Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Қордай ауданында «Қоғамдық келісім» кеңесі құрылды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қордай ауданында орын алған оқиғаға байланысты Үкіметтік комиссия мүшелері Ауқатты ауылында ауданның Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты, Масанчи және Бұлар батыр ауылдарының ақсақалдарымен кездескен болатын. Ауыл ақсақалдары, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, Парламент депутаттары және орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан жиында мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, қоғамда татулық пен бірлікті сақтау мәселесі талқыланған еді. Ең бастысы – кездесуде ауыл ақсақалдары аталған бес елдімекенді қамтитын бірлескен Ақсақалдар кеңесін құру туралы келісімге келді.

Қордай ауданында «Қоғамдық келісім» кеңесі құрылды

Бүгін Қордай ауданы, Сортөбе ауылдық мешітінде аталған мәселеге орай жиын өтіп, нәтижесінде «Қоғамдық келісім» кеңесі құрылды. Жиынға ауданның Қаракемер, Ауқатты, Қарасай, Сортөбе және Масанчи ауылдарының қариялары қатысты. Өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ақсақалдардың қоғамдағы маңызды рөлін айта келіп, ел ішінде бұдан былай татулық пен бірліктің сақталуына аталған кеңестің ықпал ететініне сенім білдірді. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл адамзаттың басты құндылығы әрқашан татулық екенін, сонымен қатар, мұсылман қауымына себепсіз қан төгуге, адамға залал келтіруге болмайтынын атап өтті. Бұдан кейін Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, Өтеген батыр ауылының тұрғыны Тұрған Жасыбаев, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбетов және аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов елді сабырлылыққа, татулыққа шақырды. Ауданда жаңа құрылған «Қоғамдық келісім» кеңесі аталған ауылдардағы тұрмыстық мәселелердің бәрін бірлесіп шешетінін айтты. Сонымен қатар Исхар Юсупұлы болашақта мұндай қақтығыстың болмайтынына сенім білдіріп, ауыл тұрғындары арасында бірлікті күшейту керектігін жеткізді.

Алғашқы жиыны өтіп отырған «Қоғамдық келісім» кеңесінің құрамына аталған ауылдың ақсақалдары кіретін болды. Кеңес алдағы уақыттарда да елдегі тұрмыстық мәселелерді реттеп, ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтуға барынша күш салатын болады.

 

Жамбыл облысы