Үкімет • 12 Ақпан, 2020

Медициналық бақылау мейлінше күшейтілді

431 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бек­шин коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай туралы ай­тып берді.

Медициналық бақылау мейлінше күшейтілді

Бүгінге дейін Қытай Халық Респуб­ликасының  провинцияларында корона­вирустық пневмония жұқтырған  40 мыңнан астам (42  638) адам тіркеліп, оның 1016-сы  қайтыс болған және 3 мыңнан астам науқас (3 996) емделіп шыққан.

«Әлемнің 27 елінде 448 адамнан коронавирустық инфекция анықталды. Дегенмен, Қытайда аталған вирустың таралу қарқыны 31 қаңтар мен 11 ақпан аралығында 3,6 есеге төмендеді (22 пайыздан  6,1 пайызға  дейін). Яғни, Қытайда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқаны байқалады. Ал Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы күрес шаралары аясында 6 қаңтардан бері мемлекеттік шекаралардағы пункттерде 260 885 адам тексеруден өтті, оның 30 852-сі Қытайдан келген. Жалпы, дене қызуы жоғары және жедел респираторлық-вирустық инфекцияның симптомдары бар 140 адам  ауруханаға жатқызылды, оның 113-і емделіп шықты, 27-сі стационарда. Науқастардың ешқайсысы­нан коронавирустық инфекция анық­тал­ған жоқ. Медициналық ұйым­дар Қытайдан келген 23 059 адамның денсаулығына тұратын жері бойынша 14 күн бойы мониторинг жасайды. Бүгінде инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты 15 478 адам мониторингтен алынды, 8 690 адам медициналық бақылауда тұр. Ешкімде коронавирустық инфекцияға күдік тіркелген жоқ», деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Сонымен қатар ол Премьер-Министр­дің орынбасарының төрағалығы­мен елімізде коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды үйлестіру жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылғанын, оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері кіргенін тілге тиек етіп, коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылып жатқанын алға тартты.

«ҚХР Ухань қаласынан Ресей Феде­ра­циясына (Түмен облысы – 3 адам) және Өзбекстан Республикасына (5 адам) эвакуацияланған Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының жағдайы қанағат­танарлық, дене қызуы жоқ, ЖРВИ бел­гілері мен шағымдары анықталған жоқ. Сондай-ақ бүгін таңертеңгі сағат 6:05-те Нұр-Сұлтан қаласына Қытайдың 36 қаласынан 217 қазақстандық азамат келді. Барлығы медициналық және зерт­ханалық тексеруден өту үшін кемінде 3 күн мерзімге ауруханаға жеткізілді. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық», деді Жандарбек Бекшин.