Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Қожағұловтың қолтаңбасы

677 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аспанмен астасқан асқақ шыңдар, жанға медет сыйлаған жазира жоталар ауыл топырағына аунап өскен қалақтай баланы қылқалам дей­тін құдіретке кіршіксіз ғашық етіпті. Қазақ даласының қасиетін туған жер­дің нуы мен суынан бойына сіңірген Тоққожа Қожағұлов суретші болуды мектеп қабырғасында жүрген балаң шағынан-ақ өмірлік мақ­сатына балаған. Бүгінде бекзат өнердің биігін бағындырып, бояу тілінің тылсым сырын жанымен түйсінген суретші өмірге іңкәр еткен ақ үмі­тін, кеудесін шымшылаған сағынышын кенеп бетіне жайып салады.

Қожағұловтың қолтаңбасы

Күнделікті күйбең тіршіліктің көшіне ілесеміз деп жанталасып жүріп әр сәттің әдемі көрінісіне жан жүйемізбен үңіле бермейтін бол­ғанбыз. Кейде күннің нұрын, көктемнің жұпар самалын, тіпті төңі­регіміздегі тұмса табиғаттың тіл жетпес әсерін сезінбей қалатынымыз да сондықтан болар. Суретші дей­тұ­ғын халықпен тілдесе қалсаңыз осы бір қалың тұманнан қарғып шы­ғып, тіршілікке бейжай қарауға бейілденіп кеткен рухыңызды бір сілкіп аласыз. Дегдар өнердің берік діңінен нәр алған Қожағұловтың қол­таңбасы кезекті рет жанымызға шұғыла құйғанда осындай әсерге бөлендік. Шығармаларынан дала жұпарының иісі аңқып тұратын шебердің қаламынан туған туындылар стилистикалық мәдениетке, ерекше көңіл күйге, махаббат пен мейірім шуағына толы. Қарапайым адам бейнесінен бастау алған па­йымды портреттер адамзат өркениеті мен дала шежіресін толғаған мәң­гілік тақырыпқа ұласады.

«Жай ғана фотосуретке бір үңіле­сіз де қоясыз, ал бояумен бедерленген картинаға қараған сайын оның ішкі құпиясы ашыла түседі», деп әңгіме бастаған қылқалам иесі талай сырдың тиегін ағытты. Оқушы күнінде тастан Абай мүсінін қашап жатқан бала Тоққожаға, «немене, маған ескерткіш қоюға асығып жүр­місің?» деген бір ауыз әке сөзі қат­ты әсер еткені сонша, абдырап қал­ған ұл әкесіне қарап басын шай­қай беріпті. Қолындағы мүсінді лақтырып, бұл өнерге қайта айналып соқпаған ол содан бері қылқаламды жанына серік еткен.

3

Тұтас ғұмырға татитын шығарма­шы­лық жолында жүздеген кескін­дер­ді кенеп бетінде кестелесе де, студенттік үй жұмысы ретінде ал­ғаш салған «Әке» туындысы ол үшін­ бәрінен ыстық. Кәрі өмірдің қақ­пасын іңгәлап ашқанда, бебеуле­ген ботасын бауырына басқан риясыз мейірім иесінің тұнық пейілі, «өмірден көшсе де, көңілден өш­пей­тін» жылы естеліктер, әке дейтін ардақты жанның алғаусыз сезі­мі шығармада дәл сомдалған. Қа­райсыз да, әкеңізді есіңізге аласыз. Қазақ баласынының жадында қалып қойған қасиетті қара шал адал­дықтың тұмары, кеудені кернеген салқар сағыныштың сәу­лесі екенін сезінесіз. «1979 жылы арман қуып Алматыға келгенде əкем Мұқажан бақилық болды. Əке алдын­дағы өтелмей қалған пер­зент­тік парызымды, кеудеде қалған сағы­нышымды бояумен беруге бекін­дім», дейді қылқалам иесі.

Шығармашылығының ең бір отты жылдарында жазылған «Ана» картинасын өнертанушылар айрықша бағалады. Көрмеге қойылған бірегей туындыға көзі түскен ресейліктер өнер жәрмеңкесінің алғашқы күні-ақ картинаны Сібір мұржайларының біріне алып кеткен. Шеңбер ішіне шебер орналастырылған ана бейнесі, перзент көңілінің перизат өрнектерін тап басқандай. Маңдайындағы әжімі тағдыр жолы секілді тарамдалған ғазиз жанның сұлбасы сәбиіне деген алғаусыз махаббаттың нәзира үлгісі дерсіз. Жүрегіңді атқақтатып, көңіліңді тербейтін сырбаз сағыныш иектеп келіп иіріміне тартады. Кар­тинаға көз суарған зерделі көрер­меннің көңіліне Мұқағали ақынның «Аппақтығы аумайды әрінің де, Әжі­мің де аумайды тәлімің де, Әлем­дегі ананың бәрі бір ме?» деген­ жыр жолдары еріксіз оралатыны анық.­ Өйткені шығармада жан бар, қоз­ғалыс бар, мейірім бар.

