Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Отбасы құндылықтарын дәріптейді

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында бұдан екі жыл бұрын «Анаға тағзым» атты арнайы орталық құрылып сәні мен сәулеті келіскен сыңғырлаған су жаңа ғимаратқа орналасты. Сол уақыттан бері республика өңірлері арасында баламасы жоқ әлеуметтік құырылым әйел-аналар мен қыз-келіншектерге қатысты толғағы жеткен проблемаларды шешу мен реттеуге өз үлестерін қосып келеді. Таяуда мұнда тағы бір жағымды жаңалық болды. Яғни аталған ғимарат жанынан «Nur Otan» партиясы аясында «Бақытта отбасы» орталығы ашылып қызмет жасай бастады.

Отбасы құндылықтарын дәріптейді

-Мұны бұған дейін жұмыс істеп келген отбасын сақтау кабинетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің басты көрінісі деп бағалауға болады. Мұндағы мақсат отбасы құндылығын дәріптеуге кеңінен жол ашу, деп мәлімдеді газет тілшісіне «Nur Otan» Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Жаңадан ашылған орталықта кәсіби медиаторлар және заңгерлер мен психологтар тұрғындарға өз тараптарынан тиісті көмектерін беруге бір кісідей жұмылған. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді ортақ әңгіменің арқауына айналдыру, әрі оның оң шешімін бірлесіп іздестіру жолдары да қарастырылған. Бұл үшін өңірдегі мемлекеттік органдар басшылары мен маслихат депутаттарының тұрғындарды тұрақты түрде қабылдау тәртіптері белгіленген.

Отбасының шайқалмауы, ата-аналардың өз ұл-қыздарына үлгі-өнеге көрсете білуі отбасы мүшелері арасындағы татулық пен түсіністік өзара жан жылуы бақытта отбасы атануға апаратын жолдың басы. Әйтсе де өмірде «Шыны аяқ» сылдырлап қалатын жәйттер де кездеседі. Түкке тұрмайтын кикілжіңге бола ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері де орын алып жүргені мәлім. Бақытты отбасы осы мәселелерге байланысты жүргізілетін жұмыстардың жүректерге мейлінше жақын болуын мақсат тұтып отыр. Аталған орталықта қызмет жасап жүрген кәсіби медиатор, өмірден көргені мен көңілге түйгені мол жан Бибігүл Әбдішүкірқызы бұл бағыттағы түйткілдер мен бетпе бет келіп жүргендері жөнінде былайша әңгімелеп берді.

-Бізге Ақтөбе қалалық соты тарапынан ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылармен ашық әңгіме жүргізіп сөйлесу сөйтіп олардың беттерін бері қарату жөнінде қарым-қатынастық құжаттар түсіп тұрады. Екеуінің ортасына түсу өте шетін нәзік әрі сары майан қыл суырғандай күрделі мәселе екені мәлім. Соған қарамастан олармен ортақ тіл табысуға ұмтылып келеміз. Оның нәтижесі жаман емес. Ажырасуға арыз бергендерді үштен екісі қайтадан татуласып ортақ мәмілеге келгені бәріміз үшін мерей. Инстаграм арқылы келетіндер де бар. Сөйтіп өткен жылы шамамен жеті жүзден астам баланың құшағы мен мейіріміне бөлене беруіне жол аша алғанымыз айтуға тұрарлық іс деп білеміз дейді ол.

Оның сөзінен түйсінген тағы бір жәйт ажырасуға бел буғандар жас отбасылардың алпыс пайызы ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтіндер екен. Сондай-ақ жиырма пайыз келіншектер мен әйелдер тұрмыстары мен табыстары тәуір бола тұрса да өздеріне ер азаматпен құқымыз кең деп оларға көкірек көрсетуді әдеттеріне айналдырыпты. Сөйтіп қоасағаларына жұбайылық парыздарын өтеуден бас тартыпты. Мұндай жағдайда орталық мамандары ер мен әйел бейне бір бас мен мойын іспеттес екені жөнінде сөз сабақтап халқымыздың ежелгі өмір сүру салттары мен дәстүрлерінен мысалдар келтіріп отыруды тәжірибеге енгізіпті.

Мысалы ер-азаматтың зайыбы ертерек тұрып жарына шәй қайнатып ұсынса отбасының берекесі мен шырайы кіре түспей ме? Өкінішке орай қазіргі келіндер бұлай істегісі келмейтін сыңайлы. Түсінбестік осындай қарапайым көріністен басталып кетіп жүргені де ешкімге құпия емес. Отбасында ерлердің өз міндеті ал әйелдердің атқаратын тиісті өз қызметі бар екен белгілі. Бұл ежелгі халықтық қағида сақталса да шыныаяқ сылдырлауы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда ер отбасын асыраушы, ал әйел соны үйлестіруші, оқсатушы бола білсе жараспай ма?

Отбасының іргетасы мықты болып, берік сақталуының тағы бір факторы – мейірім мен жылылық. Отбасы мүшелерінің басты парызы да соны алға ұстау болып отыр. Мұндай адами тұрғыдан баурауға әсіресе балалар өте мұқтаж келеді, дейді медиатор маман Бибігүл Әбдішүкір қызы. Ия, бұл расында да құптауға тұрарлық қағида. Бүгінгі әңгімемізді қазақ поэзиясының патриархы Қадыр-МырзаӘлінің отбасылық жылылық пен жақсы көру сезімін дәріптеуге құрылған бір шумақ өлеңімен түйіндегенді жөн көреміз: Бұл шумақтар төмендегіше өріледі:

Кейде ұлым отырады, көп ойынын азайтып.

Бүгін бір де айналайын демедің деп наз айтып.

Кейде жарым отырады өкпелі, Бүгін үйден шығарында сүймей шықтың деп мені.

Кейде мен де отырамын қалың ойдың түбінде, Бүгін бұлар мойыныма асылмады бүгін. Деп. Қайран Қадекең!

 

Ақтөбе