы тең адам деп қалуға болады. Бірақ істеп жүрген ісі әлгіндей...

Атақты ғалымның немесе қаламгердің мерейтойына шәкірттері ғылыми конференция өткізіп, кітабын шығарып жатса жарасымды болар еді. Жоқ, ондай тойлардың көркі шапан жабу, ақын-жыршыларға арнау айтқызумен шектеліп жатады. Осындайда туған күнін тойлау дегенді білмейтін классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды қаламгерлерге қалай тәнті болмайсың.

Жалпы, тойшылдық қазір қазақтың үлкен-кішісінің бәріне тән сияқты. Қазақ даласына көктем келісімен той маусымы қызады. Қара күзге дейін ұлы даланың төсінде той туралы әндер толастамайды. Үйлену тойы, ұзату тойы, мерейтой, сүндет той, мектепке барған той, мектеп бітірген түлектердің тойы...

Бірер жыл бұрын Өзбекстанның прези­денті Шавкат Мирзиёев аста-төк тойлауға тыйым салды. Президент тыйым салысымен елдегі хокимдер де, басқалар да етек-жеңін жинап, аяғын тарта қойды. Қазір олар тойға 150-ден артық адам шақырмауға тырысады екен. Біздегідей ондаған көліктен құралған кор­теждің Ташкент көшелерінде іркес-тір­кес тай­раңдап жүруі мүмкін емес көрінеді.

Енді біздегі жағдайды салыстырып кө­рейік. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев был­тыр жазда тұтынушылық несиенің қан­шасы тойға жұмсалатыны туралы дерек кел­тірді.

– Тұтынушылық несие беретін банк құрылымын түгелге жуық тексердік. Берілетін несиенің 9,5 пайыздайы той-несие, – деді бас банкир. Той-несиені алу мен өтеудің де қазақи схемасы бар. Несиені ата-ана алып, баласының тойын өткізіп береді. Тойдан кейін банкке қайтару миссиясы екі жастың мойнына артылады. Жиырма үшінші сөзінде Абай: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар... Жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады...» депті. Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де біздің қазекең елдің бәрі тойлап жатыр деп өзін жұбатып, той-несие алып жүрген жайы бар.

Қазақта мерейтой тойлау ең алғаш Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығынан бас­тал­ғанын айтып өттік. Еуропа көрген, Батыстың ілім-білімін, жақсы тұстарын қазаққа сіңіруді мұрат тұтқан Алаш зиялылары бұл тойды қазақтың рухани жоқ-жітігін түгендеп алуға пайдаланыпты. Той тағылымы деп осыны айтсақ жарасады. Сол Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған хакім Абайдың өзі тойшылдықты сынайтын еді ғой. «Білімдіден шыққан сөз» атты өлеңінде:

«Ойлағаны – айт пен той,

Ыржаң-қылжаң ит мінез», демеуші ме еді. Өкінішке қарай, биыл 175 жылдық мерей­­тойы дүркіреп атап өтіп жат­қан хакімнің даналық сөздерін әр жерге іліп қойғанымызбен, әлі күнге сабақ ала қой­мағанымыз кей-кейде көрініп қалып жатады.