Туындының басты мұраты кө­рер­меннің сезімін селт еткізу дей­тін бол­сақ, сұлбаның шынайы ықы­лас­пен салынуына сақ қарайтын суретші өзінің бір сұхбатында бұл тұрғыдағы ойын былайша жеткізеді:

«Рас, бүгінгі техника, компьютер заманында портретті әртүрлі жанрда жасап шығаруға болады. Бірақ адамның шынайы сезі­мін, ішкі жан дүниесін, табиғи толқынысын, күйініш-сүйінішін жасай алмайды. Сондай-ақ сыртқы ұқсастықпен көп суреттер салынып та жатыр… Кеңселерге барсаңыз, әртүрлі портреттер ілініп тұр. Соның бәрін көркем өнер жетістігі деуге келмейді. Шынайы өнер биіктігіне көтеретін портреттер – бір күннің емес, терең зерттеп-зерделеудің, тереңнен танып-түйсінудің, көз ма­йын сіңірген ұзақ еңбектің жемісі!..»

Қожағұлов қолтаңбасында қа­лып­талған тұлғалар тұғыры өз алдына бөлек әңгіме. Оның кене­бін­де Тәттімбет, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев секілді алыптар образы барынша әсерлі бейне­ленген. Бұл портреттерде халқымыз­дың қасиет-қалыбы, ұлттық та­нымымыздағы кие ұғымы, біртуарлар бейнесі арқылы көркем көрініс табады. Шығармадан кейіпкердің тағдырын аша түсер тылсым сыр­ларды аңдайсыз. «Жамбыл тұл­ғасындағы» қызыл жолбарыс, Мұхтар Әуезов портретіндегі Абай, Сағат Əшімбаев портреті фонындағы құлаған жылқының білінер-білінбес сұлбалары соның дәлелі. Тарихи тұлғалар портретін сомдарда мұрағат құжаттарын мұ­қият зерттеп, тұлға сипатын сана­ға әбден сызып алмай, қылқалам ұс­тамайтын суретші киелі өнердің қадірін кетіріп алмауды бас­ты қағи­даға балайды.

2

– Тоққожаның шығармашылы­ғын­да басты бейнелеу құралы – жарық, яғни жарық пен көлеңке реңі мен кереғарлығы. Бұл оның өзіндік қолтаңбаны айқындауға және колорит мүмкіндігін кеңінен пайдалануға ықпал жасайды. Шығармашылық ойды іске асыру барысында порт­­реттегі композициялық түзілім же­текші қызмет атқарады. Тұлғаның кенеп бетіне орналастыру сипаты, қосымша элементтердің жалпы ойды айқындауға қосатын үлесі, олардың бейнеленген адамның мінезін, көңіл күйін, рухани дүниесін тереңдетудегі рөлі өте маңызды. Сонымен бірге тұлғаның қимыл-қозғалысы мен дене қалпы, жай-күйі берілген нысанға ғана тән мәнді реңдерді ашуға көмектеседі. Тоққожа әр сы­зықты, әр жағысты өз орнына қоя білетін жазу әдісі замандастарының, айналасындағы жақын адамдардың төл дүниесін, болмысы мен ішкі дүниесін зор сүйіспеншілікпен әрі шыншылдықпен суреттеуге жағдай жасайды. Әсіресе үлкен адамдардың – анасының, әкесінің бейнелерінде және Абай, Мұхтар, Мұқағали, Жамбыл образдарын сомдаған уақытта күрделі де әр­қилы психологиялық ішкі әлемін бейнелеудің шебері ретінде көрінеді, – дейді Қожағұлов қолтаңбасын терең зерделеген ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Байжігітов.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Жамбыл атындағы, Мұқағали атындағы сыйлықтардың иегері Тоққожа Мұқажанұлы өмірін ұстаздықпен өріп, отыз үш жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Бүгінде оқу ошағының қабырғасынан құрылған «Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры. Туындылары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мұражайлары және Ресей, Түркия, Алмания, Жапония елдері азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.

Әлдекім салған іздерді әуесте­мей өзіне тән жазу мәнерін қалып­тас­тырған Қожағұлов қолтаңбасы кө­рерменін сана биігіне жетелейді. Құрғақ пәлсапа, жаттанды форма­лизм­нен ада. Композициялық пайы­мы па­расатқа шақыратын шебердің еш­кімге ұқсамайтын өзіндік көр­кем дүниесі бар. Оскар Уайлд: «Жан тәнімен жазылған портрет – бей­­неленген адамның емес, соны сал­­ған суретшінің жан дүниесі», дейді. Сызудың техникасынан гөрі, образ­дың болмысын ашуға күш салатын суретші өмірді түс бояулары арқылы қабылдайды.

2

 

АЛМАТЫ